Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайшы әлде пышақ: баланың тұсауын немен кескен дұрыс (фото, видео)

Опубликовано:

Тұсау кесу рәсімі
Тұсау кесу рәсімінен көрініс. Көрнекі сурет: Instagram/коллаж

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Оның дәлелі нәресте шыр етіп өмірге келген сәттен бастап, есейгенге дейін орындалатын салт-дәстүрлер. Соның ішіндегі ерекшесі тұсаукесер. Қазіргі уақытта осы дәстүрді орындау барысында еліміздің тұрғындары қайшы немесе пышақты қолданарын білмей әбігерге түсіп жүр, - деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қазақ халқының ертеден бері келе жатқан тұсау кесу дәстүрінің мазсұны тереңде. Тұсаукесер – табаны жерге тиіп, тәй-тәй басқан сәбидің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы болып саналады. Қазақ халқы тұсауы кесілмеген бала сүріншек, өмірі кедергілер мен қиындықтарға толы болады деп сенген. Сондықтан "ырымдап" осы дәстүрді міндетті түрде орындауға тырысты. Тұсау кесудің әр өңірде өзіне тән ерекшелігі болғанымен, негізгі мақсаты бір.

Тұсау кесу рәсімінде баланың аяғына неліктен ала жіп байлайды?

Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова осыған байланысты "Күретамыр" атты кітабында тұсау кесу жайлы былай деген:

Жер ананың үстіндегі туған топырағында бала аяғын нық басып жүріп кетсін деп атқарылатын бұл игі салт қазаққа ортақ. Ал тұсаукесердің бұрыннан келе жатқан әрі ел арасында кеңінен тараған түрі – ала жіппен кесу. Ақ жіп пен қара жіпті айқастыра кезек алмастыра отырып еседі. Мұның астарында "кісінің ала жібін аттамасын, адамдарға қиянат жасамасын" деген ниет жатса керек.

Сондай-ақ ала жіптің мәні былай түсіндірілген:

Ақ пен қара түсөмір-тіршіліктің нышаны, тұспалды бейнесі. Бір Құдай жалғыз, қалғанының бәрі қос-қостан. Мысалы күн мен түн, көп пен аз, биік пен аласа, жақсылық пен жамандық, аштық пен тоқтық... Осылай жалғаса береді. Жаратылыста қарама-қарсылықсыз тіршілік жоқ, бірнсіз-бірі болмайды, үнемі жұптасып жүреді. Өмірдің осындай ала-құла, ой-шұқырлы кезеңдері адамның тағдырында кездесіп отырады. Сондықтан "жақсылық болып басына бақ қонғанда асып-тасып асылық жасамасын, қиындықта жасып басылмасы, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін тең өтсін" деп баланың аяғына тұсалған ала жіпті пышақпен шорт кеседі.

sputnik.kz сайтында жарияланған "Тұсаукесер: қазақ нені дұрыс жасамай жүр?" мақаласында баланың аяғына байланатын жіп туралы мынадай мәлімет берілген:

Қазақ сәбидің тұсауын "көбейіп, көгере берсін" деп көк шөптен де есіп жасаса, "бай болсын, тоқ болсын" деген тілекпен малдың тоқ ішегінен де өрген. Бірақ көбіне "біреудің ала жібін аттамасын, өзгенің мал-мүлкіне, дүниесіне көз тікпесін, қол сұқпасын" деген тілекпен ақ пен қара жіпті айқастыра отырып, ала жіп дайындаған.

Баланың тұсауын неліктен қайшымен кеспеу керек?

Қазіргі уақытта баланың тұсауын қайшымен немесе пышақпен кесетіні жасырын емес. Ал шын мәнінде қазақ халқы енді ғана тәй-тәй басқалы тұрған сәбидің тұсауын қайшымен кеспеген.

"Бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшының жүзі секілді баланың алдағы өмірі қайшыланып, кедергілер көп болмасын деп қазақ қайшымен кесуді жөн көрмейді. Бұл да жай емес, тіршілік тәжірибесінен алынған", - дейді ұлт жанашыры Зейнеп Ахметова.

Баланың тұсауын пышақпен кесудің мәні неде?

Зейнеп Ахметова қазақ халқы неге баланың тұсауын пышақпен кескенін де түсіндіріп өтті.

"Жақсылық болып, басына бақ қонғанда асып-тасып асылық жасамасын, қиындықта жасып басылмасын, өмірдің күнгейі мен көлеңкесінен тең өтсін" деп баланың аяғына тұсалған ала жіпті пышақпен шорт кеседі", - дейді Бауыржан Момышұлының келіні.

Қазақ халқы ешқашан тұсауды артынан кеспеген. "Баланың өмір жолы ашық болсын, алды ашылуы керек" деп тұсауын алдынан кеседі.

Қазақ халқында тұсау кесуге қатысты қандай түсінік қалыптасқан?

  • Тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады деген наным бар.
  • Үйленбеген, жас балаға сәбидің тұсауын кескізбейді.
  • Жеткіншек балаларды тұсаукесерден бұрын жүгіртіп жарыстырады. Бірінші боп озып келген екі бала сәбидің екі қолынан ұстап жетелейді. Ал ентігіп келген балалардың күш-қуаты сәбиге алақан арқылы беріліп, тез жүріп кетеді деп сенеді.
  • Тұсаукесерге қатысқан жасөспірім балаларға тәтті таратылады. Балалардың тазалығы қадамын енді ғана басқан сәбиге дариды деп есептеледі.

Тұсаукесерде айтылатын жыр

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Баланың тұсауын кім кесу керек?

Ұлт жанашыры Зейнеп Ахметова қазақ халқы тұсауды кез келген адамға кескізбегенін айтады. Әдетте жүріс-тұрысы ширақ, пысық, бір әулеттің түтінін түтетіп отырған келіншекке немесе өз ортасында сыйлы, абыройлы, қолға алған шаруасын тындырып жүретін еңбекқор азаматқа кескізеді.

Қазақ халқы әлі тұрмыс құрмаған қызға, үйленбеген жігітке баланың тұсауын кескізбеген. Сонымен қатар жүрісі баяулаған қарт адамдарға да тұсау кестірмейді. Ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер тұсау кесу рәсімінде ақ батасын беріп, балаға ақ жол тілейді.

Тұсаукесер рәсімі жасалған соң шашу шашылады. Тұсау кесілген жіпті бала көтере алмай жүрген келіншекке немесе таяуда нәрестелі болған отбасыларға олардың үйінде де көп ұзамай той болсын деген ниетпен ырымдап береді. Ал тұсау кескен адамға сыйлық беріледі.

Қазақ халқында балаға қатысты ырым мен салт-дәстүр көп. Мәселен бала дүниеге келген кезден бастап есейгенше жиырма шақты әдет-ғұрып жасалады. Бұдан қазақ халқының бала тәрбиесіне бесіктен бастап кірісетінін көруге болады. Тұсау кесу рәсімінде жасалатын жоралғылардың да астарында үлкен мән жатса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1824771-kajsy-lde-pysak-balany-tsauyn-nemen-kesken-drys-foto-video/