RU

Үйлену тойына бірнеше күн қалған қалыңдық ата-анасымен бірге көз жұмды

Қалыңдық
Көрнекі фото: pexels.com

Оңтүстік Африка республикасының тұрғыны үйлену тойына бірнеше күн қалғанда коронавирустан қайтыс болды деп хабарлайды РИА Новости.

Дурбан қаласының 26 жастағы тұрғыны Зои Фрешуотер 11 жылдан бері кездесіп жүрген жігітімен шаңырақ көтермек болған. Қос ғашықтың үйлену тойы өткен жылдың желтоқсан айының соңында өтуі тиіс еді.

Алайда қалыңдық аяқ астынан коронавирустың белгілерін сезіне бастаған. Дегенмен ол мұны той алдындағы күйзеліспен, дайындықпен байланыстырыпты. Денсаулығына мән бермеген ару ауруы асқынып, 25 желтоқсанда қайтыс болған.

Басылымның жазуынша, COVID-19 инфекциясын Фрешуотердің ата-анасы да жұқтырған екен. Қалыңдықтың 63 жастағы әкесі Грег 23 желтоқсанда, ал 52 жастағы анасы бір тәуліктен кейін өмірден өткен.

Айта кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы дерегінше, бұл елде 1,2 миллион адамнан ауру анықталған. Соның ішінде 33 мыңнан астам адам вирустың құрбаны болған.

Еске сала кетсек, АҚШ-та коронавирус жұқтырған қалыңдық той болатын күні ауыр халге түсіп, көп ұзамай қайтыс болғанын жазған едік.

29 жастағы Стефани Линн Смит 31 жастағы ғашығы Джейми Бассеттпен 13 қараша күні некесін қидырып, той жасауы тиіс болған. Стефани сол күні өзін нашар сезіне бастайды. Ол кезде қалыңдық коронавирустың белгілерін сезбеген екен.

Алайда 17 қараша күні Стефанидің жағдайы тіпті ауырлап, ол жансақтау бөліміне жатқызылады. Келесі күні таңертең дәрігерлер туыстары мен күйеу жігітке қалыңдығының қайтыс болғаны туралы суыт хабар жеткізеді.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1893312-jlenu-tojyna-birnese-kn-kalgan-kalydyk-ata-anasymen-birge-kz-zmdy/