"25 жасында таққа отырған": күллі қазақ қадір тұтатын Абылай хан туралы қызықты мәліметтер
Жарияланған күні:
Абылай хан - қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Күллі қазақ қадір тұтатын Абылай ханның билік еткен жылдары қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келді. Тапқырлығымен, даналығымен бүкіл елді ақ тудың астына жинаған хан Абылай көзі тірісінде әулие атанған тұлғалардың бірі. Сол себептен де Абылай хан билік жүргізген жылдар қазақ тарихында алтын ғасыр саналады. Бұл жазбамызда атақты Абылай хан туралы қызықты мәліметтер ұсынамыз.
Абылай ханның қиындыққа толы балалық кезеңі
Абылай хан – үш жүздің қолдауымен Қазақ хандығының ханы атанған Көркем-Уәли сұлтанның ұлы, Қанішер Абылайдың немересі, Барақ ханның ұрпағы. Ол 1711 жылы арғы тегi Жошы ханнан тарайтын танымал тұлғалардың шаңырағында дүниеге келген. Қанды жорықтары үшiн қанiшер атанған атасы Уәли даңқты әскербасы болған. Өз әкесiнiң де аты – Уәли. Көрiктi, келбеттi болғандықтан жұрт оны көркем Уәли деп атап кеткен. Ол – әйгiлi заңгер әрi қоғам қайраткерi Есiм ханның ұрпағы.
Абылай ханның шын есімі – Әбілмансұр. "Абылай" жоңғардың батыры Шарышпен жекпе-жекте жеткен жетістігі үшін берілген лақап аты. "Абылай" есімінің берілуіне атасы Қанішер Абылайдың да қатысы бар.
Кейбір деректе Абылайдың анасы түркмен күңі болған делінеді. Он екі жасында әкесі жоңғар Цеван Рабданның қолынан қаза болған. Жас кезіндегі лақап аты "Сабалақ" болған. Оған бұл лақап атты Ташкенттен он шақырым жердегі Қарақамыс деген жерде Төле бидің түйелерін бағып жерген кезде бидің өзі қойған. Әбiлмансұр жетiмдiктiң зардабын ерте тартады. Ел кезiп, жүрiп, кейде далаға, кейде қаңыраған қапас қоралар мен ескi зираттарға түнейдi. Сонда оның бойына күш-қуат берiп, тағдырдың тауқыметiне мойынсұнбауына көмектескен әрі тіршілік нәрін берген осы дала топырағы едi.
Абылай хан неше жасында хан сайланды?
Абылай хан ел арасында соғыста көрсеткен ерлігі үшін жиырма жасында танылған. Жиырма бес жасында таққа отырған. Абылай ханның кеңесшісі ретінде Бұқар жырау қасында болған. Жанұзақ Қасымбаевтың "Абылай хан" кітабында Абылай хан туралы мынадай мәлімет берілген:
Абылай ханның билiк басына келуi қиын-қыстау заманға тап келедi. Бұл патшалық Ресейдiң саяси қысымы күн санап арта түскен кезi еді. Цин-Манчжурия империясы да көршi аймақтарға көз алартып, арам пиғыл танытып отырған шақ болатын. Сонымен бірге шекаралас жатқан ұсақ тайпалармен және ұлыстармен үзiлiссiз жүрiп жатқан соғыс та Қазақ мемлекетiнiң тұтастығын едәуiр әлсiреттi. Өзара iшкi кикiлжiңдер iрi ұрыс-таластарға ұласып, ел iшiндегі жағдайды асқындыра түстi.
Осындай қиыншылықтарға қарамастан, Абылай хан жалпы қазақ мемлекетiнiң саяси бiрлiгiн бiрте-бiрте қалпына келтiрді. Өз хандығын маңайындағы дұшпандары мен қаскөй көршілері мойындайтындай iрi мемлекетке айналдырды. Оның данышпандығы мен көрегендiгi арқасында кең байтақ Ұлы Далада ұзақ уақыт бойы бейбiт заман орнады.
Абылай хан қандай саяси шешімдер қабылдады?
- 1740 жылы Әбілмәмбет хан бастаған Абылай және тағы 120-ға жуық сұлтандар Орынборға барып Ресейдің Орта жүзді өз қарамағына алуы туралы келісім шартқа қол қойды.
- 1742 жылы Абылай Ішім өзені бойындағы ойраттармен соғыс барысында тұтқынға түсті. Осыған дейін жоңғарлармен соғыста олардың атақты батырын өлтірген Абылай, тұтқында болған бір жылдың ішінде монғол тілін үйреніп, Қалдан-Сереннің жиі қонағы болған.
Аңыздарға сүйенсек, тұтқында Абылай ойраттың белгілі батыры Әмірсанамен жақын араласқан. Абылайды бір жылдан соң айырбас жасап, еліне қайтарған. Абылайдың тұтқыннан босап шығуына орыс елшісі Карл Миллердің атсалысқаны туралы дерек бар.
- 1744 жылы Әбілмәмбет хандықтың орталығын Түркістанға алмастырды.
- 1746 жылғы қонтайшы Қалдан-Сереннің өлімінен кейін, Цин империясы жоңғарларды жаулап алып, қазақ жеріне көз тікті. Абылай әуелі ойрат әміршісі Әмірсанаға қолдау көрсетті, дегенмен кейін Цин империясымен бірігіп жоңғарларға қарсы шығуға мәжбүр болды. Орыс тарихшысы А.Левшиннің айтуынша, Абылай жоңғар мемлекетімен де қарым қатынасын бұзғысы келмеген, сондықтан да екі жақпен де келісімге отырған.
- 1753 жылы жоңғарлармен болған соғыста Абылай қазақ даласының біраз бөлігін босатып, 3000-ға жуық ойрат әскерін тұтқынға алды.
- 1754-1755 жылы қазақ жеріне қырғыздар басып кіріп, Жетісудің бір бөлігін жаулап алды. Қырғыздарға жауап ретінде Абылай қалың қол жинап, Іле мен Шу аралығын қайтарып алды.
- 1756 жылы Орта жүздің сұлтандары мен ханы манджур мемлекетінің билігін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ, Абылай Ресей мемлекетімен байланысын үзбеді. "Айдахар мен аю" арасындағы ұтқыр саясатты ұстанып, Цин империясымен де қатынаста болды.
- 1759 жылы Абылай Ресей қарамағында болу ниетімен туысқаны Жолбарысты Петербургқа жібереді.
- 1762 жылы Қытай елшілігімен жүргізген келіссөзден соң Абылай аманат ретінде туған баласын Пекинге аттандырады, нәтижесінде қытайлар қазақтарға Чугучак және Құлжада айырбас саудамен айналысуға рұқсат берді.
- 1771 жылы Әбілмәмбет хан дүниеден өтті. Ал дәстүр бойынша таққа оның баласы немесе туысқандарының бірі отыруға тиіс болатын, бірақ Қанай би бастаған жүзбасылар бірауыздан Бурабайға арнайы барып, Абылайды хан сайлады.
Абылай өзін үш жүздің ханы санап, орта және кіші жүздердің аумағында билік құрды. 1771-1775 жылдар аралығындағы соғыста Е.И.Пугачевпен қарым-қатынас орнатқан. Сонымен қатар, орыстарменде келісімдер жүргізген. 1778 жылы Екатерина ІІ-нің жарлығымен тек қана Орта жүздің ханы болып сайланды.
Абылай ханның неше баласы болған?
Абылай ханның 15 әйелінен 30 ұлы, 40 қызы болды. Қарақалпақ бегі Сағындық Шуақбайдың қызы Сайман ханымнан төрт ұлы дүниеге келді:
- Есім;
- Әділ;
- Шыңғыс;
- Уәли.
1781 жылы Абылайдың өлімінен соң Уәли мен Есім хандыққа үміткер болды, ұзақ уақытқа созылған талас-тартыстан кейін Уәли хан болып сайланды.
Абылай хан Қазақ хандарының мавзолейі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Өзінен кейін отыз ұлын қалдырған ханның, белгілі ұрпақтарының бірі Шоқан Уәлиханов болған.
Абылай ханның дәуiрiнде Қазақ жері мемлекетке тән дәстүрлi белгiлерге толық ие біртұтас елге айналды. Өзiндiк басқару жүйесi, барлық ел мойындаған шекарасы, әлеуметтiк жағдайды ұйымдастырудың ерекше тәсiлi қалыптасты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1683864-abylay-khan-turaly-qyzyqty-malimetter/