Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі туралы кез келген қазақстандық білуі керек 10 дерек

Жарияланған күні:

Қода Ахмет Яссауи кесенесі
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің сыртқы көрінісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ортағасырлық сәулет өнерінің теңдесі жоқ жәдігері саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесін тамашалау үшін Түркістан шаһарына әлемнің түкпір-түкпірінен меймандар келеді. Бұл жазбамызда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қатысты қызықты ақпараттар ұсынамыз.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тарихы қай кезеңнен басталады?

Заманында мықты қолбасшы болған Әмір Темір Орталық Азия жерін жаулап, өз ізін қалдырды. Ол Түркістан қаласында (ол кезде Ясы деп аталған) орналасқан ең маңызды ескерткіштерінің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салдырды. Кесене діни тұрғыдағы маңыздылығымен зиярат етушілерді бұрыннан қызықтырып келеді. Орталық Азиядағы ең үлкен күмбезді кесенеге келушілердің дені бұл орынның асқан шеберлікпен салынғанын байқай алады. Бұдан сол дәуірдегі сәулет өнерінің қандай болғанын аңғаруға болады.

visitworldheritage.com сайтындағы "Mausoleum of Khoja Ahmed Yasawi" жазбасында кесененің салыну тарихы жайлы мынадай деректер берілген:

Тарихта ең табысты әскери қолбасшылардың бірі болған Әмір Темірдің қатыгездігі жайлы жазылған жазбалар да жоқ емес. Ғалымдардың есебі бойынша Темір XIV ғасырда Орта Азияда соғыс жүргізгенде оның әскері 17 миллионға жуық адамды өлтірген деген дерек бар. Ол құрған империя шығыста Үндістаннан батыста Түркияға және Ресей мен Таяу Шығыстың шеткі аймақтарына дейінгі бүкіл Орталық Азияны қамтыды.

Әмір Темір қаншалықты қатігез болса да, дін мен өнердің құдіретіне бас иген еді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға да осы қасиеті себеп болды. Ол Түркістан төңірегін жаулап алғаннан кейін сол кездегі атақты Ясы қаласында үлкен кесене, мешіт, медресе салуға бұйрық берді. Түркістан қаласы ортақ тарихи-мәдени дәстүрлерді бір арнаға тоғыстырды. 12 ғасырдың ардақты тұлғасы Қожа Ахмет Яссауидің қабірін белгілей отырып салынған кесене сол кездегі мәдениет, дін мен өнерді үйлестірді.

Саяси тұрғыда ғана емес, маңызды ескерткіш жасағысы келген Темір патша кесененің жобасын жасауға өзі қатысқан деседі. Ол алдымен Шираз және Исфахан сияқты өнер орталықтарынан шебер құрылысшыларды шақырды. Жаңа құрылыс жобасы өте сәтті болғандықтан, Темір мұны Самарқандта да қолданды. Қазіргі күні саяхатшылар Тәж-Махалдан сол кезеңдегі сәулет өнерінің шарықтау шегіне куә бола алады.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі 1389 жылы пайдалануға беріліп, 1405 жылы Темір қайтыс болғаннан кейін аяқталмай қалды. Осыған байланысты кешеннің кіреберісі мен ішкі бөлігінің кейбір бөліктері жасалмаған. Бірақ ашық түсті күмбезді үлкен ғимарат тез арада Түркістан мен Қазақстанның мәдени мұрасының символына айналды.

Қала 16-18 ғасырлар аралығында Қазақ хандығының астанасы болды, сауда мен қолөнердің маңызды орталығына айналды. Ал кесене қай кезде де мәдени және діни орталық ретінде белгілі. ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Күлтөбеде ұрпақтан-ұрпаққа талай би, батыр, ардақты хандар жерленген.

Көк түсті күмбез
Күмбез және арабша жазбалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қожа Ахмет Яссауи кім болған?

1103 жылы дүниеге келген Ахмет Яссауи ислам сенімінің тылсым көрінісі болып саналатын сопылық ілімнің дамуына ерекше ықпал еткен рухани көсем болды. Яссауи өлеңдерімен, тағылымымен көшпелі түркілердің ислам дінін таратудағы маңызды рөлін көрсетті. Ахмет Яссауи ХІІ ғасырда бірнеше аймақтық мектептерге айналған сопылықтың түркі тармағының басшысы бола білді.

Аңыздарда Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы оны түйеге мінгізіп, түйенің аялдаған жерін мекендеуді бұйырған көрінеді. Ол ежелгі Ясы қаласы, қазіргі Түркістан болып шыққан. Алайда оның ілімінен басқа өмірі туралы мәлімет аз. Ол Ясыға қайтып оралғанға дейін Бұхарада біраз уақыт ислам дінін зерттеген деседі. Ежелгі жазбалар оның өмірінің соңғы жылдарын жерасты мешітінде өткізгенін көрсетеді.

Кесене келбеті
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің келбеті. Көрнекі сурет: pixabay.com

Тайқазан жайлы не білеміз?

Тайқазан бір кездері Санкт-Петербургтегі Эрмитажға "Иран өнері мен археологиясы бойынша III халықаралық конгресіне" алынған. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы қыркүйектің 18-інде ғана Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлтжанды азаматтардың бастамасымен тарихи Отанына қайтарылды. Бұл жөнінде ҚР ҰҒА Философия және саясаттану институтының ғылыми қызметкері Аманжол Мейірманның "Ана тілі" газетіне жарияланған "Тайқазан" мақаласында жазылған.

"Асқақ мәдениетіміз­дің заттай айғағы болған Тайқазан­ды осылайша басыбайлы Иран мәдениетінің еншісіне ұстатып жі­беруге талпыныс тарихымызға жа­салған көп қиянаттың бірі еді. Яссауи кесенесіне сыйға тартылған құнды жәдігерді ирандық ұсталарды жалдап, ақысын төлеп құйдырғаны ғана болмаса, Тайқазан – терең дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан рухани төл мұрамыз болатын", - делінген мақалада.

Бірлік пен қонақжайлықтың көрінісі болған тайқазанның диаметрі – 2,4 метр, ал салмағы – екі тоннаны құрайды.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі туралы 10 дерек

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қатысты қандай деректер бар? Бұл туралы visitkazakhstan.kz сайтында жарияланған "Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, XIV ғасыр" жазбасында мынадай мәлімет берілген:

  1. Аңыздарда Түркістандағы әулиенің әруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына, дүниежүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші орнатылды.
  2. Шараф-ад Дин Әли Маздидің "Жеңістер кітабы" деп аталатын еңбегінде Темір 1397 жылы Ясыда болған кезінде Ахмет Яссауидің атына лайық зәулім ғимарат салу жөнінде жарлық бергені жайлы жазылған.
  3. Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы. Қорық-мұражай алып жатқан жердің жалпы көлемі 90 гектар. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (жер асты мешіті, XII ғасыр), Сегіз қырлы кесене (XIV-XVI ғасырлар), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі (XV ғасыр), Шығыс моншасы (XVI-XVII ғасырла), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті секілді археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды.
  4. Ахмет Яссауи ескерткіші – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің заманымызға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғимарат. Оның ені – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялық жағынан жинақы келген бұл құрылысқа үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлмелер сыйып тұр. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әр түрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатыр.
  5. Тарихи жәдігер геометриялық өсімдік іспеттес ою-өрнектермен және жазу-суреттермен безендірілген.
  6. Сол жақ қабырғанының үйлесім тапқан тұстары сұлу иіндермен сүбеленіп, бояуы қанық өсімдік өрнектерімен безендіріліп алты қырлы майолика тақтайшалармен тысталған. Бүйір жазықтары (батыс және шығыс) күйдірілген түрлі-түсті әшекейлі қыштармен көмкерілген. Көгілдір тақталармен өрілген геометриялық өрнектер (гирих) өте айқын, бояу реңінің үйлесімен айнала қоршаған нәзік сызықтар тұтас композиция іспетті үндесіп тұр. Ғимараттың оң жақ бөлігіндегі басқа қабырғалардың биіктігі 13 метр, жоғары жағында екі 2,5 м болатын эпиграфикалық басқұр берілген. Ол құран сурелерінен тұратын сөздер геометриялық өрнектермен үйлесім тапқан.
  7. Қазандық – комплекстегі ең сәулет зал. Бұл диаметрі 18,2 метрге жуық шар конус пішініндегі асқақ күмбезбен жабылған. Қазандық қабырғаларының дәл төбесінен ұштары төмен төнген қатпар-қатпар сталактиттер биіктігі 39 метрлік ақ күмбезге барынша сұлу, мейлінше асқақтық көрік беріп тұр. Залдың дәл ортасында Түркістаннан 25 шақырым жердегі Қарнақ қыстағында жеті металдың қосындысынан құйылған алып тайқазан тұр.
  8. Ахмет Яссауи кесенесі Темір кезеңінің айтулы төрт ескерткішінен бағалы. Олар – Шахрисябздегі Ақсарай, Доруссиядат (Темір әулетінің зираты), Самарқандтағы Бибі ханым мешіті.
  9. 1978 жылы Ахмет Яссауи архитектуралық комплексі музей ретінде ашылды. Музей экспозициясы ескерткіштің құрылымы мен безендірілу ерекшеліктерімен, ежелгі Түркістан қаласының құрылысымен, Қазақстан жеріндегі жазба мәдениетінің тарихымен, қазақ халқының қолөнерімен таныстырады.
  10. Ғимараттың кіреберісіндегі есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазу бар. Ол жерден мынадай сөздерді оқуға болады: "Бұл әулие мекен Алла тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды. Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!"

Ахмет Яссауи исламның таралуына ықпал еткен сопылық идеясын алға тартты. Ғасырлар бойы оның жазбалары Түркістанның мәдени өрлеуіне ықпал етті. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүгінгі ұрпақ үшін маңызды зиярат орны болып қала бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2029967-qoza-axmet-yassaui-kesenesi-turaly-kez-kelgen-qazaqstandyq-bilui-kerek-10-derek/