Спирт қосылған тағамды жеуге бола ма
Жарияланған күні:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі спирт қосылған тағамды жеуге бола ма деген сауалға жауап берді деп жазады Muftyat.kz.
Қазіргі таңда көптеген дәрілерге, иіссуларға, азық-түлік құрамына тағы сол сияқты өнімдерге белгілі бір мөлшерде спирт қосылатыны белгілі. Спиртті қосудағы мақсат – құрамындағы кейбір заттарды еріту және ұзақ мерзімге сақтау.
Осы орайда діни басқарма сприт қосылған тағамды пайдалану қаншалықты дұрыс деген сауалға қатысты жауап берді.
ҚМДБ мәліметінше, имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла ол кісіге рақым етсін) мәзһабында жүзім мен құрмадан өндірілген шарапты – нәжіс әрі харам деп атаған.
Дегенмен мүфтияттың хабарлауынша, техникалық, медициналық спирттер адамды мас ету тұрғысынан харам саналғанымен, синтетикалық және ферментациялық жолмен алынғандықтан, нәжіске жатпайды.
"Спирттің қандай да бір түрі тағамға қоспа ретінде қосылса, алайда құрамы өзгермесе, шариғи тұрғыдан ондай тағамды тұтынуға рұқсат етілмейді.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Мас ететін ішімдіктің азы да, көбі де – харам" (Тирмизи) деген.
Үкім:
- Тағамдық қоспа ретінде қосылған спирттің құрамы өзгермесе, ондай тағамдарды, тәттілерді жеуге болмайды.
- Тағам құрамындағы спирт құрамының өзгеріп-өзгермегендігі зертхана мамандарының нұсқаулығы негізінде ғана анықталады", - делінген шариғат және пәтуа бөлімінің жауабында.
Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстан мұсылмандары Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Абдуалиев есектің сүтін емдік мақсатта ішуге бола ма деген сауалға жауап берген болатын.
Одан бөлек, 500-ден астам шөптің түрімен қоректенетін ешкі сүтінің пайдасы туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1886023-spirt-kosylgan-tagamdy-zeuge-bola-ma/