Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәмшат Жолдыбаеваның өмірбаяны

Опубликовано:

Қазақстандық шоу-бизнестегі сұлу да сымбатты арулардың бірі Кәмшат Жолдыбаеваның атағы күн санап артуда. Ерекше дауысымен ғана емес, актрисалық қабілетімен де өз көрерменін жинап үлгерген бойжеткен туралы не білеміз?

Кәмшат Жолдыбаева қазақстандық эстрада жұлдызы. Әнші, актриса әрі тележүргізуші 1988 жылы Маңғыстау өңірінің Форт Шевченко қаласында дүниеге келген. Маңғыстау гуманитарлық колледжін «Мұғалім және аудармашы-референт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Дегенмен өнерлі отбасыдан шыққан ару ақыры өнер ордасы Алматыға аттанады. Мұнда Қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсіп, үшінші курс оқып жүрген кезінде оның өмірі күрт өзгереді. Ол қазақ эстрадасында өз тыңдармандарын жинап үлгерген аты шулы продюсер Баян Есентаеваның табысты жобасы, КешYou тобының құрамына қабылданады. Кейін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Эстрада-вокалы» факультетіне ауысып, тәмамдап шығады. «КешYou» тобының солисті болып жүрген кезінде Кәмшаттың есімі елге таныла бастайды.

Айтпақшы, әншіліктен бөлек бойжеткен аз ғана уақыттың ішінде актриса ретінде де өз көрерменін мойындатып үлгереді. Оның кино әлеміндегі дебюттік рөлі «Біржан сал» фильміндегі Мақпалды сомдаған шағы болатын. Небәрі жиырма екі жасында отыз жасында жесір қалған келіншектің рөлін сомдап шыққан оның бұл образы үлкен кино әлеміне жол ашты. 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасы ел назарына ұсынған «Парыз" телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдады. Одан кейін «КешYou» тобындағы әріптесі Айдана Меденовамен бірге «Ғашық жүрек» телехикаясына түсті.

Тағы оқыңыздар: Тележүргізуші Дана Нұржігіттің өмірбаяны

2015 жылы топтан кеткен ол жеке әнші ретінде шығармашылығын жалғастырып келеді. Одан өзге «Жанды дауыс» телевизиялық жобасында жүргізуші ретінде бағын сынап көрді.

«Тракторшының махаббаты» сериалындағы басты рөлдегі Бэлланың образын сомдаған Кәмшат Жолдыбаеваның даңқы аспандап, ол әсіресе ауыл-аймақтағы кейуаналар мен қариялардың сүйікті актрисасына айналды.

Қазіргі таңда жеке әнші ретінде қалыптасқан Кәмшат Жолдыбаеваның орындауындағы «Бірге», «Махаббат дастаны», «Падиша»  және тағы да өзге туындылары қазақ эстрадасында хит әндердің қатарына енген. Соның ішінде «Сүйіктім» (Пиа Пиа) атты үнді стиліндегі әні өзге әріптестерінен ерек етіп тұратыны анық.

Айта кетерлігі, Жолдыбаевтар әулеті аймақтағы өнерлі жанұя ретінде көпшілікке таныс. Анасы Гүлнәр Жолдыбаева - кәсіби хореограф. Көптеген шәкірттері бүгінде би әлемінде белестерді бағындырып жүр. Ал әкесі Мұрат Жолдыбаев - музыкант. Бүгінде жүргізушілік жолды таңдаған. «Жолдыбаевтар» ансамблі аталған өңірдің бірқатар аумақтарын аралап, гастрольдік сапармен өз өнерлерімен көпшілікті тәнті еткен. Ансамбль құрамында Кәмшат Жолдыбаеваның әкесі мен оның аға-інілері, келіндері және бауырлары болған. «КешYou»-дің экс-солистінің туған сіңлісі Алтынай Жолдыбаева да шоу-бизнесте есімі таныс арулардың бірі. Ол да әншілік қырымен танылып, көрермен көзайымы болып жүр. Айта кетерлігі, апалы-сіңлілі Жолдыбаевалар келбетті сымбатымен ғана емес, ашық-шашық киім киетін өнер жұлдызы ретінде де көпшілікке танымал. Неше түрлі сынның астында қалса да Жолдыбаетар әулетінен шыққан қос ару бұл әдеттерін қояр емес.

Әнші Кәмшат Жолдыбаева тілшілерге берген бір сұхбатында киім таңдау тұрғысында талғамы онша еместігін мойындаған. Оның күнделікті өмірдегі стилін сіңлісі Алтынай қадағалап отырады екен. Ал үлкен жобаларға киетін көйлектерін продюсер Баян Мақсатынқызы кәсіби стилистерге сеніп тапcыратын көрінеді. Сонымен қатар Кәмшат Жолдыбаева балық етінен дайындалған тағамдарды ұнатады. Әсіресе балықтан әзірленген стейк сүйікті тағамы.

Тағы оқыңыздар: Шәкәрімнің өмірбаяны туралы не білеміз?

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1685174-kamshat-zholdybaevanynh-omirbayany/

pixel