Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұлдыз-жорамал: Зодиак белгілерінің мінез-құлқы, қабілеттері мен ерекшеліктері

Опубликовано:

Астрологтар зодиак белгілерінің адам тағдырына үлкен әсері барына сенімді. Олардың пайымдауынша, бірден қызбалыққа салыну немесе керісінше, жұмсақтық таныту, өзімшілдік немесе риясыздық секілді мінез-құлық сипаттары адамға генетикамен емес, зодиак белгілері арқылы беріледі. Осы орайда NUR.KZ редакциясы зодиак белгілерінің мінез-құлық ерекшеліктерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.

Фото: publicdomainpictures.net
Фото: publicdomainpictures.net: UGC

Жалпы, 12 зодиак белгісі бар. Олар әр адамның туған күні бойынша анықталады:

Тоқты (21 наурыз – 20 сәуір)

Жұлдыз жорамалға сәйкес, тоқтылар еңбекқор әрі көңілді келеді. Олар өте белсенді және өз бетінше өмір сүруге бейім. Тоқтылар бір орында көп отыра алмайды: олар үнемі көш басында болуға тырысады. Сондай-ақ бұл жұлдыз белгісінің өкілдері ашушаң, қыңыр мінезді болады.

Торпақ (21 сәуір – 21 мамыр)

Торпақтар өте қыңыр мінезді. Олардың өзіндік көзқарасын өзгерту өте қиын. Сондай-ақ торпақтар табиғатынан адал келеді. Үйдегі жылу мен жайлылықты жандары сүйеді. Бұл жұлдыз белгісі өкілдерінің мінезі ұяң және қалыптасқан жаңа жағдайларға бейімделуі қиын болады.

Егіздер (22 мамыр – 21 маусым)

Егіздер көңілді келеді. Олардың өмірі әдетте шу мен қызыққа толы болады. Егіздер зеріккенді ұнатпайды, әрдайым жаңа әсер алғысы келеді. Олардың екіжақты мінезінен кейде жақындары зардап шегеді. Сондай-ақ бұл жұлдыз белгісі өкілдерінің мінезі тұрақсыз, айлакер әрі ақылды келеді.

Шаян (22 маусым – 22 шілде)

Бұл жұлдыз белгісі өкілдерінің мінезі «меланхоликтерге» жақын. Олар көбіне сенімсіз және жүректері нәзік келеді. Үйде, отбасының ортасында уақыт өткізгенді ұнатады. Аналарына өте жақын және тыныштықты жақсы көреді. Сондай-ақ астрологтардың жорамалына сәйкес, шаяндар қырсық, қиялшыл, нәзік және әсерлі болады.

Арыстан (23 шілде – 23 тамыз)

Арыстандар белсенді әрі көпті білуге құштар болады. Олар бәрінің назарында болғанды ұнатады. Беделді, атаққұмар және кішкене өзімшіл келеді. Сондай-ақ олар өзгелерге қайтарымсыз көмек көрсеткенді жақсы көреді. Мерекелерді ұнатады және көңіл көтеруді біледі.

Бикеш (24 тамыз – 23 қыркүйек)

Егер зодиак белгілерін ай бойынша қарастырсақ, бикештер зодиак шеңберінің ортасында орналасқан. Содан болса керек, олар өте нақты және ұқыпты келеді. Бикештер жұмыс істегенді ұнатады, бейберекеттік пен ретсіздікті жандары сүймейді. Сондай-ақ олар білімқұмар және саяхаттағанды жақсы көреді.

Таразы (24 қыркүйек – 23 қазан)

Таразы белгісінің өкілдері өте мейірімді, сезімтал келеді,. Олар эмоцияға берілген, кейде қатты қызбалыққа салынады. Дегенмен, жанжалдасқанды ұнатпайды және мәселені шиеленістіруге тырыспайды. Олар адамға жылы шырай танытады, сондықтан да жолдастары көп болады.

Сарышаян (24 қазан – 22 қараша)

Сарышаяндардың мінезі албырт болады, көбіне эмоцияның жетегінде кетеді. Алайда, олар өте қатал болуы мүмкін. Сарышаяндар әрдайым көш басында болуға тырысады, сондықтан да олардың арасынан мықты белсенділер мен басшылар шығады. Бұл белгінің өкілдері өршіл, қайсар мінезді келеді.

Мерген (23 қараша – 21 желтоқсан)

Мергендер өздеріне сенімді және өзімшіл келеді. Бостандықтарын шектегенді ұнатпайды, көбінесе адалдыққа берік бола бермейді. Бәрінің назарында болғанды жақсы көреді, әзілге жақын келеді. Олар бәсекелестерді жақтырмайды, және өзін-өзі жетілдіруге тырысады.

Тауешкі (22 желтоқсан – 20 қаңтар)

Тауешкілер баяу қимылдап, ұзақ ойланады. Олар өздеріне талдау жасауға, өз-өздерін басқаруға бейім болады. Эмоцияларын көрсете бермейді, ішінде сақтағанды жөн көреді. Сырттан қарағанда, тауешкілер көп сөйлемейтін, тұйық мінезді көрінуі мүмкін. Алайда, олар тек танымайтын адамдармен ғана өздерін солай ұстайды. Тауешкілер табиғатынан өте адал болып келеді.

Суқұйғыш (21 қаңтар – 18 ақпан)

Суқұйғыштар өте ашық, тез тілтабысқыш келеді. Кейде өте жұмсақ мінез танытады. Астрологтардың жорамалына сәйкес, бұл белгі өкілдерінің жаңа өмірлік жағдайларға бейімделуі қиын. Дегенмен, олар барлық қиындықтарға мойынсұнбай төтеп береді.

Балықтар (19 ақпан – 20 наурыз)

Балықтар өте нәзік және қиялшыл келеді. Сезімтал болғандықтан оларды ренжітіп алу оңай. Және де олар ренішті ұзақ сақтап, қиналады. Дегенмен, олар алға қойған мақсаттарына қалай жетуді біледі.

Зодиак белгілері сипаттамаларының жай ғана шартты болжамдар екенін есте сақтау қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1858567-zldyz-zoramal-zodiak-belgilerini-minez-klky-kabiletteri-men-erekselikteri/

pixel