Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Коронавирустың беті қайтады": Отандық нумеролог 2021 жылға болжам жасады

Опубликовано:

Коронавирус
Көрнекі сурет: novostivolgograda.ru

Отандық нумеролог Арай Ерболқызы 2021 жылға қатысты болжамдарымен бөлісті. Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай ауылда тұратын ол сиыр жылының басты ерекшеліктеріне тоқталып, коронавирус індетінің қарқыны аздап бәсеңдейтінін болжады. KAZ.NUR.KZ нумерологтың биылғы жылға болжамын назарға ұсынады.

"Тышқан жылының біздің елге ғана емес, бүкіл әлемге түсірген ауыртпалығы көп болды. Қазір барша халық жаңа жылға үмітпен қарап отыр. Жақсылықтан үміттенгеніміз өте оң шешім. Нумерологияда жылдарды бір санға әкеліп реттейміз. Демек, биылғы жылға тән сан – 5. 2021 жыл жаңа бастама көтеретін, жаңа кәсіп ашатын, жаңа биіктерді бағындыруға ұмтылатын жандар үшін өте сәтті болмақ. Адамдардың білім алуға, өзін жетілдіруге күш салғаны дұрыс. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеп, мол ақша табатын жыл.

Дегенмен, 2020 жылғы қиындықтардың бәрінен демде құтыламыз деп айта алмаймын. Өйткені, өткен жылға тән цифр 4 болса, биылғы жылдың басты саны – 5. Бұл екі сан да кармалық ауыр сандар болып саналады. Белгілі бір ауыртпалық бәрібір қалады. Адамдардың төзімді болғаны, тәртіпті сақтағаны дұрыс. Жыл ортасынан асқан соң індеттің беті қайтады. Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Тәртіпке бағыну керек", - дейді Арай.

Нумерологтың айтуынша, одан биылғы жылдың қандай болатынын сұраушылар көп. Сондай-ақ өз өміріне, тағдырына алаңдайтындар жиі кеңес алады.

"Нумерологияға бала күнімнен қызықтым. Сандардың біздің өмірімізге тікелей қатысы барын кішкентайымнан-ақ сезетінмін. Бұл бал ашып, болашақты болжауды білдірмейді. Нумерологияда бәрі санға байланысты. Сандар да сөйлейді, сандардың да адам тағдырына тигізетін әсері бар. Менен кеңес алатындар көп жағдайда қашан тұрмысқа шығатынын, қай жылы бала көтеру дұрыс екендігін, қашан көшіп, үй немесе көлік сынды құнды дүниелер сатып алуға қай уақыт оңтайлы болатынын сұрайды.

Бәрінен бұрын адамдар өздері туралы білгісі келеді. Өздерінің мінездемелері арқылы қандай іске бейімі бар екенін, қандай жұмыс арқылы көп ақша табуға болатынын сұрайды. Содан соң, әрине, жұптық сәйкестіктер қызықтырады. Көпшілік адам өздерінің екінші жартысымен қаншалықты сәйкес екендіктерін білуге құштар", - дейді ол.

Арай Ерболқызы - екі баланың анасы. Бастауыш сыныпта сабақ береді. Алыс ауылда отырса да нумерологияны терең меңгерген ол бұл саланың бала тәрбиесіне көмегі көп екенін айтады.

"Біз балаларымыз кішкентай кезде оның не нәрсеге бейім келетінін біле бермейміз. Қай салаға бағыттаймыз, қандай үйірмеге береміз деген сияқты ой кез келген ата-ананы алаңдататыны рас. Міне, осы жерде нумерология көмекке келеді. Баланың туған күні мен туған жылындағы сандарды бір ізге келтіру арқылы оның қай салаға жақын екенін оңай анықтауға болады. Қаңтарда туған бала мен наурызда туған баланың арасы жер мен көктей. Әр баланың мінезіне оның туған күні тікелей әсер етеді. Демек, бала тәрбиесінде де бұл қажет дүние", - дейді нумеролог.

Арайдың айтуынша, нумерологияны "Аллаға серік қосу" деп айту әбестік.

"Меніңше, нумерологияны адамдарға бағдар беретін сала деп қабылдау керек. Адамдардың өмірден орнын табуына, өзінің сүйікті ісімен айналысуына бағыт беріп қана қояды. Сандардың ғана қатысы бар. Балгерлер секілді "алда олай болады, бұлай болады" деген нақты шешімдер жоқ мұнда. Тек сандардың әсері арқылы анықталады бәрі", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1892695-koronavirusty-beti-kajtady-otandyk-numerolog-2021-zylga-bolzam-zasady/

pixel