Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құранды қазақ тілінде оқу керек пе?

Опубликовано:

Қасиетті Құран бізге соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы араб тілінде жетті.

Қаншама ғасыр өтсе де, Аллаға құлшылық еткен күллі мұсылман қауым Құранды сол түпнұсқа тілінде танып-біліп, оқып келеді. Осы уақытқа дейін ислам дінінен басқа діндер мың-сан құбылып, қаншама өзгеріске ұшырады! "Құдайдың жазуына адамның сөзі мен ісі араласқан жағдайда діннің тұтас­ты­ғына сызат түседі" дейді ақ жолды ұстанғандар. Бірақ соңғы уақыттарда "Құранды неге қазақ тілінде оқымай­мыз" деген пікірлер де айтылып жүр. Қо­ғам­да бұған қатысты пікірлер кез­десе­т­індіктен, осы төңіректегі сауалды ой көкпарына салып көрген едік.

Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, тарихшы ғалым,"Алаш" тарихи- зерттеу орталығының директоры:

Иә

– Өкінішке қарай, бүгінгі жаһанданған дә­уір­де саясат дінді өз ырқына икемдеп, оны бел­гілі бір мақсаттарды жүзеге асырушы құ­рал ретінде пайдалана бастады.

Әлемнің мық­ты философтары айтып кеткен "ғылым – нақты білімнен, дін жорамалдардан ғана тұ­рады" деген қағида бар.

Мысалы, ғылымда сен бір нәрсені түсінбесең, белгілі бір дүние­нің дәл­дігіне көзің жетпей тұрса, пікір талас­ты­рып, тү­бінде оның нақты айғақ, дәлелін таба ала­сың.

Ал дінде имамдар айтқан уағыз­дарды тал­­қыға салуға болмайды. Белгілі бір сауал тө­ңірегінде күмәнің болса да, үндемей тұра бе­ре­сің. Кейбір ұғымдарға дәлел-дәйек із­деп, күмәндансаң, дінбұзар болып сана­ла­сың. Мысалы, Құранды тек қана араб тілінде оқу керек дейді... Мұны да ешкім дұрыс емес деп айта алмайды.

Арабтың тілін түсінбесе де, көп­шілік қауым Құранды тыңдап, артынша бе­тін сипап жүре береді. Ал арабша түсінбей, қазақша мағы­на­сын оқып, білем дегендерге тосқауыл жоқ. Құ­ран – о бастан арабтар үшін емес, күллі әлем­ге түсірілген қасиетті кітап.

Құ­ран – о бастан арабтар үшін емес, күллі әлем­ге түсірілген қасиетті кітап

Дей тұр­ған­мен де, өз басым Құранды қазақша оқуды қол­даймын. Алайда қазақпын деп, өзін мұ­сылман баласына жатқызатындар Құран аят­тарын қазақша оқып, өз ана тілінде иман кел­тіріп жатса, оның несі харам?

Әйтсе де бұл қасиетті кітаптың әлі күнге дейін сауатты да мағыналы аудар­масы жасала қойған жоқ.

Ендігі кезекте қа­сиетті кітаптың мазмұнын небір білі­м­дарлар бас біріктіріп, барынша түпнұсқаға жақындатып аудару қажет.

Десек те, қазіргі уақытта "Алаш" тарихи-зерттеу ор­талығын осы бағытта біраз ізденіп жүр. Қа­лай болған күнде де дін жолын ұстанған адам­дар менің ойларымды қабылдай ал­май­тын сияқты. Иншалла, мен де мұсылман бала­сымын. Дінімізді белгілі парыздарын шама-шарқымша орындауға тырысамын.

Осы уақытқа дейін екі мешіт салдырдым. Ойым­да бір Алла, жүрегімде иманым бар деп айта аламын.

Меніңше, Құранды өз ана тіліңде оқуға талпыну – Құранның ма­ғынасын түсінуге деген құлшыныстан туып отыр­ған әрекет. Бұған үрке қарап, ада­су­шылықтың сипатын іздеудің қажеті жоқ. Егер де алдағы кезеңдерде Құранның жақ­сы аудармасы жасалып, оны қазақ тілінде да­уыстап оқитын болсақ, бұған басқа­лар­дың да құлағы үйреніп кетер еді. Бұған алдымен психологиялық да­йын­дық керек.

Әншейінде "қазақ тілі – әлем­дегі ең бай әрі шұрайлы тіл" деп там­санғанда алды­мыз­ға жан салмаймыз. Сонда ана тілінде Құ­ран оқығысы келе­тін­дерді діннен қуып шық­пақпыз ба?

Әншейінде "қазақ тілі – әлем­дегі ең бай әрі шұрайлы тіл" деп там­санғанда алды­мыз­ға жан салмаймыз. Сонда ана тілінде Құ­ран оқығысы келе­тін­дерді діннен қуып шық­пақпыз ба?

Қа­лай десек те, "мен Құ­ранды жақсы білем, сен дінсізсің" деген күпірліктен ада бол­ғанымыз жөн. Айналып келгенде, Құ­ранды жатқа білетін қари мен ислам діні шарттарын толық орындайтын молданың дұ­ғасынан гөрі Құранды білмесе де, шын пейілімен айдалада жападан-жал­ғыз Ал­лаға жалбарынып, медет сұрап отыр­ған қарапайым пенденің тілегі қабыл бо­луы мүмкін. Ең бастысы, жүрек таза болу ке­рек.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, "АнАрыс" баспасы бас редакторының орынбасары:

Жоқ

– Құран Кәрім – Алла тағаладан адам­­зат баласына пайғамбарымыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) арқылы түсірілген бірден-бір қа­сиетті кітабы­мыз.

Бұл кітап арабқа, түрікке, қа­заққа деп ұлт пен ұлысқа жіктеліп түсіріл­ген жоқ. Құран – Адам Ата, Хауа Анадан та­раған күллі адам­зат­қа ортақ мұғжиза. Ал Құ­ранға дейін басқа пай­ғамбарлар арқылы тү­сі­ріл­ген кітаптар белгілі бір қауымға, тай­па­лар­ға, жамағатқа ғана бағытталған бола­тын.

Не­гізі, адам бала­сы дүниеге келгенде мұ­сылман болып, Алла­ның құлы болып туа­ды. Бірақ уақыт өте келе тәр­бие, қоғам және бас­­­қа да дүнияуи құбы­лыс­тарға байланысты адам баласы түрлі ба­ғыт­тарға ауытқып кетіп жатады. Міне, сол бас­қа бағытта ауытқып, адасып, азып жүрген адам ұрпақтары бір ғана кітап­тың, бір ғана жолдың тө­ңірегінде өмір сүрсін деп, дұрыс жолға са­лу негізінде Алла та­ға­ла осы Құран кіта­бын түсірген.

Өзге діндердегі кітаптарға келетін болсақ, сол діндерді ұстанғандар өздерінің дәстүр-салттарына, мәдениеттеріне, өмір сүру дағдыларына байланысты тағы басқа да қосымша түсініктеме сөздер енгізіп жі­бер­ген.

Осыдан келіп олардың діни кітап­та­ры кәдімгідей бұрмалаушылыққа ұшырады.

Мы­салы, әлемде екі мың ұлт бар десек, сол екі мың ұлт діни қағидаларына өз білген­де­рінше өзгертулер мен толықтырулар енгізе бер­се, бұл жағдайда сөзсіз, дін бұзылады.

Алла тағаламыздың исламды тура жол деп нұсқағаны сондықтан.

Ал "неге біз Құранды араб тілінде оқимыз?" деген сауалға қатыс­ты айтатын болсам, бұл әуел бастан Мұхам­мед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың тілі арқылы адам баласына жеткізілгендіктен, біз сол түп­­нұсқа тілінде оқимыз.

Құранның бір ға­на тілде оқылуы – жоғарыда атап кеткен ада­су­шылық пен бұрмалаушылықтың ал­дын алады.

Құранды әртүрлі тілге аударуға әре­кеттену оның мағынасы мен мән-маз­мұнын жоғалтып алады. Қандай да бір ау­дар­ма болсын, ол Құранның әуелде түсі­рілген түпнұсқадағы мазмұнын, қасиетін, әуе­зін бере алмайды. Ал баршамызға жақ­сы таныс, қазіргі қолданыста жүрген Құран кі­таптарының қазақша нұсқасы ол тәпсір болып есептеледі, яғни түсініктеме түрінде ғана. Құранды әрбір ұлт өз тіліне икем­дей бас­таса, онда ислам діні бұзылады. Сон­дық­тан да Құран бізге қалай жетті, жүре­гіміз­ге солай сіңіріп, қабылдауымыз керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/168515-kyrandy-kazak-tilinde-oku-kerek-pe/

pixel