Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Егер "халық жауы" болсам": Сталиннің өзіне тікелей талап қойған қазақ қызы жайлы білесіз бе

Опубликовано:

Халида Маманова
Халида Маманованың бейнесі. Көрнекі сурет: "Замана" басылымы

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ қыздары аз болмаған. Солардың бірі Халида Маманова. Бұл жазбамызда батыр қыздың өмірі, ел үшін жасаған еңбегі жайлы тың деректер ұсынамыз.

Майдангер Халида Маманова жайлы не білеміз?

Халида Маманова 1918 жылы қазіргі Алматы облысының Жансүгіров ауданында дүниеге келген.

1941 жылы Қазақ медицина институтын "Емдеуші дәрігер" мамандығы бойынша бітірген. Кейін Ғылым академиясы физиология институтының аспирантурасына оқуға түскен. Бірақ көз ұзамай 1942 жылы майданға аттанады.

Ол кездері жоғары оқу орнын бітірген адамға бірден лейтенант шені берілетін болған, бірақ Халида Мамановаға ондай әскери шен берілмеген, оны тіпті медбикелікке де алмаған көрінеді. Ол окоп қазатын, қаза тапқандарды жерлейтін командаға жіберілген.

Мұның басты себебі Халиданың бай тұқымынан шыққанына байланысты болса керек.

Халида Маманованың әкесі Есенқұл Жетісу өңіріне белгілі атақты Маман байдың ұлы болған, ұжымдастыру, байларды тәркілеу кезінде өкімет бар дүние-мүлкін сыпырып алып, оны отбасымен бірге Ресейдің Пермь қаласына жер аударып жіберген. Ол кезде Халида 10 жаста еді. Бұл туралы ult.kz сайтында жарияланған сұхбатта Медет Еженұлы Маманов мынадай мәлімет берген:

"Халида көкем, менің әкем, Ибрагим ағаның әкесі – Есенғұл қажы қазақтың алғашқы меценаттарының бірі. Жалпы, 1928-1932 жылдары Маман әулетінің 15 адамын атып тастады, 35 отбасының дүние-мүлкін, малын тартып алып Сібір мен Қиыр Шығысқа айдап жіберді. Есенғұл Мамановтың отбасы 3 жылға Пермь қаласына жер аударылды. Осы жақта Есенғұл атам екі ұлынан айрылды. Үлкені Смағұл каторганың ауыр жұмысында жүріп, Халида көкемнен кейінгі кіші баласы – Жажас қатты науқастанып қайтыс болды. Үш жыл жер аудару мерзімі аяқталып, отбасы елге қайтып келе жатқанда, ауыр жұмыстан әбден титықтап, туберкулез жұқтырған Есенғұл атамыз Орынборда қайтыс болып, қаланың шетіндегі мұсылмандар қорымына жерленген".

Ал шын мәнінде Маман әулеті Жетісуда Қытаймен сауда керуендерін жүргізіп, кедендік бекеттер орналастырып, оған қоса Қапалда медреселер желісін ашқан.

"Маман әулеті ел ішінен балалар жинап, оларды өздері ашқан медреселерге оқытып, үздік бітіргендерді Ресейдің жоғары оқу орындарына жіберіп отырған. Шетке оқуға кеткен балаларға жылына 300 сом орыс ақшасымен стипендия төлеген. "Мамания" мектебінде Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Дүйсетай Бекежанов, Жәкен Қалиұлы, Оңалсын Жұмабеков, Мұхтар Арын, Қажымхан Мәсімов оқыған".

Халида Маманова Сталинге қандай талап қойды?

Жер аудару секілді жайттар сол кезде құжаттарға тіркеліп, жазылатын. Жоғары білімді Халидаға осы себепті саяси сенімсіздік болған. Бұған қатты намыстанған бойжеткен майданда тікелей КСРО басшысы, бас қолбасшы Иосиф Сталиннің өзіне хат жазып, талап қойған.

"Егер "халық жауы" болсам, ендеше мені айыптылар ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан барлық айыпты алып тастауыңызды сұраймын", - деп жазған хатында ол.

Халида Маманова медициналық қызметтің аға лейтенанты шенімен 90 күн бойы қылмыстық батальонда қызмет етуге мәжбүр болған жалғыз әйел. Майданда өзінің батылдығымен, адалдығымен көзге түскен ару 1943 жылы ақталып, авиациялық батальонға ауыстырылған, тиесілі әскери шен беріліп, сондағы амбулаторияның басшысы болған.

Халида Маманова Сталинград түбіндегі шайқастардан бастап, Балтық жағалауындағы елдерді, Польшаны, Чехословакияны, Австрияны жаудан азат етуге қатысқан, Германияға дейін жеткен. Ол ерлік істері үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.

Халида Маманова
Батыр қыз - Халида Маманова. Көрнекі сурет: diapazon.kz

Бес майданда еңбек еткен жалғыз гинеколог-дәрігер

Соғыс жылдарында 24 жастағы бойжеткен КСРО-ға қарсы әскери шабуылдың салдары демографияға қандай залал әкелетінін түсінді. Халида Маманова 1943 жылы майдандағы әйелдер госпиталінде гинеколог дәрігерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп, әйелдер ауруларының алдын алуға және жүкті әйелдерді сақтау және қадағалау шараларына атсалысты.

"Диапазон" басылымында жарияланған "Казахская графиня спасла 20 тысяч женщин" мақаласында бес майданда қызмет еткен жалғыз гинеколог-дәрігердің 1943 жылдың тамызынан 1945 жылдың мамырына дейін 21913 әйелді тексеріп, аман алып қалуға септігін тигізгені жазылған.

Әскер қатарында капитан шеніне дейін өскен. Соғыстан кейін Алматы медицина институтында, кәсіподақ жүйесінде еңбек еткен. 1959 жылдан бастап Ақтөбе медицина институтында (қазіргі Батыс Қазақстан медицина академиясы) қызмет атқарған. Осы оқу орнындағы патология кафедрасын ұйымдастырған, кейін оның меңгерушісі болған.

Сонымен қатар ғылыми жұмыстармен айналысқан, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Медицина саласына сіңірген еңбегі үшін "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған.

Халида Есенғұлқызының анкетасында орыс, неміс, латын тілдерін, КСРО халықтарының тілдерінен қазақ, татар, өзбек тілдерін және мұсылман тілдерін өте жетік меңгергені жазылған.

Халида Маманова 1977 жылы шілде айында Болгарияда демалыста жүрген кезінде белгісіз жағдайда қаза тапқан.

2023 жылы Халида Маманованың туғанына 105 жыл толды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1907872-eger-xalyq-zauy-bolsam-stalinnin-ozine-tikelei-talap-qoigan-qazaq-qyzy-zaily-bilesiz-be/