Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлы Абайдың үш жұбайы жайлы не білеміз (фото)

Опубликовано:

Хакім Абай
Абай Құнанбайұлы. Көрнекі сурет: Twitter

Хакім Абайдың есімі күллі әлемге мәшһүр. Қазақ халқының ұлы ақыны һәм ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор Абай Құнанбайұлының туындылары ешқашан өзектілігін жойған емес. Бұл мақаламызда ұлы Абайдың шығармалары жайлы емес, өмірлік жар болған әйелдері туралы деректер ұсынамыз.

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың Ділдә, Әйгерім және Еркежан атты үш жары болған. Көп әйел алуға рұқсат етілген заманда ақынның үш жұбайы әр түрлі ауылда тұрған, - деп жазады Sputnik Қазақстан.

Абайдың отбасы
Ұлы Абайдың отбасы. Көрнекі сурет: Sputnik / Жания Уранкаева

Бұл – бүгінгі күнге дейін жеткен ақынның екі суретінің бірі және үшінші жары Еркежан түскен (ортасында) жалғыз фото. Ал Ділдә мен Әйгерімнің суреттері сақталмаған.

Абайдың бірінші жары – Ділдә

sputnik.kz мәліметінше, Абай бірінші жұбайы Ділдәға 15 жасында үйленген. Неке жастардың әкелерінің келісімімен қиылыпты. Ділдә да Абай сияқты текті отбасынан шыққан. Ол Қазыбек бидің ұрпағы, арғын руының биі Алшынбайдың туған немересі.

qazaqtimes.com ұсынған мәліметте Абайдың Абайдың Ділдәдан туған балалары жайлы мынадай деректер берілген:

  • Тұңғышы Ақылбай 1861 жылы туған. Ақылбайдан Әлімқұл, Әубәкір, Исраил атты үш ұл, Сағдат, Пакизат, Рухия есімді үш қыз болған.
  • Екінші баласы – Әкімбай, ол жеті жасында дүниеден өткен.
  • Үшінші баласы Әбдірахман (Әбіш) 1869 – 1895 жылдары өмір сүрген, соңғы бітірген оқу орны – Петербургтағы Михайловский Артиллерия училлищесі. Ол Верныйда (Алматы) қызмет істеп жүріп, 26 жасында аурудан қайтыс болған. Әбіштен Рахила атты жалғыз қыз қалған.
  • Абайдың төртінші баласы Мағауия 1870 – 1904 жылдары өмір сүрген. Оның балалары – Уалиса, Құтайба, Бабр, Жағыпар және Кәмила.
  • Бесінші баласы Гүлбадан 1872-1932 жылдары өмір сүрді.
  • Алтыншы баласы Райхан, 1871 жылы туылса керек, 1896 жылдары қайтыс болған.
Абайдың заттары
Абайдың қолданған заттары. Көрнекі сурет: Sputnik / Жания Уранкаева

1885 жылы Абай заттарын өлкетану музейіне тапсырыпты. Олардың арасында ақынның екінші жары Әйгерімнің таза тері, ағаш пен күмістен жасалған ер-тоқымы болған екен.

Абайдың екінші жары – Әйгерім

Ақынның екінші жары – Әйгерім. Оның шын есімі – Шүкіман. Ал оған Әйгерім деген есімді Абайдың өзі қойған. Шүкіманның сұлу болғаны соншалық, ақын оны "Әй керім" деп атап кеткен екен.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

massaget.kz сайтында жарияланған "Абай және Әйгерім" мақаласында ұлы Абайдың екінші жарымен қалай танысқаны туралы былай жазылған:

1875 жылы отыз жасқа енді ілінген Абай Мұқыр болысына болыстық қызметке сайлаусыз тағайындалған еді. Екінші әйелі Әйгерімді сол қарсаңда кездестіріпті. Абай досы Ербол екеуі Ақшоқыдан 25 шақырымдай жердегі Орда тауында аң аулап жүріп, оның "Шілікті кезең", жас шыбықтар қалың өскен тұсты "шілік" дейді, аталатын бөктерін қыстайтын руы мамай Бекей деген адамның аулына келіп қонады. Отыз жастағы жігіт Абай табиғи әдемі дауысы бар, "кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді" Бекейдің сұлу қызына "бой ұрмай тұра алмайды". Үйіне келгеннен кейін де гүл жайнаған сол қыз көз алдынан кетпей қояды.

Абай Әйгерімге қалай үйленді? Абай қыз ауылынан бес шақырым жердегі Бекейдің жамағайыны Мұсаның ауылына барып, жағдайды айтып ақыл-кеңесін сұрайды.

Сонда Мұса: – Абай, сен неге қысыласың, атаң Өскенбайдың бес әйелі болған, әкең Құнанбайдың төрт әйелі бар. Сол қызды ұнатсаң мен ертең әйелімді қосып беріп, ауылыңа апарғызып берейін. Қыздың қайыны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ, - дейді. Шешім осы болып, Абай екінші рет отау көтерген.

Әйгерімнің қобдишасы
Әйгерімнің зерлі қобдишасы. Көрнекі сурет: Sputnik / Жания Уранкаева

Ал бұл қобдишаны Әйгерім таныстарының біріне сыйға тартыпты. Көп жыл өткен соң Семей тұрғыны Айдар Доланбеков оны музейге сыйлаған.

Ұлы Абай Әйгерімге 30 жасында үйленіпті, олардың жас айырмашылығы 11 жасты құраған. Әйгерім ақынның ең сүйікті жары болған екен. Ал Абай өз сүйіктісін кездестірген жердегі бұлаққа қыздың есімі берілген.

Әйгерім де текті отбасынан шыққан қыз, ол ұлт батыры, қазақтарды жоңғарлардан қорғаған Мамай батырдың тікелей ұрпағы.

Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған балалары:

  • Тұрағұл (Тұраш) (1875 – 1934 ). Абай балалары арасында біраз өмір сүргені осы кісі. Тұрағұлдың Ақылия (Ақыш), Жәбірейіл, Зүбәйір және Мәкен (қыз) деген балалары болған.
  • Екінші баласы Микайлдан (Мекеш) Құзайыр, Әлішер (Қылкен) деген балалар туған.
  • Үшінші баласы Ізкайыл, оның Тоқташ атты баласы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған.
  • Төртінші баласы Кенже (қыз).
XIX ғасырдағы әшекейлер
ХІХ ғасырдағы қыз-келіншектер таққан әшекей бұйымдар. Көрнекі сурет: Sputnik / Жания Уранкаева

Бұл суретте көне әшекей бұйымдар көрсетілген. XIX ғасырдағы қыз-келіншектер де қазіргі заманғылар сияқты әшекей бұйымдарды ұнатқан. Суретте – Абай Құнанбаев әйелдерінің замандастары таққан сырғалар, жүзіктер мен білезіктер.

Абайдың үшінші жары – Еркежан

Ұлы ақынның үшінші жары – Еркежан. Ол бастапқыда Абайдың інісі Оспанның әйелі болған. 1892 жылы Оспан қайтыс болғаннан кейін Еркежан әмеңгерлікпен Абайдың үшінші жары болып, ақын өмірінің соңғы 11 жылында Жидебайда бірге тұрған.

Абай заманындағы сән
Ұлы Абай заманындағы сән. Көрнекі сурет: Sputnik / Жания Уранкаева

Абай мен Еркежан екеуінің ортақ балалары болмаған. Ал екі жұбайы 10 баланы өмірге әкеліп, олардан 19 немере мен 13 шөбере тараған. Олардың тоғызы Ұлы Отан соғысына қатысып, тек екеуі туған жеріне оралыпты.

Журналист Ая Өміртайдың "Абайдың соғыстан қайтпаған ұрпақтары туралы тың деректер жарияланды" мақаласында зерттеуші Молдабек Жанболатұлы Абайдың ондаған ұрпағы соғысқа кетіп оралмағаны туралы айтқан.

Тікелей ұрпағы Ишағы Жағыпарқызы Харбин маңында соғысқан. 2013 жылы қайтыс болып, өзінің тілегімен Ақшоқы деген жерде Құнанбай жатқан жерге қойылды, - делінген мақалада.

Абайдың немересі Тоқташ Ізкәйілұлы соғыс даласында 1943 жылы қайтыс болғаны айтылады.

Ақын немерелері Құзайыр Мекайылұлы мен Қалышер Мекайылұлы бай тұқымы ретінде Фрунзеге жер аударылып, сонда әскер қатарына алынады. Қалышер Мекайылұлы 1942 жылы, ал ағасы Құзайыр Мекайылұлы 1945 жылы майданда қайтыс болған. Абайдың шөберелері Әлихан Әубәкірұлы соғыста хабарсыз кетсе, Берекехан Құтайбаұлы, Жошыхан Жағыпарұлы соғыста қаза тапқан.

Әйгерімнің ер тоқымы
Абайдың Әйгерімге сыйлаған ер тоқымы. Көрнекі сурет: Sputnik / Жания Уранкаева

Суретте – ақынның сүйікті әйелі Әйгерімге сыйлаған тағы бір ер-тоқымы. XIX ғасырдағы шебер туындыларының сұлулығын Жидебайдағы Құнанбаевтың музей-үйінен көруге болады.

Абайдың Жидебайдағы музей-үйі – республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Семей қаласынан 180 шақырымдай жердегі Абай ауданында орналасқан.

Еркежанның бөлмесі
Абайдың үшінші жары - Еркежанның бөлмесі. Көрнекі сурет: abaiqunanbaiuly.enu.kz

Жидебайдағы үйдің иесі, Абайдың үшінші жары Еркежанның бөлмесі осындай болыпты. Дәліз бойымен ілгері жүргенде түкпірдегі бөлменің оң жағында тұрған сүйек төсек – Еркежандікі.

Оның үстінде тұтылған шымылдық пен төсекжапқыш Еркежанның келіні Камалиядан алынған. Еркежан мен Камалияның білезіктері де осында. Солардың қатарында Абай үйіне келін боп түскендегі Камалияның киімдері, құндыз бөркі мен камзолы сақтаулы.

XIX ғасыр төсегі
XIX ғасырдағы төсек. Көрнекі сурет: Facebook

XIX ғасырдағы төсек дұрыс ұйықтау талаптарына сай болған. Яғни, бас пен аяқ бір деңгейге көтерілген, бұл қан айналымына жақсы ықпал етеді екен.

Этнографиялық деректерге назар аударсақ, ХІХ ғасырда қазақ халқы күнделікті тұрмыста пайдаланатын үй жиһаздарын асқан шеберлікпен жасаған. Үй ішіндегі жиһаздарды көш-қон немесе отырықшылық өмір салтына бейімдеген.

Жасау сандығы
Абай әйелдерінің жасауы. Көрнекі сурет: Facebook

Абайдың үш жары да мол жасауымен келіпті. Ол уақытта ағаш сандықтар сүйекпен ғана емес, бағалы тастармен әшекейленген.

Cемейдің тарихи-өлкетану мұражайының 130 жылдығы қарсаңында ерекше атап өтерлік жәдігер – ұлы ойшыл Абайдың әйелдерінің бірінің көйлегі көрмеге қойылды. Мұражайдың бас қор сақтаушысы Айгүл Нұрабаева бұл жөнінде былай деді:

"Біз бұл көйлекті ешкімге жарияламастан көп жылдар сақтадық. Жәдігер мұражайға ХІХ ғасырдың соңына қарай табыс етілген және мүліктерді тіркеу кітабында "Абайдың әйелінің көйлегі" деп жазылған. Киім қарапайымдау, қара-күлгін түсті, атласқа ұқсас әсем жұқа матадан тігілген. Көйлектің жоғарғы және төменгі жағында аппликация түрінде кесте бар".

Қобдиша мен үтік-рубель
Қобдиша мен ағаштан жасалған үтік-рубель. Көрнекі сурет: Twitter

Суретте – Еркежанның заттары. Қобдиша мен ағаштан жасалған үтік-рубель.

"Абайдың Жидебайдағы музей-үйі" жазбасындағы мәліметтерге сүйенсек, Абай келіні Камалияның қолында дүниеден қайтқан. Камалия Абайдың туғанына жүз жыл толған мерекесіне қатысып, мұражай-үйдегі заттардың көбін өз қолымен табыс етіп, кейбір дүдәмал жайттарды анықтап беруге жәрдемдескен. Бөлмедегі өзге заттардың барлығы Абайдың соңғы кездегі өмірінің куәсі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1827445-ly-abajdy-s-jeli-zajly-ne-bilemiz-foto/