Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сегіз қырлы, бір сырлы": көпшілік білетін тіркестің мағынасы қандай

Опубликовано:

Сегіз қырлы, бір сырлы ер адам. Көрнекі сурет
Сегіз қырлы, бір сырлы ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ халқында "сегіз қырлы, бір сырлы" тіркесі ауызекі тілде жиі кездеседі. Көп жағдайда ер адамдарға қатысты айтылатын тұрақты тіркес қандай мағынаны білдіреді? Бүгінгі материалдан білетін боласыздар.

Көпшілік елден ерек туған, өнерлі азаматтарға қаратып "сегіз қырлы, бір сырлы" деп айтып жатады. Ал шынында бұл сөздің мәні қандай және астарында қандай ой жатыр?

Сегіз қырлы:

  • Тектілік
  • Бекзадалық
  • Көңілдің ашықтығы
  • Мәрттік
  • Ілім мен білім
  • Батырлық
  • Байлық
  • Парасаттылық

Ал бір сырлы деп отырғанымыз – имандылық. 

Осы қасиеттеріне қарай адамға бағасы берілген. Сегіз қырлы жігіттің иманы әлсіз болса, бәрінің бекер болғаны. Ал иманы күшті бола тұрып, бірде-бір қыры болмаса, ол да бекершілік.

Сымбатты жігіт. Көрнекі сурет
Сымбатты жігіт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Одан бөлек, "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген Абзал Мақаштың "Сегіз қырлы, бір сырлы" мақаласында аталған тұрақты тіркес қандай мағынаны білдіретіні ашып айтылады. Мәселен, автор "сегіз қырлы" тіркесінің мағынасын келесідегідей түсіндіреді. Оның айтуынша, Хакім Абай өзінің 38-қара сөзінде Алла Тағаланың сегіз "субути сипаттарына" талдау жасайтын көрінеді. Автор ол сегіз сипатты төмендегідей көрсетеді:

  1. Хаят. Мәңгілік тірі;
  2. Ілім. Ілім иесі;
  3. Сәмиу. Естуші;
  4. Басар. Көруші;
  5. Ирәда. Бұл сипат "қалау" де­ген мағынаны білдіреді;
  6. Құдірет. Шексіз және мәңгі құдірет иесі;
  7. Кәлам. Мұнда "сөйлеу" деген мағынаны білдіреді...
  8. Тәкуин. Бұл сипат жоқты бар етіп, бар нәрседен екінші дүние жарату деген мағынаны білдіреді. Құдай Тағаланың "күн", яғни "бол!" деген бұйрығы арқылы кез келген нәрсе әп сәтте бар болады.

Аталған мақалада автор "бір сырлы" тіркесінің де мағынасын түсіндіріп береді. Оның айтуынша, бұл тіркестің мағынасы ислам архитектурасынан алынуы мүмкін. Бұл туралы зерттеу авторы былай деп жазады:

"Қош, сонымен руханиятта­ Алла Та­ғаланың сегіз сипаты болу керек­тігін түсіндік. Осы арқылы сегіз қыр­­дың да мағынасы ашылғандай бол­ды. Ал енді «бір сырымыз» не болды? Ислам архитектурасында екі ромбының бір бұрыштары өзара кірігіп, өрнек құрайтын нақыштар жиі кездеседі. Сонда екі шаршылардың бұрыштары қабаттасқанда олардың түйіскен тұсынан тағы бір жаңа шаршы пайда болады. Бұл да – жоға­рыда айтыл­ған символдық код. Екі шаршының сегіз бұрышын сегіз сипат деп алсақ, «бір сырымыз» – сол екі фигураның ­«не­кесінен» пайда болған жаңа шаршы.

Қорыта айтқанда, тұрақты тіркес­тегі сегіз қырымыз – Алла Тағаланың пенденің бойынан табылуы тиіс сегіз сипаты болса, ал бір сырымыз сол сегіз сипат біріккенде ғана ашылатын "көкірек көзі" деп ұғуға болады", - деп жазылған мақалада.

Cымбатты ер адам. Көрнекі сурет
Cымбатты ер адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сонымен бірге қазақ өнерін дәріптеп жүрген Балтабай Ыбырайұлының "Еңбекші қазақ" газетіне берген сұхбатында, "сегіз қырлы, бір сырлы" фразеологизмінің мағынасы түсіндіріледі. Автордың ойынша жігіттің бойынан табылуы тиіс сегіз қырға: тектілік, бекзадалық, жомарттық, мәрттік, батырлық, байлық, сахилық және иман мен білім жатады екен.

Автор, бұл ретте, қазақтың тектілік сөзінің мағынасын халқымыздың жеті атасын білумен байланыстырады. Айтуынша, тек қазақ халқы "Жеті атасын білмеген жетесіз" деп, бір елден, бір рудан қыз алып, қыз беріспеген, яғни қаны таза ұлт болып саналады. Сол себепті, біздің бабаларымыз тектілік ұғымын енгізген, дейді автор.

Балтабай Ыбырайұлы бекзадалыққа адамның өзін-өзі ұстауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі, таза, ұқыпты жүруі, жоғары тәрбие көрсете білуі сынды қасиеттерді жатқызады.

Жігіттің бойынан табылатын тағы бір қасиет - жомарттық болуы тиіс, дейді автор. Оның сөзінше, тек жомарт ер адамдар ғана қолындағы барымен бөлісіп, бойындағы жақсы қасиеттерін өзгелерге өнеге ете алады екен. Автор бұл туралы: "Яғни, өзі білгенді кейінгілерге, құрдастарына үлгі ете отырып, жан-жағын жақсылыққа тәрбиелей білу" деп атап өтеді.

Қайраткердің айтуынша, қазақ жігітінің бойынан табылуы тиіс қасиеттердің бірі мәрттік болып табылады. Оның пікірінше, бұл қасиет текті тұлғалардың бойынан табылатын көрінеді. Сонымен бірге ол мақалада халқымыз осы қасиеттен айырылып қалғанын алға тартады. Оның ұғымында мәрттік дегеніміз - өз сөзінде тұру, тұрақты, бірбеткей болу екен. Бұл турасында Балтабай Ыбырайұлы былай дейді: "Жалпы мәрттік  дегеніміз – тұрақтылық қой. Айтылған сөзге болаттай берік болу".

Ол осы аталған қасиетке ие болған ер адам батыр болатынын да айтады. Мұндай тұлғалар айтқанынан қайтпайтын, өз мақсатына жету үшін барын салатын адамдар болады екен.

Осы мақалада автора жетінші қыр туралы былай деп ой толғайды:

"Жетінші қыр – сахилық. Қазақта атымтай жомарт деген сахилар болған ғой. «Бай да өтті, батыр да өтті қос сабалы, Сансызбай сахи да өтті Қошқаралы» деген Балқы Базардың өлеңі бар. Сахилық дегеніміз байлығын барынша ауылымен, қауымымен бөлісіп отыру, еліңе жақсылық жасау. Қазіргі тілмен айтқанда – меценат деп түсіндіруге болады", - деп түсіндіреді қайраткер.

Ал, сегізінші қыр туралы пікір иесі төмендегідей атап өткен:

"Мінекей жігіттің бойындағы жеті қасиетті талдадық. Енді «осылардың тұрағы не?» деген сауал туындайды. Бұл жеті қасиетті ұстап тұру үшін сегізінші қасиет – «иман мен білім» болып табылады. Осы сегіз қырға үңілсек, адамға керекті жақсы өнегенің бәрі жатыр деуге болады. Бұл сегіз қырға ие болған тұлға ешқашан қателеспейді", - дейді ол.

Көргеніміздей, халқымызда "сегіз қырлы, бір сырлы" тіркесінің мағынасы осылайша түсіндіріледі. Бастысы, әр адамның бойынан осынлай киелі қасиеттер табылып, аталған атқа лайық болса болғаны.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1773852-segiz-kyrly-bir-syrly-kpsilik-biletin-szdi-magynasy-kandaj/