Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық арна жаңа жылды ерекше қарсы алмақ

Опубликовано:

https://kaztrk.kz/kz/a/16771

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы келе жатқан 2017 жылды ерекше қарсы алады. Жаңа жылдың басты оқиғасы – «Сәлем, 2017» музыкалық шоуы. Көрермен кеш бойына әзіл-сықаққа толы бағдарламаны тамашалап қана қоймай, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарын жаңа қырынан таниды.

Назарларыңызға Жаңа жыл қарсаңында эфирге шығатын бағдарламалар топтамасын ұсынамыз.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының 2016 жылдың 30 желтоқсандағы эфирі әдеттегідей таңғы сағат 07:00-де «Таңшолпан» бағдарламасынан басталады. Жаңа жыл мерекесіне орай «Таңшолпан» арнайы шығарылым ретінде әзірленеді. Тауық жылы туралы қызықты сюжеттер көрсетіледі, танымал тұлғалар жаңажылдық тілектерін білдіреді, ал әншілер әсем әннен шашу шашады.

Эфирді кішкентай көрермендерге арналған «Диснеймен бірге!» топтамасы жалғастырады. Сағат 10:05-те сиқыр мен қуанышқа толы «София ханшайым» мультфильмі басталады. Кішкентай София ханшайым болуды үйреніп қана қоймай, өзінің өгей әпкесімен тіл табысады. Қыз балалар үшін өте қызықты мультфильм болмақ.

Ал, 13:00-де «Бірге таңдаймыз!». Бұл күні бағдарламаның тұрақты аспазы өзі әзірлеген тағам түрлерін балалар үйіне апарады, студияда қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар қарттар үйіне үлестіріледі. Бағдарлама қонақтары жағдайы жоқ көпбалалы отбасыға киім-кешек, азық-түлік жеткізеді және бағдарлама ұжымы құстарға ұя жасап, ағашқа іледі.

Бұл күні «Жан жылуы» бағдарламасының жаңажылдық шығарылымы эфирге шығады. Қорытынды хабарда 2016 жылы көмек алған кейіпкерлер туралы әңгіме өрбиді, олардың бүгінгі өміріне шолу жасалады.

Көптің көзайымына айналған «Әйел бақыты» әйелдердің бақытымен бөліседі. Студияға сәби сүюді көп жыл армандаған Айнаш есімді кейіпкер кішкентай баласын алып келеді. Сондай-ақ, 55 жасында өз бақытын тапқан Айткүл қуанышымен бөліседі.

2016 жылдың соңғы жұмасын 20:45-те басталатын «Жыл таңдауы» Ұлттық телевизиялық музыкалық жүлдесі қорытындылайды. Бағдарламада биылғы жылдың үздік әндеріне таңдау жасалады. «Жыл таңдауы» кешіне хит-парад көшін бастап тұрған әншілермен қатар, өнер жолына енді аяқ басқан орындаушылар да қатысады.

2016 жылдың соңғы күні, 31 желтоқсанды сағат 9:00-де «Сенбілік таң» бағдарламасы бастайды. Бұл бағдарламада әнші, актриса, ҚР «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Салтанат Бақаеваның отбасымен сұхбат болады. Салтанаттың кішкентай кезінде қандай болғаны туралы эксклюзивті сұхбат жүргізіледі, балаларының өмірде өз орнын табуы үшін түрлі қиындыққа барған ата-ана өз оқиғасын Гүлмира Дайрабаеваға айтып береді.

Егер де бұл күні дастарханға жаңа тағам қоямын десеңіздер, «Ас болсын!» бағдарламасын өткізіп алмаңыздар. 11:55-те «Оливье» салатын дайындаудың тағы бір тәсілі көрсетіледі.

Бұл күні сағат 18:40-та және 20:40-та сіздерді экран алдында Тұрсынбек Қабатов күтеді. Назарларыңызға «Әзіл әлемінің» 1-2 бөлімдерін ұсынамыз.

22:00-де жаңажылдық «Сәлем, 2017» шоу бағдарламасы басталады. Бұл бағдарламада сүйікті әншілер басқа қырынан танылады. Әні мен әзілі жарасқан «Сәлем, 2017» бағдарламасын Ұлттық арнамен бірге көріңіздер!

31 желтоқсан күні «Kazsport» телеарнасы көрермендермен бірге өтіп бара жатқан 2016 жылдың спорттағы ең қызықты сәттерін еске алады.

Таңғы 8:50-де көрермен назарына мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің «Гран-При» сериясы «Trophee de France 2016» жарысындағы еркін бағдарламалық қойылымы ұсынылады. Аталған сында Денистің бұл маусымдағы ең жоғары көрсеткіші тіркелгені белгілі.

Сағат 10:35-те «Kazsport» на Казахском радио» бағдарламасында қонақта болатын Әлия Юсупова еліміздегі көркем гимнастика мен спорттың дамуы жайлы ой бөліседі.

Сондай-ақ, кәсіпқой бокс көгінде жарқыраған қос жұлдызымыз Геннадий Головкин мен Қанат Исламның таңдаулы жекпе-жектері көрсетіледі. Сағат 10:55-те 2016 жылдың басты бокс кешіне айналған Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы жекпе-жек эфирге шығады, сағат 14:50-де көрермен Геннадий Головкиннің Келл Брукқа қарсы өткізген кездесуін қайталап көре алады.

Сағат 16:50-де «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің теленұсқасы эфирге шығады. «Kazsport» телеарнасының шығармашылық тобы Жаңа жыл қарсаңында көрерменге бірқатар жаңа жоба дайындады.

Сағат 14:20-да 28-Қысқы Универсиада тақырыбына арналған «Медальный счет белых Универсиад» жобасы эфирге шығады. 15:45-те «Феномен GGG» атауымен арнайы репортаж болады. Бағдарламада Головкиннің 2014-2016 жылғы жекпе-жектері мен әлем чемпионының жер-жаһандағы жанкүйерлері туралы айтылады.

Жаңа жыл кешінің тағы бір үлкен жобасы – «Еуропа чемпионатының жаңғырықтары» деректі фильмі. Көрермендер 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қызықтарын тағы бір мәрте еске алады.

«Балапан» телеарнасының да өз көрерменіне берері мол. Мереке күндері «Қош келдің, Жаңа жыл!», «Жаңа жылдық хикая. Кішкентай құтқарушылар», «Төрлет, төрлет, Жаңа жыл!» және тағы басқа көптеген қызықты бағдарламалар ұсынылады.

«Қазақстан» ТРК» АҚ қарасты Қазақ радиосы, «Шалқар», «Астана», «Classic» радиоларына келер болсақ, 30 желтоқсан күні сағат 18:00 мен 00:00 аралығындағы «Астана түні» бағдарламасы Жаңа жылға арналады. Жалпы, 30-31 желтоқсан аралығында радиоларымыздан өтетін бағдарламалардың барлығында 2016 жылға қорытынды шығарылып, жаңажылдық құттықтаулар беріледі.

2016 жылдың 31 желтоқсанын сағат 23:50-де Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен мерекелік құттықтауы тәмамдайды. Одан әрі қарай мерекелік бағдарламалар жалғасын табады.

*PR құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1360899-ulttyq-arna-zhanha-zhyldy-erekshe-qarsy-al/

pixel