Әуе апатынан аман қалған ұшқыш бір ай бойы джунгли кезген (фото, видео)
Жарияланған күні:
Қаңтардың аяғында болған әуе апатынан аман қалған ұшқыш бір айдан астам уақыт джунглиді кезуге мәжбүр болған деп хабарлайды DailyMail басылымы.
Бразилиялық 36 жастағы ұшқыш Антонио Сена Аленкер қаласынан көрші Альмейрим қаласына жеңіл қозғалтқышты Cessna 210 ұшағымен ұшып шыққаннан кейін хабарсыз кетеді. Амазонка джунглиінде болған ұшақ апатынан аман қалған Антонио бір ай бойы орманды кезгеннен кейін ғана кездейсоқ табылған.
Ұшақтың бұзылуына байланысты ұшқыш шұғыл қонуға мәжбүр болған екен. Қонғаннан кейін ұшақ бірден өртеніп кетіпті. Нәтижесінде, Сена джунглиді 36 күн бойы кезген - оқиғадан бір апта өткен соң құтқару тобы оны іздеуді тоқтатқан, өйткені олар тіпті ұшақтың сынықтарын да таба алмапты.
Антонио ұшағы өртенбей тұрып ішінен алып үлгерген тағамның қалдықтарын, сондай-ақ джунглиден тауып алған құс жұмыртқалары мен жемістерді жеп жан сақтаған. Әуе апатынан бес апта өткен соң ғана ұшқыш каштан терушілер тобына кездейсоқ орман ішінде жолығып, үйіне орала алған.
"Менің тірі қалуыма күш-жігер берген жалғыз нәрсе - отбасыма деген сүйіспеншілігім", - дейді Сена.
Еске салсақ, бұған дейін 32 жыл бойы күнде тас жейтініне қарамастан, дін аман жүрген қария жұртты таңырқатқанын жазған едік. Ол бұл әдеті дәрігерлерді шошытып отырғанын да жасырмайды. Десе де, ақсақал тастағы кальций оған күш беретініне сеніп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1902651-aue-apatynan-aman-qalgan-usqys-bir-ai-boiy-dzungli-kezgen-foto-video/