Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда ең көп сатылатын 5 көлік (фото)

Опубликовано:

Былтырғы жыл қазақстандық автомобиль нарығына да оңайға соққан жоқ. Бірнеше мәрте теңгенің құлдырауы мен халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі, ірілі-ұсақты кәсіпорындардың экономикалық қиындықтар көруі көлік саудасындағы бағаны да мың құбылтты. Ақшасы барлардың өзі де арзан көліктерге ұмтылуда.

Kolesa.kz сайтындағы мәліметтерге сүйене отырып, «Қамшы» порталы назарларыңызға 2016 жылдың алғашқы айында ең көп сатылған, бағасы арзан бес көлік маркасын ұсынады.

Тізімге енген бес марканың барлығы да ТМД елдерінде құрастырылатын көліктер. Оның ішінде, біреуі Қазақстан мен Өзбекстан маркасы болса, қалған үшеуі ресейлік көліктер.

Daewoo Matiz

Қазақстандағы ең арзан көліктер тізімін өзбектер құрастырған Matiz бастап тұр. Автосалондар бұл көлік үшін 1 559 000 теңге сұрап отыр. Жарты жыл бұрын 1 059 000 теңгеге сатылған көліктің бағасы биыл біршама қымбаттаған.

Бюджеттік көлік 51 аттың күшіне ие 0,8 литрлік қозғалтқышпен, механикалық 5 сатылы беріліс қорабымен жабдықталған. Мұнда рульдің гидрокүшейткіші, орталық құлып деген жүйелер мүлде орнатылмаған.

Осы ретте бұл маркалы көліктердің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сай Қазақстанға әкеліп сатылуына тыйым салынғанын, салондарға бұрын әкелінген көліктер таусылған соң автомобиль сатылымнан шығарылатынын ескерте кету керек.

Бүгінде салондар бұл көлік маркасын 1 559 000-2 329 000 теңге аралығында саудалауда.

LADA Granta

Өтімділігі жағынан ресейлік LADA Granta да қалыспайды. Бағасының арзандығына байланысты бұл марка Қазақстан көлік нарығындағы ең танымал көліктердің бірі болып отыр. Бұл марка танымалдығы жағынан тек Hyundai Accent көлігіне ғана жол береді екен.

Көліктің ең қарапайым жинағын (комплектация) 1 669 000 теңгеге сатып алуға болады. Lada-ның бұл маркасындағы 1,6 көлемді қозғалтқышы 82 аттың күшіне ие, 5 сатылы механикалық беріліс қорабы бар. Қолайлылық жағынан «Матизден» асып түспейді. Бірақ, артықшылығы ретінде жалғыз қауіпсіздік «жастығы» барын айта кету керек.

LADA Granta -ның ең арзан жинағы 1 669 000 теңге тұрса, ең қымбат жинағы 2 392 000 теңгеден сатылуда.

Geely CK

Арзан көліктер тізімін Қазақстанда құрастырылған қытайлық марка жалғастырады. Geely CK көлігін ресми диллерлер 1 930 000 теңгеге бағалап отыр. Седан 1,3 көлемді 85 аттың күшіне ие қозғалтқышпен және механикалық беріліс қорабымен жабдықталған.

Ең арзан жинағы мен қымбат түрінің айырмашылығы – кондиционер мен ABS жүйесі ғана.  Яғни, екі түрлі жинақ қаңтар айында сәйкесінше 1 930 000 және  2 250 000 теңгеден саудаланған.

LADA Kalina

Төртінші орын бұл тізімде ресейлік LADA Kalinaға тиесілі. Бұл көліктің «Стандарт» үлгісіндегі базалық жинағы 2 013 000 теңгеден сатылған. Жабдықталуы жағынан  LADA Grantaдан еш айырмашылығы жоқ.

Түрлі үлгідегі жинақтарының бағасы 2 013 000 мен 2 748 000 теңге аралығын құрайды.

LADA Priora

Қалтаға жеңіл көліктер рейтингін тағы да ресейлік LADA Priora тұйықтайды. Жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие бұл көлік 16 клапанды 106 аттың күшіне ие 1,6 көлемді қозғалтқышпен, механикалық беріліс қорабымен жабдықталған.

Сондай-ақ, қауіпсіздік «жастығы», ABS жүйесі, орталық құлыбы, борткомпьютері және алдыңғы терезелерді электр көтергіш жүйесі бар. «Приораның» базалық үлгісі 2 038 000 теңгеден, ал, ең қымбат үлгісі 2 493 000 теңгеден сатылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1034533-qazaqstanda-enh-kop-satylatyn-5-kolik-fo/

pixel