Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рамазан айындағы төсек қатынасының әдебі: дін мамандары мен дәрігерлер не дейді

Жарияланған күні:

Ер мен әйел
Ер мен әйел бейнесі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Рамазан айында көптің көкейінде жүретін сұрақтардың бірі – жыныстық қатынасқа түсу. Ораза ұстаған адамдардың жыныстық қатынасқа түсуіне рұқсат бар ма? Дін және медицина тұрғысынан бұл сұраққа қандай жауап бар? Тәжірибелі уролог-андролог Олжас Иманғалиұлы көпшіліктің дәл осы сұрақтармен алдына жиі келетінін айтады.

Ораза кезінде жыныстық қатынасқа түсу туралы медицина мамандары не дейді?

"Маған әлеуметтік желі арқылы да, жекелей қабылдауым арқылы да осы сұрақты қоятындар көп. Қазір еліміздегі мұсылмандардың басым бөлігі ораза тұтып, ауыз бекіткен соң, бұл сұрақтың қойылуы да орынды.

Біріншіден, діни тұрғыда ауыз бекітушілердің төсек қатынасына баруына рұқсат жоқ. Бұл оразаны бұзады. Медициналық тұрғыдан да мұны қолдаймын. Өйткені, күні бойы ораза тұтқан адамның қан тамырлары үшін бұл пайдасыз.

Екіншіден, қасиетті ай бізге тек тамақты ғана емес, нәпсіні, құлақты, көзді тыюға берілген. Ендеше, айлардың сұлтанында нәпсіге тежеу сала білгеннің өзі керемет емес пе?! Ораза кезінде жыныстық қатынасқа баруға болмайды, бұл оразаны бұзады. Ал ауыз ашқан соң ерлі-зайыптылардың төсек қатынасына баруына болады", - дейді уролог-андролог.

Сондай-ақ дәрігерге осы сұрақты қоятындардың қатарына бойдақ адамдар да бар. Маманның айтуынша, ауыз бекіткен адамның анализ тапсыруы да оразаны бұзатын жайттардың бірі.

"Әлі үйленбеген жігіттер де бұл сұрақты жиі қояды. Негізі, ең құрығанда осы бір айда нәпсіні тыйған дұрыс. Мұндай кезде шәуіттің сыртқа шыққаны да оразаны бұзатын жайт саналады. Сол үшін ораза тұтушылардың түрлі анализдерден де бас тартқаны дұрыс. Қасиетті айда дұрыс тамақтанып, ағзаны күтіп өткізу ең дұрыс шешім", - дейді Олжас Иманғалиұлы.

Ислам діні бойынша ораза кезінде жыныстық қатынасқа түсуге бола ма?

Рамазан айында жыныстық қатынасқа түсуге болады, бірақ оның да өз тәртібі бар. Бұл туралы Бақара сүресінің 187-аятында былай делінген:

"Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді. (Өйткені бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер. Алла өздеріңе зиян қылатындықтарыңды біледі. Сондықтан тәубелеріңді қабыл етіп сендерді кешірді. Ал енді (бұдан былай) оларға жақындасыңдар. Алланың өздеріңе жазғанын талап етіңдер. Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де сонсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар. Мешіттерде (ғибадат етіп) ығтикәфта болған кеште әйелдеріңе жақындаспаңдар. Осы Алланың шегі, оған жақындамаңдар. Осылайша Алла сақсынулары үшін адамдарға аяттарын баян етеді".

Ер мен әйелдің қолы
Құмдағы жүрек пішіні және ер мен әйелдің қолы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ораза кезінде әдейілеп төсек қатынасына түссе не болады?

massaget.kz сайтында жарияланған ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің түсіндірмесін негізге алсақ, ораза кезінде әйелімен әдейілеп төсек қатынасында болып қойса немесе тамақ ішіп қойса, кәффарат өтеу керек болады.

Кәффарат дегеніміз не?

"Рамазан айында күндізгі уақытта әдейілеп өзінің әйелімен төсек қатынасын жасаса немесе әдейілеп тамақ ішсе, су ішсе, дәрі ішсе, тіпті, бұршақты жұтып қоятын болса, оның оразасы бұзылады. Соны оның қазасымен қоса, кәффаратын өтейді. Кәффарат дегеніміз – бір құлды азат ету, оған шамасы келмесе, 2 ай арасын үзбей ораза ұстау, оған шамасы келмесе, 60 міскінді тойдыру".

Осыған қатысты Пайғамбар хадисін негізге алуға болады:

"Бір кісі күндізгі уақытта әйеліне жақындап қояды. Сонда Пайғамбарымыздан осының пәтуасын сұрағанда Пайғамбарымыз: "Бір құл азат ет!", - деді. "Оған шамам жоқ", - дейді ол кісі. Сонда Пайғамбарымыз: "Екі ай ораза ұста", - деді. Оған да шамам жоқ дегенде, "60 міскінді тойдыр", - деді.

"Бір Рамазанда бірнеше күн, мысалы, әдейі тамақ ішіп қойды, әйеліне жақындап қойған болса, егер ешқандай кәффарат өтемесе, онда оған бір кәффарат жеткілікті. Бір Рамазанға бір кәффарат жеткілікті. Егер мысалы осы Рамазанда әдейі бірнеше рет ашып қойды, одан кейін ешқандай кәффарат өтемеді, тіпті, келесі жылдың Рамазанына келіп қалса, сол Рамазанның ішінде де кейбір күндерін солай әдейі ашып қоятын болса, онда әр Рамазанға жеке-жеке кәффараттан өтейді", - деді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1911324-orazada-zynystyq-qatynasqa-bargan-durys-pa-dariger-napsini-tyyuga-saqyrdy/