"Таптырмас ем": Шұбаттың пайдасы туралы қаншалықты жақсы білесіз
Жарияланған күні:
Түйе сүтінен дайындалатын шұбат сусыны жайлы жақсы білеміз. Осы табиғи өнім туралы ел арасында тараған аңыз-әңгімелерді көп естігеніміз, рас. Шын мәнісінде түйе сүті адам азғасына пайдалы ма? Осы сұраққа KAZ.NUR.KZ порталы Muslim.kz сайтына сілтеме жасап жауап береді.
Шұбатты дайындау тәсілі
Дәстүрлі қазақ қоғамында шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытқан. Ол бір тәулікте өз бабына келеді. Шұбатқа арналған торсықты түйе мойнағынан жасайды. Шұбат ашытқаннан кейін, оны адамға берер алдында шайқап, көпіршігін жақсылап араластырып ұсынады.
Түйе сүті қандай ауруларға таптырмас ем?
- Кеңірдекшелердің созылмалы қабынуын (желөкпе) "күшәлә" шұбатымен емдеу жақсы нәтиже береді. Ол үшін 2-3 тал күшәләні (түгі қырылған) түйе сүті құйылған сабаға салып, әбден пісіп, жылыдай орап, түн асырған соң, бір кеседен күніне үш рет ішеді. Осылай 2-3 ай жалғастырса, сырқат адам сауығып кетеді. Мұны "күшәлә шұбат" дейді.
- Асқазан мен ішек жолдарына қара жел байланып, ас қорыту нашарлағанда халық емшілері шай тосабы арқылы емдейді. Ол үшін іші тазаланып жуылған сырлы шәйнекке су құйып, тас шай, қалампыр, қара бұрыш, тұз салып, тезек отына шымырлатып қайнатады.
Шәугімдегі дәрі-дәрмектердің нілі шыққан кезде, екі кеседей түйенің шикі сүтін қосып, қайта қайнатады. Әбден демделген қызыл күрең шайға қаймақ, сары май косады да, бір рет бір-екі кесе ішеді. Бұл емді осылай бір мезгіл жасайды. Ал жүрек ауруы бар адамдар байқап ішкені дұрыс.
- Түйе сүтінін ұдайы пайдаланғанда ішкі ағзалардың қызметін реттеп, адамды семіртеді. Қазақ емшілері түйе сүтін науқастарды емдеуге қолданады. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл шұбат ішкізеді.
- Шұбатты ішкен соң адам денесі балбырап терлейді, ұйқысы жақсарады, сергиді, біртіндеп салмақ қосады. Шұбатқа қоса бағлан етінен сорпа жасап ішуде жақсы әсер етеді.
Шұбаттың құрамы
Түйе сүтiнiң химиялық құрамы 86,5 пайызы судан, 14,5 пайызы құрғақ заттан тұрады. Оның iшiнде сүттiң майлылығы-5,0, белок-3,6, казеин-2,8, альбумин-0,6, глобулин-0,2, минералды заттар-0,9 пайыз. Әсiресе, қос өркештi қазақ түйелерiнiң сүтi емдiк қасиетiмен құнды саналады. Аруаналардың сүтiнде майлылық 4,9 пайыздан 6 пайызға жетедi, ал белок 3,9 пайыздан кем емес. Сүттiң белогы мен майлылығының тепе-теңдiгi шұбаттың құнарын арттырады. Амин қышқылының құрамы да аталған өнімде жеткiлiктi.
Түйе сүті, бұл түлік суды аз пайдаланғандықтан, майлы болып келеді. Қуаты мен дарулық қасиеті қымыздан кем емес. Қымызда 499-528 ккал болса, шұбатта 789-991 ккал болады.
Айта кетейік, бұған дейін саумал сусынының пайдасы туралы жазған едік.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1836933-taptyrmas-em-sbatty-pajdasy-turaly-kansalykty-zaksy-bilesiz/