Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарбыздың жақсысы қандай болады: Таңдау жасауда кәдеге жарар кеңестер

Опубликовано:

Қарбыз
Көрнекі сурет: pixabay.com

Көп ұзамай сауда нүткелерінде қарбыз сатылымға шығарыла бастайды. Осы орайда жақсы қарбыз таңдауда кәдеге жарар кеңестерді "Замана" басылымы назарға ұсынды.

Басылымның жазуынша, қарбыз таңдарда келесі жайттарды ескерген жөн:

1. Тым кішкентай немесе тым үлкен қарбыз алмаңыз. Ең дұрысы – салмағы 5 келіден артатын қарбыз. Ұсақ қарбыз көлеңкеде өскен, азықтық заттарды мөлшерден аз сіңірген, ал үлкен қарбыз "нитратты" көп жеген болуы мүмкін.

2. Қарбыздың қабығының түсі ашық болғаны жақсы. Яғни жарық пен жылуды, азықтық заттарды жеткілікті мөлшерде алған қарбыздың қабығындағы қара-көк, жасыл-ала түстер өз сызығымен айқын көрініп тұрады.

3. Қарбызды қысып көріп таңдайтындар бар. Алайда бұл үзілгеніне ұзақ болмаған, көп тасымалданбаған қарбыздарға ғана қатысты әдіс болып табылады. Ал үзілгеніне көп болған, ұзақ тасымалданған қарбыз қысып көргенде шыртылдаған дыбыс шығармайды, өйткені оның еті біршама босаған. Сондықтан қарбызды сол қолға ұстап тұрып оны бүйірінен шапалақпен жоғарыдан төмен, төменнен жоғары қарай ұрып көру керек. Сонда ол оң қолдың соққысын сол қолға толық сезіндіреді. Бұл оның жақсы піскенінің белгісі.

4. Қарбыздың жерде жатқан жері сары емес, күңгірт қызғылт сары түсте болғаны жақсы. Бұл да оның жақсы піскенін байқатады.

5. Қарбыздың "құйрығы" емес, осы "құйрықтың" қарбызға жалғасқан тұсы "құрғақ кіндік" түрінде болғаны жақсы. Яғни өз күшімен, дұрыс піскен қарбыз сабағынан өз күшімен бөлінеді, құйрығы қурайды.

6. Жақсы піскен қарбыздың қабығын тырнақпен жыруға болмайды. Өйткені ол қатты, толық пісіп, сабағынан өз күшімен ажыраған қарбызды күн қызуынан, буланудан сақтайды. Ал егер саусақпен сырып көргенде қабық жырылып-тесілсе, онда қарбыздың толық піспеген болғаны.

7. Қарбызды бір тұсынан саусақ ысығанша ысқылап, иіскеп көрсе де болады. Егер осы кезде жаңа шабылған шөп иісі шықса, онда ол қарбыздың піспегенінің белгісі.

8. Ашыған немесе ашиын деген қарбызды алуға болмайды. Ал ондай қарбыздар жұмсақ, былқылдақ болады. Алақанмен ұрып көргенде адам су толы пакетті ұрғандай болады. Бұл – сырты бүлінбеген болса да, еті езілген қарбыз.

9. Қарбыз ірі әрі жеңіл болса, ол оның жақсы піскенінің белгісі. Яғни шикі қарбыз сырт көрінісіне қарағанда салмақты болады. Өйткені қарбыз жетілген сайын оның өзіндік салмағы ортая береді.

Материал авторы: Г. Әшірбекова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1918837-qarbyzdyn-zaqsysy-qandai-bolady-tandau-zasauda-kadege-zarar-kenester/

pixel