Бестеректегі жол апаты: министр зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты
Опубликовано:
Читать на русском
Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында Абай облысындағы жантүршігерлік апаттан зардап шеккен екі баланың сауығып келе жатқанын жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әлназарованың айтуынша, Астанадағы медицина қызметкерлері командасының жеделдігі мен жоғары біліктілігінің арқасында Абай облысының Үржар ауданындағы жол-көлік оқиғасынан кейін Астана қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған екі баланың жағдайы жақсарды.
"Көптеген ауыр жарақатпен келген қыздың жағдайы тұрақтандырылды, оған ота сәтті жасалды және қазір оның өміріне ешқандай қауіп төнбейді.
Екінші пациентке, жеті жасар балаға бүгін сүйектерін бекіту үшін арнайы металл стерженьдерді пайдаланып, жіліншігіне ота жасалды.
Мұндай заманауи әдіс одан әрі жарақаттану мүмкіндігін, асқыну қаупін азайтуға және қалпына келу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді", - деп жазды Әлназарова.
Министрдің сөзінше. оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттардан бастап медициналық бригадалар балаларға шұғыл және жоспарлы көмектің толық көлемін қамтамасыз етіп, бұл олардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
"Балалардың тезірек сауығып кетулерін тілеймін, ал біздің дәрігерлерге олардың қайсарлығы, біліктілігі мен адалдығы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін", - деп қосты министр.
Еске сала кетейік, 19 тамызда Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді. Сондай-ақ облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын айтты.
Қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барғаны белгілі болды. Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Жол апаты тергеліп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2280647-besterektegi-zhol-apaty-ministr-zardap-shekken-balalardyng-zhagdaiy-turaly-aitty/