Табақ тарта білесіз бе: сыйлы қонақты дұрыс күтуге қатысты қыз-келіншектерге пайдалы кеңес
Жарияланған күні:
Той-жиынсыз күні құр өтпеген қазақтың қонақ күтуінің өзі – бір мектеп. Қазірде ұмытып бара жатқан, жастар мән бермей жататын бір аталы өнер бар. Ол – табақ тарту дәстүрі. Бұл материалда табақ тартудың қыр-сырын жазып шықтық.
- Мақалада қазақтың ұлттық дәстүрі табақ тарту туралы айтылған, оның қонақжайлықтың көрінісі екені атап өтілген.
- Табақ тарту реттілігі, ет мүшелерін бөлу ережелері және әр мүшенің маңызы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген.
- Этнограф Болат Бопайдың еңбегіне сүйене отырып, бас табақ, орта табақ, аяқ табақ сияқты 15-тен астам табақ түрлері және олардың ерекшеліктері сипатталған.
Табақ тарту реттілігі қандай?
Қазақ халқы үйінде асым еті бола тұра, қонақ келгенде мал сойып, алдына былқылдаған ет ұсынады. Бұл – қонаққа ізет пен құрмет көрсетудің мәртебесі. Ет қонақтардың санына қарай арнайы бөлініп, алдын ала дайындалып асылады. Етті мүшелеу ұлттық дәстүрге сай, әр мүшені дұрыс үлестіруді талап етеді.
- Ең қадірлі саналатыны – бас.
- Бастан кейінгі қадірлі мүше жамбас.
- Жамбастан кейін кәрі жілік (қар жілік).
- Одан кейінгі асықты жілік. Өзгелері осыларға қосалқы.
Жылқының ең қадірлі мүшесі жая, одан кейінгісі қазы, қарта, жал деп саналған.
Сыйға тартылатын табақтар адамына қарай: бас, орта, аяқ табақ болып үшке бөлінеді.
- Қой сойғанда бас табаққа бас, жамбас, асықты жілік, сүбесі, белдемесі, бір білем құйрық пен бауыры салынады.
- Орта табаққа бір жамбас, кәрі жілік, ұзын омыртқа, бір сүбе қойылады.
- Аяққы табаққа кәрі жіліктен бастап, қатын омыртқа, бұғана бір жауырын салынады.
Ішкі жүйелерінен бауырдан басқасы табаққа түспейді. Аса қадірлі саналатын қонаққа қой сойғанда, үстіне жылқы етінің сүр жаясы, қазы-қартасы қоса салынады.
Қазақтың тағы бір ұлттық тағамы – кеспе немесе салма. Жылқы сорпасына әдетте ащы құрт езген, оны қысқы қымыз деп те атайды.
Езілген құрттың қалдығы малта деп аталады. Оны жолаушылағанда, мал баққанда тамақ, сусын ретінде пайдаланады.
Қыстa жылқы сорпасын суыту үшін ішіне мұз салады. Мұны томыртқа дейді. Ет салған табаққа тұзын ащылау етіп құятын сорпаны тұздық дейді.
Ертеде көшпелі қазақтар сойылған малдың етін өз қарнына толтырып салып, екі басы шабылған жіліктен түтік шығарып, жерге көміп, қашан ақ бу шыққанша үстіне от жағып пісірген. Сілікпе деп аталатын бұл тағам өте дәмді келеді.
Мал етінің мүшелері жөнінде ырымдар мен дәстүрлер
- Балаға "әкең өледі" деп бас ұстатпайды.
- "Былжыр боласың" деп ми, "суға кетесің" деп жұлын жегізбейді.
- Асырап алған балаға асықты жілік ұстатады.
- Қызға "қартайтанша отырады" деп кәрі жілік ұстатпайды.
- Қонаққа асқан етке мойын салынбайды.
- "Жас босанған әйелге балаңның мойны тез бекиді" деп ыстық мойын тістетеді, - деп жазады cultural.kz сайты.
Төс – күйеу мен ұзатылған қыз сыбағасы. Сойған қойдың төсінен төстік алып, оны тұздап, отқа қактайды да, құда аталатын қонаққа басқа еттен бұрын дәм таттырады. Бұл "төске төсті тақасқан жақын болдық" деген ұғымды білдіреді.
Ұзатылған қызға сүрленген төс жіберіледі. Асқа, тойға қымыз апарған ыдысқа асықты, не кәрі жілік салып қайтарады. Піскен еттен құдаларға құйрық-бауыр таратады. "Құдалар құдай деп уәделескен, құйрық-бауыр жескен" деген сөз осыдан шыққан.
Табақ атаулары жайлы не білеміз?
Табақ тарту дәстүрі қазақтың қонақжайлығы мен ұлттық мәдениетінің ерекше көрінісі. Белгілі этнограф Болат Бопай "Қазақ кәдесі" еңбегінде табақ түрлерін атап өткен. Мысалы:
- Бас табақ – қазақтың сыйлы қонақ күту дәстүріндегі ең құрметті табақ түрі. Оны үйге ел ағалары, ақсақалдар немесе алыстан келген қадірлі адамдарға ұсынады. Бұл табаққа қойдың басы, жамбасы, ортан жілігі, арқасы, жауырыны, белдемесі, сүмбе қабырғасы, кәрі жілігі, ішек-қарны, жүрегі, бүйрегі және сирақтары салынады.
- Орта табақ – бас табақтан кейін ұсынылатын табақ. Мұнда жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа және белдеме сияқты кәделі мүшелер жасы кіші қонақтарға тартылады.
- Аяқ табақ – ең соңында, жасы кіші немесе төменгі дәрежедегі қонақтарға ұсынылады. Бұл табаққа асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа және белдеме секілді еттер салынады.
- Сый табақ – ерекше құрмет көрсетілетін жасы үлкендерге, құда-құдағиға немесе елге танымал қонақтарға арналады. Бұл табаққа қой етінің басы, жамбасы, қазы-қартасы, жал-жаясы, белдемесі, омыртқасы және басқа да еттің ең таңдаулы бөліктері салынады. Егер сиыр немесе түйе сойылса, белдеме, жая, омыртқа, өркеш және басқа мүшелер қосылады.
- Құда табақ – құдаларға арналған табақ. Қой сойылса, оған бас, жамбас, жауырын, ортан жілік, белдеме, қарын, тоқ ішек және құйрық-бауыр салынады. Жылқыдан болса, жал-жая, қазы-қарта, омыртқа, қабырға және ортан жілік қосылады.
- Құдағи табақ – құдасы жоқ, тек құдағи келген жағдайда ұсынылады. Табаққа бас, жамбас, белдеме, омыртқа, арқа, қазы-қарта, жал-жая және басқа кәделі мүшелер салынады. Егер құдағи ері тірі болса, әдетте бас берілмейді.
- Күйеу табақ – күйеубалаға арналған арнайы табақ. Мұнда асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме және тоқ ішек салынады.
- Қыз табақ – төркіндеп келген қызға арнап ұсынылатын табақ. Құрамында жамбас, асық жілік, жауырын, белдеме, тіл-жақ, сүбе қабырға, жүрек-бауыр және бүйрек болады.
- Келін табақ – келінге арналған ерекше құрметтің белгісі. Мұндай табаққа асық жілік, тіл-жақ, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, жүрек-бауыр салынады.
- Жеңге табақ – сирек кездесетін табақ түрі. Оған қойдың жамбасы, жауырыны, арқа белдемесі, сүбе қабырғасы, жүрек-бауыр, тоқ ішек және қарын-бүйректер салынған.
- Жезде табақ – балдыздар жездесіне әзіл-қалжың ретінде дайындайтын табақ. Бұл табаққа ортан жілік, жауырын, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақ салынады. Жеңге табақтан айырмашылығы – құйымшақ қосылуында, ол жездеге әзіл ретінде ұсынылады.
- Беташар табақ – келіннің "беташар" рәсімін орындаған адамға арналады. Табаққа тіл-жақ, жүрек-бауыр, ортан жілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырғалар салынып, үстіне таңдай мен әдемі кестелі қолжаулық қойылады, кейде күміс жүзік немесе теңге қосылады.
- Бала табақ – балаларға арнап әзірленген табақ. Мұнда асық жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ және қабырға салынады.
- Құрдас табақ – құрдастарға арналған сыйлы табақ. Құрамына жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа және белдеме секілді еттер кіреді.
- Қос табақ – ерекше құрмет пен сыйды білдіретін табақ. Әдетте, құрметті қонақтарға ұсынылады. Екі табаққа да жамбас, ортан жілік, арқа, белдеме, жауырын, қабырға салынады, ал біреуіне бас қосылады.
- Тілашар табақ – баланың алғаш рет тіл шығару құрметіне арналады. Бұл табаққа қойдың жамбас, кәрі жілік, жауырын, белдеме, арқа, сүбе қабырға, тоқ ішек және бас салынып, үстіне тіл-жақ қойылады.
- Төре табақ – батыр, балуан сияқты ел ағаларына ұсынылатын табақ. Мұнда бір қойдың етін түгелімен салады.
- Кежім табақ – өте сирек кездесетін табақ түрі, тек мәртебелі, құрметті қонақтарға арналады. Бұл табаққа үлкен қойдың бас-сирағымен бірге тұтас еті салынады, бөлшектенбейді. Бұл дәстүрдің ерекше мысалы ретінде Құнанбайдың Қытай қазақтарына қонаққа барғанда тартылғаны айтылады.
Табақ тарту дәстүрі қонақжайлық пен құрмет көрсету, қазақы әдепті сақтау, жомарттық пен бірлік идеясын көрсетеді. Табақ тарту арқылы жастар үлкендерден дәстүр мен ұлттық тағам мәдениетін үйренеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1910383-tabaq-tarta-bilesiz-be-qyz-kelinsekterge-paidaly-kenes/