Коронавирус: Түркіменстанда қызылмия тамырының шәрбатын өзімен алып жүру міндеттелді
Жарияланған күні:
Түркіменстанның Лебап облысында шенеуніктер, бюджет қызметкерлері мен мектеп оқушылары өздерімен бірге қызылмия тамырының шәрбатын алып жүруге міндеттелді деп хабарлайды Азаттық радиосысының түркімен қызметі.
Шөптен жасалған шәрбәт мемлекеттік мекемеде оқитын немесе қызмет ететін әрбір жұмысшының дәрі қобдишасында болуы керек.
Басылымның жазуынша, тіпті Фарап ауданында бюджет қызметкерлеріне осындай дәрі қобдишасы болмаса жұмысқа жіберілмейтіні туралы ескерту жасалған.
Мектеп оқушыларына да осындай талап қойылған.
18 қаңтарда сабақ басталғаннан кейін балалардың қобдишасында қызылмия тамырының шәрбаты, антисептик, бес медициналық маска, оксолин жақпа майы мен резеңке қолғап болуы міндетті. Егер аталған дәрілер мен қорғаныш заттары болмаса мұғалімдерге сөгіс жарияланып, ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетсек, 2020 жылы 25 желтоқсанда үкіметтің отырысына қатысқан Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов қызылмия тамырының пайдасы туралы айтқан еді. Ол шөп тамыры коронавируспен күресте тиімді дәрі бола алады деп топшылаған.
Елде коронавирус белгілері бар аурумен ауырғандардың және өлім-жітім жағдайларының көбейгеніне, сондай-ақ қабылданған шектеу шараларына қарамастан, Түркіменстан басшылығы өз аумағында COVID-19 инфекциясы фактілерін әлі растаған жоқ.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркіменстанда полиция маскасыз көшеде жүргендерді ұстап, айыппұл салып жатқанын жазған едік. Ал төлей алмағандарды мақта алқабына шығарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1893460-trkimenstanda-kyzylmia-tamyryny-srbatyn-zimen-alyp-zru-mindetteldi/