ЖРВИ мен тұмауды қалай емдеу керек: отандық дәрігер кеңесі
Опубликовано:
Биыл Астанадағы ЖРВИ мен тұмау маусымы әдеттегіден ерте басталды. Дәрігерлер мәліметінше, науқастар саны әсіресе қараша айының ортасында көп болды. Осы орайда Астана қаласының әкімдігі тұмауды емдеуге қатысты отандық дәрігердің кеңесін назарға ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жағдай бақылауда болса да, дәрігерлер азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертіп отыр. Ауыру қаупін қалай азайтуға болатыны жөнінде №2 қалалық емхана педиатры Раушан Тектібаева айтып берді.
Астанадағы ЖРВИ мен тұмаудың өршуі кезінде дәрігерлер күніне 50-60 баланы қабылдаған. Қазір көрсеткіш төмендегенімен, тұмау маусымы әлі аяқталған жоқ.
"Балалар бір-біріне жұқтырды. Қалада ЖРВИ мен тұмау бірдей таралып жүр. Вирустық инфекция жеңіл өтеді, температураны төмендететін дәрілер көмектеседі, ал тұмау әлдеқайда ауыр өтеді. Жоғары температура байқалады, оны түсіру қиынға соғады. Баланың жағдайы әлсірейді, интоксикация байқалады. Қосымша жөтел, мұрын бітелуі пайда болады", — деді дәрігер.
Педиатр ата-аналарды өз бетінше емделмеуге және алғашқы симптомдар пайда болғанда дереу дәрігерге қаралуға шақырды.
"Жатып демалу қажет. Көптеп жылы сусын ішкізу керек – су, компот, морс. Қантты шырындар мен газдалған сусындарды уақытша беруге болмайды. Бөлмені үнемі желдетіп, дымқылдық деңгейін жақсарту керек, баланы орап тастауға болмайды. Баланың өңі солғын тартып тұрғындықтан, тоңып тұрғандай көрінуі мүмкін, соның әсерінен қалың киіндіргендіктен, дене қызуы тіптен көтерілуі мүмкін.
Температураны түсіретін бірнеше дәріні бір уақытта беруге болмайды. Дәрі берілгеннен кейін температура дереу 36,6 градусқа түсуі керек деп ойлаудың қажеті жоқ. Бір-екі градусқа төмендесе, бұл дәрінің әсер етіп жатқанын білдіреді.
Тұмау кезінде қабыну, пневмония, фарингит, тонзиллит және тағы басқа асқынулар болуы мүмкін. Көздің конъюнктивиті, қызаруы, мұрыннан қан кету де байқалуы мүмкін", – деп түсіндірді ол.
Тағы бір қателік – дәрігердің тағайындауынсыз антибиотик қолдану.
"Бұл қате, өйткені тұмау мен ЖРВИ-де олар көмектеспейді, аурудың себебі вируста, мұндайда антибиотиктің қажеті жоқ. Біз оларды тек қабыну немесе пневмония секілді асқынулар болғанда ғана тағайындаймыз. Ондай жағдайда да дәрігердің нұсқауымен, баланың жасын, салмағын және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып қабылдау керек. Өз бетімен бастауға болмайды, өйткені басқа дәрілер сияқты жанама әсері бар. Қате дозада қолданса, бауыр мен бүйрекке зақым келтіруі мүмкін. Тіпті вирусқа қарсы дәрілерді де тек дәрігердің тағайындауымен ғана қолдану қажет", – деп қорытындылады Раушан Тектібаева.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/health/medical-conditions/2316054-zhrvi-men-tumaudy-qalai-emdeu-kerek-otandyq-dariger-kengesi/