Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кеңес Одағының Батыры атанған қазақстандықтарды білесіз бе

Опубликовано:

Қазақ батырлары
Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың бейнесі. Көрнекі сурет: jambylinfo.kz

1941-1945 жылдар аралығында күллі әлемді дүр сілкіндірген ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы қазақ халқының өмірінде де үлкен таңба қалдырды. Зұлмат жылдарда елді жаудан қорғау үшін Қазақстаннан жалпы есебі 1 миллионнан аса жауынгер аттанған.

Алексеенконың "Қазақстандағы демографиялық дағдарыс" кітабында жазылған мәліметке сенсек, соғыс жылдарында Қазақстан 600 мыңнан аса тұрғынынан айырылған. Соғыс кезінде қайтыс болғандар саны 279 мыңнан асады, 43 мыңға жуық сарбаз госпитальдарда жан тапсырса, 271 мыңнан аса адам үйіне қайта оралмай, із-түзсіз жоғалғандар санатына енген.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 499 қазақстандық азамат Кеңес Одағының батыры атағын алған. Оның ішіндегі тоқсан тоғызы – этникалық қазақтар. Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте алғандар қатарында ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов және ұшқыш-жойғыш С.Д. Луганский бар.

Қазақ қыздарының ішінде екі адам – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова Кеңес Одағының батыры атағын алған. 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Ал ұшқыш Хиуаз Доспановаға "Қазақстанның Халық қаһарманы" атағы берілді.

Әлия Молдағұлова, Кеңес Одағының батыры

Әлия Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. Қазақтың мерген қызы. Ұлы Отан соғысы кезінде 54-ші атқыштар дивизиясының атқыштар құрамында ерлік көрсеткен. 1935 жылы Әлия әскери-транспорттық академияға оқуға түседі. 1944 жылдың қаңтарында құрамында Молдағұлова бар 54-атқыштар дивизиясы Насва станциясындағы теміржолға шығады.

Ворошиловскийдің естелігі бойынша, сол шайқаста жау кеңес әскерилерін тоқтаусыз оқпен күтіп алған. Сол шайқаста Әлия Молдағұлова үш рет жау оғына тойтарыс берген. Аталған шайқаста фашистер кеңес әскерінің алдыңғы шебін атып тастайды. Сол сәтте басылып, бас көтере алмай қалған батальонды жауғы қарсы Әлия бастап шықты. Ол: "Бауырлар, Алға" деп айғайлап, жаудан беті қайтып қалған майдандастарын алға жетелеген. Сол шайқаста Әлия жау оғынан ерлікпен қаза тапты.

1944 жылдың 4 маусымында қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бүгінде Әлияның атына көптеген мектеп, көше, ауыл атаулары берілген. Әлия Новосокольник ауданының Монакова ауылында жерленген.

Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының батыры

Талғат Бигелдинов – гвардияның аға лейтенанты, гвардиялық авиациялық полк командирінің орынбасары, ұшқыш-шабуылдаушы. 1940 жылдан бері Қызыл Әскер қатарында. 1942 жылы Астрахань қаласындағы ұшқыштардың авиациялық мектебін бітірген. 1943 жылдан бері Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ең алғаш рет соғыс аспанына 1943 жылдың 17 ақпанында көтеріліп, көп ұзамай жаудың шабуылдаушы ұшағын жарып жіберді. Ал Харьковтегі шайқас кезінде жау қолынан жарақат алып, емделген соң қатарға қосылды. Талғат Бигелдинов 1944 жылдың маусымында 155 рет әуе шабуылын жеңіспен аяқтап, жау бекіністері мен аэродромдарын, жау әскері жиылған топтарды талқандаған. Ол 1944 және 1945 жылдары соғыс аспанында көрсеткен ерлігі үшін екі дүркін Кеңес Одағының батыры атанды. Сондай-ақ, Талғат Бигелдинов 1945 жылдың 24 маусымында өткен Жеңіс парадында абыроймен жүріп өтті.

Мәлік Ғабдуллин, Кеңес Одағының батыры

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы Көкшетау облысы, Зеренді ауылында дүниеге келген. 1941 – 1946 жылдары даңқты генерал Панфилов басқарған атқыштар дивизиясы сапында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыс аяқталып, елге оралған соң Ғабдуллин ғылыми-педагогикалық мекемелерде жұмыс істеді. Ал майдангердің жазушылығы туралы әңгіме бір бөлек. Ол "Менің майдандас достарым", "Майдан очерктері", "Сұрапыл жылдар" шығармаларын жазып, қазақ әдебиетінің өркендеуіне де үлес қосты. 1943 жылы Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Сағадат Нұрмағамбетов, Кеңес Одағының батыры

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Алматы облысы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Польша, Германия, Молдова, Украина, 1 Белорус, Солтүстік Кавказ майдандарына қатысып, Гитлердің канцелиярсын шабуылдаға атсалысқан. Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының батыры атағынан бөлек, Армия генералы, Халық қаһарманы атақтары берілген. Сондай-ақ, Сағадат Нұрмағамбетов Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде тарихта қалған.

Мәншүк Мәметова, Кеңес Одағының батыры

Мәншүк Мәметова Калинин фронтындағы 101-атқыштар дивизиясының пулеметшісі, аға лейтенант. Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш болып Кеңес Одағының батыры атанды.

1922 жылы Орал губерниясына қарасты ауылда дүниеге келген. Қызыл Әскер қатарына 1942 жылдың қыркүйегінен бастап алынған. Алғашында 101-қазақ атқыштар дивизиясының хатшысы, кейін медбикесі болды. Кейін пулеметшілер курсын аяқтайды. 1943 жылдың 15 қазаны күні басынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, ерліктің үлгісін көрсетіп, пулеметпен жаудың 70-тен аса сарбазының көзін жояды. Сол шайқаста ол ерлікпен қаза тапқан. 1944 жылдың 1 наурызында Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Әлия, Мәншүк
Шығыстың қос жұлдызы - Әлия мен Мәншүк. Көрнекі сурет: sputnik.kz

Нүркен Әбдіров, Кеңес Одағының батыры

Нүркен Әбдіров 808-авиациялық полктың ұшқышы. 1919 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1940 жылдан бері Қызы Әскер қатарында болған. 1941 жылы Ворошилов атындағы әскери-авиациялық академияны бітіріп, 1942 жылдың 28 қазанынан бастап соғысқа қатысқан.

1942 жылдың 19 қазанында Нүркен Әбдіров бастаған ұшқыштар төрттігі жаудың жанар-жағармайы мен зениттік артиллериясы орналасқан қойманы шабуылдай бастайды. Алайда, жаудың қарсылығы қатты сезіліп, фашистер қарсы оқ жаудыра бастаған. Ол жау оғынан қатты соққы алған майдандасының ұшағына көмекке келеді. Алайда, оны құтқару мүмкін болмады. Кейін Нүркен Әбдіровтың ұшағына да жау оғы тиеді. Ол қасындағы радиске секіруді бұйырған. Бірақ майдандасы бас тартқан соң құлап бара жатқан ұшағын жаудың танкілері мен бензовозы орналасқан қоймаға бағыттайды.

Соңғы шайқасында Әбдіров 6 танкі, 2 зениттік артиллерия, жаудық 20 сарбазы мен офицерін өлтірген. Ал жалпы өткізген 16 шайқасында 12 танк, 28 машина, 3 зениттік артиллерия мен жанар-жағармай цистерналарын талқандады.

Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының батыры

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, жауға қарсы шайқасады.

sputnik.kz сайтында жарияланған мақаланы негізге алсақ, Бауыржан Момышұлы соғыста жүріп өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шығып, 5 рет жау қоршауын бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен дивизиясына аман-есен қосылған. Бауыржан Момышұлының тактик және стратег қасиеттерінің арқасында "ошақты", "икемді қорғаныс" деген жаңа ұғымдар қалыптасты. Ол әскери психология мен педагогиканы байытуда баға жетпес мұралар қалдырды. Оның көптің бойынан табыла бермейтін бірегей қасиеттерін еврей, неміс, чех, француз және ағылшын тілдеріне аударылған Александр Бектің "Волоколам тасжолы" атты кітабынан көруге болады.

Соғыстан кейінгі 1946-1948 жылдары Бауыржан Момышұлы Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы, 1948-1950 жылдары 49-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқарады. Кейін 1952 жылы кеңес армиясы бас штабының жанындағы жоғары әскери академияны аяқтайды. Бес жыл студенттерге ұстаз болып, 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан соң елге оралады.

Соғыста жүрген шағында "Жардың мұңы", "Ғ-ға", "Ана тілін ардақта", "Досыма", "Толғау", "Серігім", "Жазушыға", "Қалыбек аға", "Біреулерге", "Омарбекке" сынды өлеңдер жазған. Ал көрген-білгендерін арқау еткен кітаптары 1952-1956 жылдары "Офицердің күнделігі", "Бір түннің тарихы", "Біздің семья" атауларымен басылып шықты.

Бауыржан Момышұлы 1942 жылы 6 маусымда "Қызыл ту" орденімен, 1944 жылы 6 маусымда "Мәскеуді қорғағаны үшін" медалімен, 1945 жылы шілдеде 1 дәрежелі "Отан соғысы", "Құрмет белгісі" ордендерімен, "Қызыл жұлдыз" орденімен 2 рет марапатталды. Ал Кеңес Одағының Батыры атағы 1990 жылы берілді.

Нарсұтбай (Нұрсұлтан) Есеболатов, Кеңес Одағының батыры

Нарсұтбай Есеболатов 1913 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Есеболатов ауылында дүниеге келген. 1938-41 жылдары Алматы трамвай тресінде жұмыс істеген.

1941 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылған. Сол жылы 16 қарашада Мәскеу облысы, Волоколам ауданы, Дубосеково темір жолы айырмасында танкіге қарсы шайқасатын топтың құрамында (саяси жетекші В.Г.Клочков бастаған) жаудың бірнеше шабуылына тойтарыс беруге және 18 танкісін жоюға қатысты. Осы шайқаста Есеболатов ерлікпен қаза тапты. Волоколам ауданының Нелидово деревнясындағы бауырластар зиратына жерленді. Бұл ерлік 28 батыр-панфиловшылар ерлігі деген атпен тарихқа енді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Есеболатовқа Кеңес Одағының Батыры атағы, Ленин ордені және "Алтын Жұлдыз" медалі берілді.

Панфиловшылар ескерткіші
28 гвардияшы Панфиловшылар ескерткіші. Көрнекі сурет: visitalmaty.kz

Жақыпбек Махамбетов, Кеңес Одағының батыры

Жақыпбек Махамбетов 1912 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. ІІ дүниежүзілік соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры. 1943 жылы ақпанда Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1943 жылы қазан айында Днепр үшін болған шайқаста пулеметші Махамбетов асқан ерлік үлгісін көрсетті.

Ол немістің ірі калибрлі зеңбірегін, бір танкісі мен үш автокөлігін жойып жіберіп, 90-ға тарта жаудың көзін құртты. Соғыстан кейін Сырдария, Тереңөзек аудандарында ұжымшар, ауылдық кеңес төрағасы, кеңшар бөлімшесінің басқарушысы болып қызмет атқарды.

Әлиасқар Қожабергенов, Кеңес Одағының батыры

1917 жылы Талдықорған облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. Ол 28 гвардияшы панфиловшылардың бiрi, Кеңес Одағының Батыры. Балалар үйiнде тәрбиеленген. Ұлы Отан соғысына дейiн Қаратал ауданында тракторист болып істеген.

Әлиасқар Қожабергенов 1941 жылы Қызыл Армия Қатарына шақырылып, Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкiнiң құрамында ұрысқa қатысты. Мәскеу түбiндегi Дубосеково разъезiнiң жанында болған кескiлескен шайқаста ол өз жолдастарымен бiрге өшпес ерлік көрсетіп, батырлықпен қаза тапты.

Кенжебек Шәкенов, Кеңес Одағының батыры

Кенжебек Шәкенов 1924 жылы 22 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған. 2001 жылы өмірден өткен. Ұлы Отан соғысына қатысқан, сержант.

7-сыныпты бітірген соң "Боко" руднигінде әуелі кара жұмысшы, кейін ауысым шебері болып істеді. 1942 жылдың тамызында Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1943 жылы Ташкенттегі пулемет училищесін бітірген соң майданға аттанды.

62-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрылып болысымен, Днепр жағалауына жылжып келді де, 2-Украина майданының 37-армиясы құрамына енгізілді. Днепр бойында кескілескен шайқастар болып жатты. Осы уақыт ішінде 184-гвардиялық атқыштар полкі Днепрдің оң жағалауына етіп, қолайлы бекініске орнықты. Келесі күні таң ата полк шабуылға көшті. Жауынгерлік күзетте болған пулеметші Шәкенов жаудың 3 рет жасаған шабуылын тойтарып, 17 әскері мен офицерін және ірі калибрлі пулеметін жойды. ¥рыс кезінде 2 рет жараланды.

Днепрден өтуде көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Шәкеновке КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (22.2.1944). 1944 жылы наурызда Ашхабадтағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. Ленин орденімен, көптеген медальмен марапатталған. Соғыстан кейін Тараз қаласындағы құрылыс тресінде қызметте болды.

Иван Журба, Кеңес Одағының батыры

Иван Михайлович (Макарович) Журба 1915 жылы Қостанай облысы, Федоров ауданы, Белояровка селосында дүниеге келген. 1962 жылы өмірден өткен. ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан, лейтенант, рота командирі. 1941 жылы педагогикалық институтты бітірген. Сол жылы күзде Қызылорда әскери комиссариатынан Кеңес әскері қатарына шақырылған.

1943 жылы офицерлер құрамын жетілдіру курсын бітірді. 23-гвардиялық мотоатқыштар бригадасы (1-Украина майданы, 3-гвардиялық танк армиясы, 7-гвардиялық танк корпусы) атқыштар ротасының командирі, гвардия кіші лейтенанты болған.

Журбаның ротасы 1943 жылы қарашаның басында Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып өтті. 1943 жылдың 4-5 қарашасында жау қорғанысын бұзып, Святошино селосын (Киев қаласының маңы) азат етіп, жау тылындағы Киев - Житомир тас жолын басып алды. Бекіністі негізгі күш келіп жеткенше қорғады. Осы ерлігі үшін Иван Журбаға 1944 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыс аяқталған соң запасқа шығып, Қызылорда қаласында жұмыс істеді. Ленин, Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1677638-kenhes-odaghynynh-batyry-atanghan-qazaqs/