Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еуразия ұлттық университетінің қызметкері: Ерікті болу үшін жүрек керек

Опубликовано:

Айжан
Фото: Алмасова Айжанның жеке мұрағатынан

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі күні әр сегізінші қазақстандық еріктілер қатарында. Ал әлем бойынша еріктілер саны 970 млн-нан жетіп артылады екен. Бұл елдегі саналы түрде мұқтаж жандарға көмек көрсетуге ниеттенген жандардың артып келе жатқанының белгісі.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз еріктілікпен өзі айналысып қоймай, өзі қызмет ететін жоғарғы оқу орнының тәлімгерлерін де бұл жүректі іске баулуды жөн санайды. Еуразия ұлттық университетінің қызметкері Айжан Алмасқызы еріктіліктің өзінің өміріндегі рөлі туралы сыр шертті.

Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шаған ауылының тумасы Алмасова Айжан Алмасқызы жергілікті № 37 орта мектепте білім алған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Информатика мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесін алған. Мектепті үздік бітірген Айжан сүйікті пәні алгебра мен қазақ тілі болғанын айтады. Ал қазіргі күні біздің кейіпкеріміз ЕҰУ-де еңбек жолын жалғастыруда.

«Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің Әлеуметтік жұмыс бөлімінде аға маман болып қызмет атқарамын. Мақсатым ­­- адамгершілігі мол, отанға адал қызмет ететін, саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал ету. Бос уақытымда көркем әдебиет оқығанды ұнатамын», - дейді ол.

Университет қабырғасында еріктілікпен айналысатын Айжанның айтуынша, ол осы жолда көптеген жандармен танысып, көптеген оқиғалардың куәсі болады.

«Биыл ақпан айында бір топ ерікті студенттерімізбен бірге қаламыздағы көмекке мұқтаж, көп балалы отбасының ауласын қардан тазартуға көмектесуге бардық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ауланы бәріміз қиындықсыз тазартып, еріктілер әрі таза ауада шынығып та алды. Үй иесінің шынайы алғысы мен ыстық лебіздеріне ие болған еріктілеріміздің жүздері қуаныштан бал-бұл жайнады», - деп есіне алады ол.

«Қоғамға титтей де болсын пайдамды тигізіп жатқанымды сезініп, кеудемді мақтаныш кернеді. Маған осындай берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, жақсылық жасауға тырысудамын» деп ағынан жарылған Айжан үшін ерікті болудың мәні бөлек.

Қазіргі пандемия жағдайында да еріктілікпен айналысатын жандардың мәні арта түсті. Айжан болса, ел басына туған қиын заманда да көптен көмегін барынша аямады. Әсіресе, университет тәлімгерлерін өолдан келгенше қолдап, жебеп жіберу қажет болды.

«Пандемия кезінде 6 сәуір-10 мамыр аралығында университетіміздің Филология факультетінің ерікті студенттерінің онлайн түрде көпбалалы отбасыдан шыққан оқушыларға және университетіміздің әлеуметтік санаттағы студенттеріне ағылшын тілінен сабақ беруін ұйымдастырдым.

Сабақтар аптасына екі рет «ZOOM» бағдарламасында өтті. Білім алушылар мұндай мүмкіндікті қуана қабылдап, білім алды. Ерікті студенттер өз кезегінде сапалы білім беріп, игі іске атсалысты.

Сондай-ақ республикалық «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы бойынша университетіміздің үйлестірушісімін. Университетімізге бөлінген квота шегінде студенттеріміз мектептерде, қоғамдық ұйымдарда, балабақшаларда, емханаларда, қарттар үйінде, балалар үйінде, арнайы мектептерде волонтерлік қызмет атқаруда», - деп айтып берді ЖОО қызметкері.

Еріктілер
Фото: Алмасова Айжанның жеке мұрағатынан

Айжанның сөзінше, Еуразия ұлттық университетін елдегі еріктілер орталығы деп атаса да артық емес. Себебі, ондағы еріктілер тобы елдегі барлық дерлік шараларға белсенді түрде атсалысып келеді.

«ЕҰУ еріктілер орталығы деп әбден айтуға болады. Себебі, университетіміз көптеген республикалық шараларға қатысты. Тарихымызға үңілсек, 2017 жылы өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне университетіміздің қызметкерлері мен білім алушылары белсене атсалысты. Атап айтсақ, университетіміздің 1500-нан аса студенті атсалысып, әуежай, аурухана, вокзал, қонақ үйлері, мәдени орындарда және тағы басқа құрылымдарда жұмыс атқарды. Қаламыздағы бас штаб университетімізде орналасты.

Арыс қаласында 2019 жылдың 24 маусымында орын алған жағдайға орай университет студенттері көп көмегін тигізді.

2019 жылдың 26 тамызында Мемлекет басшысы Қаулыға қол қойып, 2020 жыл – «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Елбасы негізін қалаған ЕҰУ бұл бастаманы қолдайды және жыл бойы алға қойылған жұмыстарды атқаруға дайын. Осыған байланысты биыл университетімізде «ENU Volunteers» жобасы іске қосылды.

Бұл жобаның мақсаты – студенттердің рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, олардың қоғамдық-азаматтық ұстанымын қалыптастыру, қоғамға пайда келтіру, университеттің беделін арттыру және т.б.

Университетімізде көптеген еріктілер ұйымдары бар. Атап айтсақ, «Қамқор» еріктілер одағы, «Gezzelig», «Мейірім», Эковолонтерлер клубтары, «Sunset» қайырымдылық қоғамдық жастар ұйымы, т.б. Әр ұйымның өз жұмыс жоспары бар, сол бойынша университетімізде, әлеуметтік мекемелерде концерттер, акциялар, қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізіп тұрады».

ЕҰУ еріктілер орталығының қызметі де бірнеше бағыттан тұрады екен. Қайырымдылық, мәдениетті дамытуға үлес қосу, өнерді қолдау және т.б. Мұның барлығы қазіргі жас буын -студенттердің болашақтағы болмысын қалыптастыру үшін керемет мүмкіндік, дейді Айжан.

«Жобаның негізгі 6 бағыты бар. Айтар болсақ, «Жақсы іс» бағыты, «Мәдени сұхбат» бағыты, «Қайырымды орта» бағыты, «Өрісті өнер» бағыты, «Таза елорда» бағыты, «Медиа алаң» бағыты. Студенттер арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары, іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады», - дейді жас маман.

Айжан университет қабырғасында еріктілік қызметке арнайы дайындамайтынын да жеткізді. Дегенмен, оқу орын қабырғасында мұндай студенттерді арнайы грамоталармен, мақтау қағаздарымен мадақтап тұрады.

«Университет белсенді еріктілерді университет басшылығының атынан мақтау қағазымен, алғыс хатпен марапаттайды. Сондай-ақ, семинар, форум, туристтік іссапарларға қатыстырады», -деп бөлісті аға маман. .

«Жасаған жақсылығым еленіп, адамдардың шынайы қуанғаны мен үшін үлкен сый» деп санайтын Айжан Алмасқызы мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасыдан шыққан, аз қамтылған отбасыдан шыққан білім алушыларға әлеуметттік қолдау көрсетуге баса назар аударады.

Десек те, еріктілікпен айналысудың қиын тұсы да жоқ емес. Мәселен, жақындарың қарсы болса, еріктілікпен айналсу қиынға соғады дейді ерікті.

«Менің жақындарым жұмысымды қолдайды, олардың тараптарынан қарсылық жоқ», - дейді ол.

Сөз соңында университеттің жас маманы жастарға ерікті ретінде айтары бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, ерікті болу үшін ниет қана емес, сонымен бірге кең жүрек қажет.

«Ерікті болу үшін үлкен жүрек керек. Ерікті болу кезінде қандай да бір орын алған қиындықтардың бәрі өтпелі. Бастысы көмегіңіз бен жақсылығыңыздың орнына қайтарым күтпеуіңіз керек. Сонда ғана сіз өзіңізді шынайы ерікті деп санай аласыз», - деп сөзін аяқтады Айжан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1873539-eurazia-lttyk-universitetini-kyzmetkeri-erikti-bolu-sin-zrek-kerek/

pixel