Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Топ-10: 2020 жылдың үздік дорамаларын білесіз бе

Опубликовано:

Дорама
Фото: softbox.tv

2020 жылы әртүрлі жанрда дорамалар жарық көрді. Бірі көп күттіріп, көрермен үмітін ақтай алмаса, енді бірі кенеттен шығып, рейтингтерде топ жарды. Жылдың үздігі деп танылған дорамалар топтамасын massaget.kz сайты назарға ұсынды.

Патша: Мәңгілік монарх / Король: Вечный монарх 

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: мелодрама, фэнтези

Басты рөлдерде: Ли Мин Хо, Ким Го Ын, У До Хван, Ким Ген Нам

Танымал "Жігіттің сабаздары" телехикаясынан кейін жұрттың сүйіспеншілігіне ие болған Ли Мин Хо эфирге жаңа рөлімен оралды. Сериал желісі бойынша параллель әлемде өмір сүретін корей патшасы Ли Гон қара күштердің көмегімен ашылған екі әлем арасындағы порталды жабуға тырысады. Алайда өзге әлемде ол полиция қызметкері Чоң Тэ Ильмен танысып, бойжеткенге ессіз ғашық болады. Енді ол әлемді құтқарып қана қоймай,  ғашығымен байланысты сақтап қалуы керек.

Қосымша / Факультатив

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: драма, криминал, триллер

Басты рөлдерде: Ким До Хи, Пак Чу Хен, Чон Да Бин,Нам Юн Су

Жоғары сыныпта оқитын Чи Су ата-анасынан ерте айырылып, ерте еңбек ете бастайды. Алайда тапқаны күнделікті шығынынан артылмай, жоғары оқу орнына ақша жинау үшін ол бұрыс жолмен табыс табуға бел буады. Чи Судың мақсаты 90 миллион вон жинау. Ол мобильді қосымша арқылы жеңіл жүрісті қыздарды қорғау қызметін ұйымдастыру қызметін ұсынып, 60 миллион жинап үлгереді. Бәрі ол ойлағандай жалғаса берер ме еді, бірақ оның бұл құпиясын сыныптасы біліп қояды.

Кумихо / История девятихвостого лиса

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: мелодрама, фэнтези

Басты рөлдерде: Ли Дон Ук, Чо Бо А, Ким Бом, Ким Ен Джи

Ли Ён – адам кейпіндегі тылсым күшке ие кейіпкер. Ол адамдарда қорқыныш, жауыздық немесе арам пиғылды туғызатын қара күштермен күрес жүргізе отырып, өзінің бірнеше жүздеген жыл бұрын қаза тапқан алғашқы махаббатын қайта жолықтыратын сәтті күтіп жүр. Ал оның інісі Ли Ран адамдарды аса жақтыра қоймайды. Ағалы-інілілердің арасындағы түсініспеушілік қалай шешімін таппақ?

Апатты жағдайдағы махаббат / Аварийная посадка любви

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: мелодрама

Басты рөлдерде: Хен Бин, Сон Е Джин, Со Джи Хе, Ким Джон Хен

Оңтүстік Корея миллионерінің мұрагері парапланеризммен айналысып жүргенде қатты дауыл астында қалып қояды. Кейін бойжеткен Солтүстік Корея аймағында оянады. Оны әскери адам құтқарып қалған екен. Басында оны тыңшы деп ойлағанымен, кейін бойжеткеннің жай ғана апат құрбаны екенін ұғады. Біраз уақыттан соң, екеуінің арасында сезім ұшқыны пайда болады. Бірге болу мүмкін емесін түсінсе де, жүрекке әмір жүрмейді. Енді жігіттің басты міндеті – сүйген аруын аман-есен еліне жеткізу.

Ерлі-зайыптылар әлемі / Мир женатой пары

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: драма

Басты рөлдерде: Ким Хи Э, Пак Хэ Джун, Пак Сон Ен, Ким Ён Мин

"Ерлі-зайыптылар әлемі" отбасылық мәселелер мен қиындықтарды паш етеді. Бас кейіпкер Чжи Сон - дәрігер. Ол барлық уақытын жары мен ұлына арнайды. Чжи Сон ешқашан жарының адалдығына күмән келтірген емес. Алайда уақыт өте шын сүйген адамының опасыздыққа барғанын дәлелдейтін деректер шыға бастайды. Бұның бәріне сене қоймаған Чжи Сон жарының соңына түседі. Уайым мен қорқыныштан бақытты отбасының берекесі қашады. Бұл дорама отбасылық қарым-қатынастың шыныдай нәзік келетінін аңдатады. Оған түскен бір сызат қарым-қатынастың толықтай шытынап кетуіне себеп болуы әбден мүмкін.

Есінен адасқан, алайда бәрі дұрыс / Псих, но всё в порядке

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: драма, мелодрама, фантастика

Басты рөлдерде: Ким Су Хён, Со Е Джи, Пак Кю Ен, О Джон Сэ

Мун Кан Тэ психикалық ауытқуы бар адамдарға арналған орталықта қызмет етеді. Одан бөлек, Кан Тэ науқас ағасы Сан Тэге қарайласып жүреді. Бір күні ол танымал балалар жазушысы Го Му Енмен танысады. Жазушы жылдар бойы психикалық дертпен күресіп жүргенін оның іс-қимылына қарап бірден аңғаруға болады. Кан Тэ жазушыға ғашық болып қалады. Енді ол тек ағасына ғана емес, жылулық сезінбей өскен Му Енға да көмек қолын созуы керек.

Итхэвон сыныбы / Итхэвон класс

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: драма

Басты рөлдерде: Пак Со Джун, Ким Да Ми, Квон На Ра, Ю Джэ Мен

Жаңа мектепке ауысып келген Пак Сэ Рой алғашқы күннен-ақ басы бәлеге қалады. Себебі, ол мектептегі бұзақы Чжан Гын Вонға қарсы шығып, әлсіздерді қорғап қалмақ болады. Кейін Гын Вон оның әкесі қызмет ететін мейрамхана желісінің иесі екені анықталып, мейрамхана басшысы Се Ройға ұлының алдында аяғына жығылып кешірім сұрауды талап етеді. Бірақ, бас кейіпкер төбелесті бастамағанын, тек дөрекілікке сәйкесінше жауап қатқанын алға тартып кешірім сұрамай қояды. Соңында бас кейіпкерді мектептен шығарса, оның әкесін жұмыстан босатады. Бұл тек қиындықтандың басы ғана еді. 

Табиғи сұлулық / Истинная красота

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: мелодрама, комедия

Басты рөлдерде: Мун Га Ен, Чха Ын У, Хван Ин Еп, Пак Ю На

Сұлулықты алғашқы орынға қоятын қоғамда ұсқынсыз болу оңайға соқпайды. Сұлулардың қатарына жатпайтын жоғары сынып оқушысы Лим Чжу Ген біраз уақыт бойы сыныптастарының мазағына төзуге мәжбүр болады. Тек отбасы жаңа ауданға ауысып, мектеп ауыстырған кезде ғана бояну арқылы өзін толықтай өзгерте алады. Жаңа мектеп. Жаңа өмір. Осылайша бойжеткеннің бақытты кезеңі басталады. Тек өткен өмірінің қорқынышты естеліктері артынан қалар емес.

Пентхаус 

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: драма

Басты рөлдерде: Ю Джин, Ким Со Ен, Ли Джи А, Ом Ги Джун

Әлеуметтік жағдайға қарай бөліну – кез келген мәдениеттің ажырамас бөлшегі екені таңсық дүние емес. Бұл дорамадағы оқиға үлкен пентхауста өмір сүріп жатқан бай адамдардың өмірін паш етеді.

Стартап 

Дорама
Фото: softbox.tv

Жанры: мелодрама

Басты рөлдерде: Пэ Су Джи, Нам Джу Хёк, Ким Сон Хо, Кан Хан На

Бас кейіпкер Со Даль Ми өзінің бизнесін ашу үшін оқуын тастап, мақсатына жету жолында Нам До Сан және Хан Чжи Пен есімді өзі қатарлы жастармен танысады. Қаражаттың жоқтығына қарамастан, олар ортаға өз пайдасын тигізетін қосымша ойлап табу үшін жұмыс істей бастады.

Т. Есқали

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1890968-top-10-2020-zyldy-zdik-doramalaryn-bilesiz-be/

pixel