RU

Құлақтың шыңылдауы қандай дерттің белгісі болуы мүмкін

Шыңыл
Көрнекі сурет: pexels.com

Құлақтың шыңылдауы (тиннитус) неден пайда болады және онымен қалай күресу керек? Бұл сұрақтарға отоневролог Кира Оверченко "Доктор Питер" басылымына берген сұхбатында жауап берді.

Кира Оверченконың айтуынша, құлақтың шыңылдауына бірінші кезекте күйзеліс себеп болуы мүмкін.

"Ең жиі кездесетін себеп - мидың дыбысты естуге жауап беретін жүйке жасушаларының белсенділігінде өзгерістердің пайда болуы. Ұзақ уақытқа созылатын құлақтың шыңылы науқастың күйзеліс пен мазасыздық жағдайында болуымен тығыз байланысты", - дейді дәрігер.

Құлақтың шыңылдауы әртүрлі себептерге байланысты туындауы мүмкін. Десе де ең жиі ұшырасатын себептер бар, олар:

  • сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтың ауыруы;
  • психоэмоционалдық жағдайдың нашарлауы;
  • метаболикалық бұзылулар мен гормондық өзгерістер;
  • кейбір препараттардың жанама әсерлері.

Егер шыңыл сізді мазаласа, не істеу керек:

Дәрігерге қаралып, шыңылдың неден туындап жатқанын анықтау қажет. Құлақ шыңылына шағымданып жүрген науқас ең алдымен қанын тексеріп, сонымен қатар ЛОР-ға қаралу қажет. Кейбір жағдайларда қосымша есту тесттері қажет болуы мүмкін.

"Егер аудиометрия дәрігері есту қабілетіңіздің қалыпты екенін анықтаса, есту түтігінің дисфункциясы сынды ауру түрлеріне шалдықпаған болсаңыз және шуды қабылдауға әсер ететін препараттарды қабылдамаған болсаңыз, мазасыздану мен күйзеліс жағдайына түскен-түспегеніңізді анықтау үшін психотерапевтке қаралу қажет. Дұрыс емделу құлақтың шыңылын едәуір төмендетеді немесе тіпті толықтай жоя алады", - дейді Кира Оверченко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1925903-qulaqtyn-synyldauy-qandai-derttin-belgisi-boluy-mumkin/