Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тамаққа қатысты айтылған ырым-тыйымдарды білесіз бе

Опубликовано:

Ет тағамы
Табаққа салынған ет тағамы мен бауырсақ. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Қазақ халқында күнделікті тұрмысқа қолданылған ырым-тыйымдар жетерлік. Олардың қатарында асқа байланыстылары да бар. Осы ретте KAZ.NUR.KZ Muslim.kz-ке сілтеме жасап, асқа қатысты ырымдарды тауып көрді.

Қазақ халқында тамаққа қатысты қандай ырымдар бар?

"Асына қарап адамын таны" деп бекер айтылмаса керек-ті. Ендеше, дана халқымыздың тағамға байланысты ырым-тыйымдардың кейбірі төмендегідей:

  1. Қызға кәрі жілік ұстатпайды – оң жақта көп отырып қалады. Балаға ми жегізбейді – былжыр, ынжық болады.
  2. Дәм үстіне келіп қалған адам немесе бір нәрсе сұрап, анықтап білуге кірген адам асығыс болып, дәмге қарамайтын жағдайда астан үлкен еместігін білдіріп, қандай да бір дәмнен ауыз тиіп кетеді.
  3.  Тұзды бейберекет шашпайды, астың иманы – тұз деп қарайды.
  4.  Ішіп отырған шайға шама түссе – қонақ келеді.
  5. Бiр жылда адамның көптеген арман тiлегi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жылы құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды.
  6. Егiннiң тұқымы үшiн бiреу қарызға дән сұраса ренжiмей бередi, дәндi адам емес, қара жер тiлеп жатыр деп ырымдайды.
  7. Үйге кірген жыланды өлтірмей, басына сүт, айран, құйып шығару ырымы да бар. Бұл жерде ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Кейде үйге кірген жыланды өлтірмей, басына ақ құю жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған.
  8. Қалыптасқан дәстүр бойынша тамақты сол қолмен жемейдi – салдары жаманшылыққа апаруы кәдік.
  9. Халқымыз түнде тамақтың бетiн жауып қояды. Ашық қалса, жаман, зұлым күш қонып, асты дуалап кетеді, оны жеген адам кеселге ұшырап, ұшынып, дерт жабысуы мүмкін деп сенген.
  10. Әйел адамға малдың құты дарысын деп өңеш береді.
  11. Ас ішіп отырғанда сырттан келген адамды "Мақтап жүреді екенсің", - деп құрметтеп жоғары шығарады, асқа шақырады.
  12. Тойға немесе асқа қымыз әкелген сабаны біржолата сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек.
  13. Сүт сауатын шелекті су басына апармайды, құты кетіп қалады.
  14. Ақтың жуындысын адам жүретін жерге төгуге болмайды.
  15. Малдың бірінші сауымынан алынған майды асқа қолданбайды. Онымен босағаны, табалдырықтың жоғарғы бөлігін майлайды.
  16. Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады.
  17. Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс.
  18. Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтанып болған соң ас қайырылып, бата беріледі.
  19. Тамақ ішіп болған соң "тойдым" деуге болмайды, "қанағат" деген абзал.
  20. Тамаққа қарай түшкіруге болмайды. Тамақ пісірген кезде шаш түсіп кетпеу үшін басқа орамал тағып алу керек.
Қымыз сусыны
Ыдыстағы қымыз сусыны. Көрнекі сурет: egemen.kz

Ас атасы – нан

Қазақ халқы бір үзім нанның қадірін білген. Сондықтан нанды ерекше қастерлейді. Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан – дәм басы, онсыз өмір жоқ. Дастарқанға ең алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нан болса, көтеріп, адам баспайтын жерге қою керек.

"Наны қатты екен", "шала піскен", "күйіп кеткен", "езіліп кеткен" деген секілді сөздерді айтып, нанды, асты сынамайды. Нанды, тағамды сынау – жаман ырым.

Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды. "Асығыспын, нан ауыз тиейін", "Ең болмаса, нан ауыз ти!" - дейді.

Тамақты, нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек. Қазақта: "Жаманнан жарты аяқ ас қалар" деген сөз бар.

Балаларға арналған мына өлең жолдарынан қазақ халқының асты қастерлейтінін, ысырап жасауға болмайтынын аңғаруға болады:

Нан қоқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп

Торғайларға тастаңдар!

Нан түрлері
Нан және бидай. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Қазақы тыйымдар мен ырымдар" кітабында тамаққа қатысты мынадай ырымдар жазылған:

  • Қолды жумай тамақ жеуге болмайды. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады.
  • Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады. Тамақты асықпай ішеді. Тамақ ішер алдында "Бисмиллаһи рахмани рахим" деп нанды сындырып, ауыз тигеннен кейін басқа тағамды жейді. Бұл сөз "Мейірімді Алланың атымен бастаймын" дегенді білдіреді.
  • Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді. Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді.
  • Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс. Ал көшеде, базарда, көлікте мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аудартпай тамақтанған дұрыс.
  • Жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектерді жеуге болмайды.
  • Тамақ жеп отырған адамды орнынан қозғаған әдепсіздік болып саналады.
  • Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жегені дұрыс. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдепсіздік саналады.
  • Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады.
  • Ас ішіп болған соң, "тойдым" демейді, "қанағат" деген жөн.
  • Жас балаға бұғана ұстатпайды. Бұғана ұстаса, бойы өспей қалады деп жорыған.
  • Шашалған адамға "май қап" дейді.
  • Ет турағанда бір кесек ет қалып қалса, ет тураушыға "өтірік айтатының бар екен" дейді.

Қазанжарыс, қалжа

Қазанжарыс дегеніміз не? Әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып "жарысады". Мұны қазанжарыс деп атайды. Халық ұғымы бойынша дүниеге келгелі жатқан бала "қазан жарысқа" қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

Қалжаның мәні неде? Нәресте өмірге келген күні қaлжa үшін сойылғaн қойдың мойын омыртқaлaры қaйнaтылып пісіріледі. Сонaн соң жинaлғaн әйелдер омыртқa еттерін тістері мен емес, сaусaқтaрымен жұлып жегеннен кейін омыртқa сүйегін кіреберістегі есіктің мaңдaйшaсынa іліп, "Бaлaның мойны қатсын!" - дейді. Бұл ырымның аға ұрпақ өкілдері бар үйлерде кеңінен таралғаны туралы "Қазақы ырым-тыйымдардың діни-философиялық астарлары" мақаласында жазылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін жылдам ұйықтауға көмектесетін тағамдардың тізімі жарияланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1838911-tamakka-katysty-ajtylgan-yrym-tyjymdardy-bilesiz-be/