Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

20 жылда танымастай өзгерген Сингапур

Опубликовано:

31 жыл бойы Сингапурдың премьер-министрі болған Ли Куан Ю 91 жасқа келіп, өмірден озғанда көзіне жас алмаған адам болмапты деп жазады korrespondent.kz.

Бұл халықтың Ли мырзаны қадірлеп, құрметтейтіндей жөні бар. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі болған Сингапурды 20 жылда дамудың шыңына шығарған, дамыған елдер көшіне кіргізген осы кісі еді. Біздің билік өзіне үлгі тұтатын Сингапур осы биікті қалай бағындырды?

Бәрі 1963 жылы басталды. Сол жылы Малайзия мен Сингапур Ұлыбританиядан өз егемендігін алып, бір мемлекет болып бірікті. Бірақ бұл одақтан түк шықпады. Ел бірлігі бұзылып, ұлттар арасында қақтығыстар жиілеп кетті. Көп ұзамай 1965 жылы Малайзия Сингапурдың еншісін беріп, бөлек шығарды.

Кішкентай ғана арал-мемлекет қиын жағдайда қалып қойды. Өйткені, бұл елдің табиғи байлық түгілі, ішерге суы да жоқ еді. Халық кедей, билік жемқор. Сол кездегі Сингапур мен біздің қазіргі жағдайымыздың арасынан көп ұқсастық табуға болады.

Сингапур тәуелсіздік алғанда Ли мырза көз жасына ие бола алмапты деседі. Кедей елді алда не күтіп тұрғаны жанына батса керек. Дәл сол мезетте алдағы 20 жылда бұл ел танымастай өзгереді, ірі қаржы астаналарының біріне айналады десе, ешкім сенбес еді. Адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім – 55 182 доллар болатынын кім біліпті? Салыстырғыңыз келсе, біздегі адам басына шаққандағы ІЖӨ – 12 000 доллардың төңірегінде.

Жаңа мемлекеттің ұлттық идеологиясы – әдемі, жалаң ұрандарға емес, заң мен тәртіпке бас ұрып, бақуат тұрмыс кешуді мақсат ететін рационалды прагматизмге сүйенді. Олардың арманы – ештеңеге мұқтаж болмай, ешкімге телмірмей күн кешу болды. Халықтың құрамы көпұлтты болғандықтан, әр ұлттың құндылықтарын құрметтеу талап етілді. Мемлекет инвесторларды құшақ жая қарсы алды.

Үкімет басымдық берген мұнай өңдеуші, жеңіл өнеркәсіп, кеме жасау, электроника және жоғары технологиялар саласындағы кәсіпорындардың табыс салығы азайтылды немесе мүлде алынып тасталды. Бұл оларға үлкен көмек болды. Соның арқасында Сингапур әлемдегі бизнеске қолайлы ең үздік мемлекет атанды. Бүкіл инвесторлар бизнес жүргізу үшін осында келетін болды. Жұмыссыздық жойылды.

Сингапурде ауыл шаруашылығы мен энергетикалық кәсіпорындар жоқ. Бірақ соған қарамастан, электроника, кеме жасау, қаржылық қызмет көрсету салалары жақсы дамып отыр. Табиғат байлығынан кенде қалғанына қарамастан, ашық теңізде мұнай өндіруге қажетті орындар ұсынуда алдыңғы орындарда. Жалпы, Сингапур болашақта маңызды рөлге ие болатын салаларды дамытуға барынша күш салады. Мәселен, дәл қазір олар биотехнологияны дамыту үстінде. Ал біз оның не екенін де білмейміз.

Арал болғандықтан, бұл ел осы мүмкіндікті де тиімді пайдалануда. Шағын мемлекеттің кемежайы – әлемдегі екінші ірі порт саналады. «Чанги» әуежайы да екі жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінді. Жылына 36 млн адам осы әуежай арқылы ұшады екен. Салықтар да азайтылған. Әркім табысының көлеміне қарай салық төлейді. Табысың аз болса, салығы да болмашы ғана. Жер көлемі кішкентай болған соң халық көбінде қоғамдық көлікпен қатынайды.

Сингапурдың басты байлығы – халық. Ли Куан Ю халықтың ел дамуындағы рөлін айрықша атап өткен. Сол үшін мемлекет халықтың білім алуы, денсаулығы мен тәртібіне орасан зор қаржы бөледі. Айталық, бюджеттің 20 пайызы – тек қана білімге жұмсалады. Білім алу тегін. 1980 жылдардан бастап жастарды әлемдік беделді оқу орындарында білім алуға жіберетін дәстүр қалыптасты.

Соның арқасында халықтың басым бөлігі ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгерген. Көптеген мамандардың халықаралық білімі бар, демек олар халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті. Міндетті медсақтандыру арқасында бала өлімі кеміді. Жемқорлықты жойып, шетелдік капиталды тарта білудің арқасында елде баспанасыз бір адам жоқ. Тіпті, ең кедей адамның өзіне үй алу үшін жеңілдікпен ипотека беріледі.

Сингапур сондай-ақ, әлемдегі қылмыс аз жасалатын елдің бірі. Бір затыңызды ұмыт қалдырсаңыз, келесі күні қайтып келсеңіз де, тауып аласыз. Бәлкім, оған осы елдегі дүре соғу жазасының да әсері бар шығар. Тәртіп тастай. Өйткені, қоғамдық орында теріс қылық жасай қалсаңыз, төлейтін айыппұлдың сомасы да қомақты. Түкіруге, айналаңды ластауға, арнайы орыннан басқа жерлерде темекі тартуға, тамақ жеуге болмайды. Тіпті бір жылдары елге сағыз әкелуге қатаң тыйым салынған болатын.

Ли Куан Юдың ел мақтайтын бір қыры – жемқорлықты түп-түбірімен құртуы. Ол үшін арнайы бюро да құрылған. Бюро ешкімді аямады. Ешбір сотсыз мемқызметкерлердің есепшотын тексеріп, бір ілік тапса тұтқындап әкететін. Премьер-министрдің жақын досы, даму министрі Те Чин Ванг 1987 жылы жарты миллион сингапур доллары көлемінде пара алып ұсталады.

Сонда ол тілдей хат жазып қалдырып, өзін атып өлтіріпті. Ол хатта «Мен ар-ұяты бар азамат ретінде жасаған қателігім үшін ең үлкен жазаға тартылуға тиіспін» деп жазылған еді. Ли Куан Ю бұл хатты биік мінберде, дүйім елдің алдында оқып берген деседі. Бұл оқиға билікте отырған жемқорларға сабақ болды. Премьер-министрдің ешкімді, тіпті жақын досын да аямайтынын ұқтырды. Сөйтіп, олардың біразы елден қашып, тағы біразы әлі де түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Шенеуніктер пара алмас үшін, олардың айлық жалақысын өсірді. Соттар мен мемқызметкерлердің табысы ірі компания қызметкерлерінің жалақысынан кем болмады. Салыққа қатысты заңдар жеңілдетіліп, лицензия мен рұқсаттар алынып тасталды. Міне, бізге шынымен үлгі болатындай ел деп Сингапурды айтса болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1113435-20-zhylda-tanymastay-ozgergen-singapur/