Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирус шаштың түсуіне алып келе ме: Білікті маман жауап берді

Жарияланған күні:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қазір халық арасында коронавирустан кейін шаштың түсуі жиілейді деген пікірлер кездеседі. Осы орайда аталған тақырып төңірегіндегі сауалдарға бас терісі ауруларын емдеумен айналысатын трихолог дәрігер Делнұр Қамбарова жауап берді деп хабарлайды Қазақпарат.

Делнұр Қамбарова соңғы уақытта өзі жұмыс істейтін орталыққа шаш түсуі мәселесімен емделуге келетіндер көбейгенін жасырған жоқ.

Оның сөзінше, бұл кездейсоқ жағдай емес. Себебі коронавируспен ауырған науқастарда шаштың түсуі жиі кездеседі, дейді маман.

Қамбарова індет организмдегі түрлі вирустарға қарсы тұратын иммундық жүйені жойып жіберетінін атап өтті. Сондай-ақ, ағзадағы ұсақ тамырларды зақымдайды. Яғни, капилляр тамырларда тромбоз (қан айналымының баяулауы) пайда болады.

"Ал шаш негізгі қорегін осы ұсақ тамырлар арқылы алады. Біздің күнеделікті ішетін тағамдардың құнары қан құрамына түсіп, бірінші ретте жүрек, бүйрек және өкпеге бағытталады. Ал одан қалған қан құрамындағы нәрлі заттар ұсақ тамырлар арқылы бас терісіне барады. Ал коронавирусқа шалдыққандардың қаны ұйып, салдарынан капилляр тамырлар бітеледі. Осы кезеңде шаш қажетті қорегін ала алмайды. Бұл шаштың ерте түсуіне алып келеді", - дейді дәрігер.

Қамбарованың айтуынша, коронавирустан емделіп шыққан науқаста шаштың түсуі 3-5 айдан соң басталады.

Ол елімізде коронавирус маусым-шілде айларында өршігенін айта келе, осы аралықта індетке жұқтырған адамдар шаш түсуінің жиілегенін енді байқап жатқанын сөз етті.

Сарапшы бұл дерт жас ерекшелігіне қарамастан көбінде кездеседі, дейді.

Оның сөзінше, қобалжудың қажеті жоқ. Себебі коронавирус салдарынан пайда болған шаш түсу ауруы емделеді екен. Тек дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінсеңіз болғаны, дейді маман.

"Дәрігерлер кешенді ем арқылы қан айналымын реттеп, дұрыс тамақтану жолдарын ұсынады. Қазір бойында қоректік заттары мол тағамдарды тұтынған дұрыс. Құрамында қанты бар газдалған сусындардан бас тарту қажет. Себебі бұндай сусындардың құрамындағы зиянды заттар тамырды бітеп, қан айналымы жүйесін бұзады. Сонымен қатар, фастфуд және жартылай дайын өнімдерден де бас тару керек.

Керісінше қой етін және сүт өнімдерін жиі тұтынғанымыз дұрыс. Індеттен қорқып, күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Өйткені стресске бой алдырған адамның бас терісіндегі ұсақ тамырлары қалыпты жұмыс істеуін тоқтатады" , - деді медицина маманы.

Ол таза ауада серуендеп, дене шынықтыру жаттығуларын жасау қан айналымын реттеуге көмектесетінін жеткізді. Сондай-ақ Д дәруменін қолдану иммундық жүйені қалыпқа келтіруге ықпал етеді, дейді Қамбарова.

Дегенмен мамандар үйде өз бетінше ем алмай, бірінші кезекте дәрігер көмегіне жүгінуге кеңес береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1891584-koronavirus-sasty-tsuine-alyp-kele-me-bilikti-maman-zauap-berdi/