Қазақ тілінің құпиясы: метафора дегеніміз не
Жарияланған күні:
Метафора құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы болып саналады. Құбылтудың бұл түрін сөз өнері, эстетика, логика, философия, және тіл ғылымдары зерттейді. Метафораның қолдану аясы мен түрлеріне қатысты аз-кем мағлұматты назарларыңызға massaget.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ ұсынады.
- Метафора - құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылатын троп түрі.
- Метафора сөз өнері, эстетика, логика, философия және тіл ғылымдары арқылы зерттеледі.
- Метафоралар дәстүрлі және индивидуалдық болып екіге бөлінеді, олар ойды әсерлі жеткізу және жаңа идеяларды сипаттау үшін қолданылады.
Метафораның түсіндірмесі қандай?
Метафора дегеніміз (грек тілінен аударғанда metaphora – ауыстыру деген мағынаны білдіреді) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Метафора құбылыс пен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылады.
"Метафора және оның түрлері" мақаласындағы мәліметті негізге алсақ, метафора сөз өнері (поэтика, риторика), эстетика, логика, философия, тіл (стилистика, лексикология, психолингвистика) ғылымдары арқылы зерттеледі.
Метафора табиғатында жұмбақтылық бар. (Аристотель).
Сөз өнерінде метафораның символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар. Абай өлеңдеріндегі "жастықтың оты", "жүректің көзі", "дүние есігі" деген метафоралармен қатар дәстүрлі қолданыстағы метафоралар кездеседі. Мысалы: жан азығы, табиғат-ана, өмір-өзен, өмір сыбағасы, асау толқын және басқалары.
Ойды әсерлі жеткізу мақсатында метафора қолданылады:
"Қасқа бұлақ, қасыңнан неге кеттім?!
Не деген жел айдаған көбелекпін?" (М.Мақатаев).
Метафораларды зерттеп сан түрлі еңбек жазған адам көп. Бәрі өз әдісі бойынша зерттеу жұмыстарын іске асырса да, түбегейлі сипаттамалары бірдей болған.
Метафора — ауыспалы мағыналы суреттеме сөздердің бірі.Екі нәрсенің не сыртқы түрінің, не ішкі қасиеттерінің жақындығына, ұқсастығына қарай бірінің орнына бірін алмастырып айту.
Олар мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, қанатты сөздерде өте жиі кездесіп тұрады.
Б. Х. Хасанов қазақ метафораларын екіге бөліп қарастырған:
- біріншісі-белгілі бір шешеннің сөз саптауынан пайда болған индивидуалдық метафора;
- екіншісі-халықтық сипат алған дәстүрлі метафоралар.
Бірақ екеуінің ашық ара-жігі жоқ, өйткені, жеке авторлар жасаған метафоралар көбіне халықтың дәстүрлі метафоралардың ізімен жасалады және олардың көпшілікке кең таралуы мүмкін
Дәстүрлі метафоралар жақсы таныс нәрселер мен құбылыстарды салыстыру арқылы пайда болады. Сондықтан да олар халыққа түсінікті, белгілі болады. Мысалы:
- Ошақ бұтын күзетіп отырған қарт анасынан басқа қол ұшын берер ешкімі жоқ;
- Қыздар – қыран-топан; Уәдесінде тұрмай, аяқ астынан айнығаны.
- Кірер ауыздағы кіп-кішкентай кабинетте күж қара кісі отыр.
- Әйтеуір торай көздің қарашығына қуақы күлкі ұшқындады.
Олардың күнделікті қолданылуына байланысты қасиеті солғындап, тұрақты сөз іспетті айтыла берілген. Дәстүрлі метафоралар сол тілде сөйлейтін халықтың тіршілігі мен тұрмыс күйіне, өмір сүрген ортасына, дүниетанымына тікелей байланысты.
Ал индивидуалдық метафора – өмірдің кейбір жағдайларынан берілген субьективті баға, өзіндік тұжырым, бұл метафоралардың авторы болады.
Индивидуалдық метафоралар өзінің айырмашылықтарымен қатар дәстүрлі метафоралардың ерекшеліктерін түгел қамтиды. Бұл оның салыстыру обьектілерін жалпақ қамтитын, диапазонының кеңдігін көрсетеді. Мысалы:
- Бар білген-cоңына соңына мына сілбу іздің қимылынан сөлекет бірдеңе сезе ме, қалай?;
- Мына іш пыстыратын сылбарлық реніш шақырғандай әлденеге ұқсай ма?;
- Мамандығына сәйкес бір жұмысқа табан іліктіргесін той жабдығына әзірлене бермек;
- Қарауытып бүйе аяқтанып алған қалың қас үрпі-түрпі; Ішінен тынып, өз қасіретіне өзі уланып жүр.
Метафоралау түрлері
martebe.kz авторлары сөздерді метафоралау процесінде үш түрлі жағдайды байқауға болатынын жазады:
- Бірінші жағдайда сөздің сыртқы белгісі алынады. Мысалы: кілт — есіктің кілті, мәселенің кілті, бастау — бұлақтың бастауы, шығармашылық бастау.
- Екінші жағдайда метафора жасайтын сөздердің семантикасына, ішкі мазмұнына үңілуге тура келеді (түлкі — аң, айлакерлік белгісі, балшық — зат атауы, адам мінезіндегі ынжықтық).
- Метафоралаудың үшінші түрінде белгілі бір белгілер мен қасиеттердің басқа топтағы заттар мен құбылыстарға тән екені белгілі бола тұра басқа топтағы ұғымдарға сіңісті болып кетеді. Мысалы: ұлиды деп қасқырды айтады, бірақ ақындардың шығармаларында жел ұлиды. Сол секілді өткір сөз қатты заттарға қатысты болатын (өткір ұстара), кейінгі кезде өткір мәселе тіркесі қолданылып жүр.
Метафора – адам ойының, тілінің және мәдениетінің айнасы. Ол жаңа идеялар мен ұғымдарды сипаттау, күрделі мәселелерді түсіндіру, эмоцияны жеткізу және мәдени құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқарады. Ғылымда, әдебиетте және күнделікті өмірде метафора ойды кеңейтіп, оны қызықты әрі бейнелі етеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1728954-metafora-degenimiz-ne/