Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Таулы ормандардан қарлы шыңдарға дейін: Сайрам-Өгем ұлттық паркінде нені қызықтауға болады

Опубликовано:

Өгем тау жоталары
Өгем тау жоталары. Фото: Turkistan Tourism Center

Сайрам-Өгем ұлттық паркі Түркістанның інжу-маржаны саналады. Бұл жерде табиғаттың барлық тамашасына куә бола аласыз - көркінен көз сүрінер өлкенің тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен келген туристерді қызықтыратын орынға айналуы кездейсоқтық емес. Сайрам-Өгем ұлттық паркіне барудың артықшылықтары неде, паркте нені қызықтауға болады және саяхатқа қалай дайындалған жөн? Бұл сұрақтарға жауапты KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Ұлттық парк туралы не білеміз?

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2006 жылы құрылған. Жалпы аумағы 150 мың га жуық саябақ Түркістан облысының 3 ауданын қамтиды - Қазығұрт, Төле би және Түлкібас. Өзендерге, ормандарға, сарқырамаларға, қарлы шыңдарға, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға толы таңғажайып өлке Қаржантау, Боралдайтау және Өгем тау жоталары мен Талас Алатауының солтүстік-батыс сілемдерінен құралған және Батыс Тянь-Шаньның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

Парк аумағында таулы-далалы аймақтардан бастап биік таулы аймақтарға дейін кездесетін 7 табиғи аймақ бар, онда өсімдіктердің 1635 түрі, сүтқоректілердің 59 түрі және құстардың 300 түрі кездеседі. Сондай-ақ, өңірде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануарлар мен өсімдіктер баршылық. Мысалы, мензбиер суыры, бүркіт, Тянь-Шань ақ тырнақты аюы, таутеке, ақ барыс. Аюлар, қасқырлар, түлкілер, қабандар, еліктер, борсықтар мен жайралар - саябақты мекендейтін қарапайым жануарлар. Сонымен қатар, мұнда сіз согдий шағаны, жабайы жүзім, Янчевский қарақаты, Альберт құртқашашы, Грейг қызғалдағы сияқты сирек кездесетін өсімдіктерді таба аласыз.

Жоғарғы Сайрамсу көлі
Жоғарғы Сайрамсу көлі. Фото: Turkistan Tourism Center

Өлкеде Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Бүргүлік, Бадам, Машат және Көкбұлақ өзендері ағып жатыр, ал теңіз деңгейінен 2290 метр биіктіктегі тауларда суы көк-жасыл түсті Мақпал көлі бар. Ол биік жартастармен, альпі көгалымен және аршалы селдір тоғаймен қоршалған терең шарада орналасқан. Сәл төменірек, 1700 метр биіктікте тағы бір биік таулы Сусіңген көлі бар. Көл ауық-ауық белгісіз себептерден тартыла бастайды, сондықтан "сусіңген" - "суы жерге сіңген" деп аталады.

Тамашалауға тұрарлық тағы қандай жерлер бар?

Сайрам-Өгем табиғи паркі – сан-алуан ландшафттар өлкесі. Мұнда тамаша табиғи кешендер Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи көрікті жерлермен ұласып жатыр. Мәселен, Төле би ауданында, Қасқасу ауылының шығысында жауынгерлер қабірі бар қасиетті "Мың шейіт" жері мен мешіт орналасқан. Кезінде бұл өңірлерде 6 мың шейіт болған деседі, олардың 70-і қылышпен, найзамен және сауытпен осы өлкеге жерленген.

"Қырыққыз" бейнелері
"Қырыққыз" бейнелері. Фото: Turkistan Tourism Center

Сондай-ақ, Өгем аңғарында адамдардың сұлбасына ұқсайтын тастардан тұратын "Қырық қыз" асуы бар. Әр жартас бөлек орналасқан және бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бұл тастардың айналасында көптеген түрлі түсті саз сеңі бар. Бір кездері бұл жартастардың саны қырыққа жеткен деседі. Бүгінде олардың жиырмаға жуығы қалды - үлкенді-кішілі, қайталанбас, ерекше пішінді жартастар. Тау жыныстарының пайда болуы туралы көптеген аңыз бар. Мәселен, аңыздардың бірінде бұл аңғар бір кездері хас сұлу қызы бар байдың қонысы болғаны айтылады. Бір күні байдың қызына ханның көзі түседі, ол ауылға шабуыл жасап, қызды оның 40 күңімен қоса ұрлауға бел буады. Ханға мойынсұнғысы келмеген қыздар қашуға тырысады, бірақ қуғыннан жасырына алмайды. Олар қашып құтыла алмайтынын түсінгенде, аспанға қарап, қол жайып, жаудың қолына түспеу үшін Жаратушыдан өздерін тасқа айналдыруды өтінеді.

Сонымен қатар, парк аумағында діни ғимараттарды, ежелгі қоныстар мен әр түрлі тарихи дәуірлердегі қорымдарды, петроглифтерді тамашалауға болады. Мәселен, петроглифтер Сазаната өзенінің маңында бар, онда қара тастың жалпақ тұсында жануарлардың суреттері бейнеленген. Парк жұмысшыларының айтуынша, петроглифтерді тамашалау және суретке түсіру кезінде абай болу керек - тастардың орнынан қозғалып, құлап кету қаупі бар.

Қарт арша (600 жыл)
Қарт арша (600 жыл). Фото: Turkistan Tourism Center

Туристерге нені білген маңызды?

Ұлттық паркке кіру құны - 498 теңге. Бұл соманы төлей отырып, сіз аумақта бір тәулік бойы бола аласыз. Кейбір туристер қалада гидтерді жалдайды, бағасы 4500-ден 5500 теңгеге дейін баратын арнайы турларға жүгінеді. Паркті өз бетімен зерттейтіндер де бар - кіреберісте оларға қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат беріледі. Бүкіл аумақ бойынша әр 1-2 шақырым қашықтықта арнайы белгілер орнатылған, сонымен қатар демалушылардың жайлылығы үшін дәретханалар, қоқыс жәшіктері, бірнеше шағын демалыс орындары мен кемпинг қарастырылған. Алайда, туристер табиғаттың тамашасын толық сезіну үшін палаткалармен келгенді жөн көреді.

Әдетте маусым мамырдың ортасында басталады және қазанға дейін созылады. "Turkistan Tourism Center" туристік-ақпараттық орталығының мәліметінше, бұл қарапайым туристер үшін ең қолайлы уақыт. Бірақ альпинистер сәл ертерек келгенді жөн көреді. Жергілікті таулар - олардың сүйікті жаттығу орны, сонымен қатар мұнда әлемнің әр түкпірінен альпинистер теңіз деңгейінен 4236 метр биіктіктегі Сайрам шыңын бағындыру үшін келеді.

Сазанатадағы петроглифтер
Сазанатадағы петроглифтер. Фото: Turkistan Tourism Center

"Парк аумағында туристерге арналған ондаған түрлі маршрут құрылған. Бұл - Мақпал, Сусіңген және Сайрамсу көлдеріне баратын жолдар, Сарыайғыр өзені, Бозторғай ағысы, Сазаната өзенінің петроглифтері, Владислав шыңы, құстар базары және т.б. Олардың әрқайсысы теңдессіз әрі ерекше әсер қалдырады. Туристер арасында Төменгі көлге баратын бағыт танымал болып табылады, ол туристердің ең сүйікті орындары", - дейді "Turkistan Tourism Center" туристік-ақпараттық орталығы туризм бөлімінің басшысы Берік Досалиев.

Оның айтуынша, әр бағыттың ұзындығы 7 шақырымнан 72 шақырымға дейін екенін ескерсек, кішкентай балалармен паркте жүру оңайға соқпайды. Ұлттық паркте әдетте жаяу, атпен немесе альпинистер жолымен қашықтықтарды еңсереді. Паркте саяхаттау кезінде 5 жастан кіші балаларды өзіңізбен бірге алып жүрмеуге кеңес беріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1932837-tauly-ormandardan-qarly-syndarga-deiin-sairam-ogem-ulttyq-parkinde-neni-qyzyqtauga-bolady/

pixel