Үндістан билігі емтиханда көпшілік көшірмеуі үшін 8 миллион аса адамның интернетін өшіріп тастады
Жарияланған күні:
Үндістан билігі емтиханға байланысты 8 миллионнан аса адамның интернетін сөндіріп тастады деп хабарлайды India Today басылымы.
Раджастхан штатының билігі педагог қызметіне үміткерлер емтихан кезінде көшірмеуі үшін интернетті 12 сағатқа өшірген. Салдарынан 8,5 миллионнан астам адам интернетсіз қалған.
Сынақ кезінде билік мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді де бұғаттап тастаған. Тек дыбыстық қоңыраулар мен желілік интернет байланысы ғана қолжетімді болған, интернеттің мұндай түрі Үндістанда айтарлықтай көп емес.
Ал штат астанасы - Джайпур қаласында интернет өшірілмеген. Бұл емтиханды дұрыс және үзіліссіз өткізу үшін қажет болған.
Барлық қабылданған шараларға қарамастан, үміткерлер арасында көшіргісі келгендер де табылған.
Мәселен, полиция емтиханға табанына Bluetooth құрылғылары салынған тәпішкемен келген бес адамды ұстаған. Сондай-ақ, кейбіреулерінен құлаққап табылды, үміткерлердің орнына тест тапсыруға тағы сегіз бөгде адам келген.
Емтиханға педагог қызметіне үміткер 1,6 миллионға жуық адам қатысқан. Барлығы 40 мың бос жұмыс орны бар.
Емтихан 2019 жылдан бері алғаш рет өткізіліп отыр, себебі өткен жылы пандемияға байланысты болмай қалған. Жергілікті БАҚ мұны штат тарихындағы бір күндік ең үлкен емтихан деп атады.
Десе де, Үндістанның бағдарламалық қамтамасыз ету бостандығы бойынша заң орталығы интернеттің өшірілуі штаттың экономикасы мен біліміне кері әсер ететінін айтып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1934857-undistan-biligi-emtixanda-kopsilik-kosirmeui-usin-8-million-asa-adamnyn-internetin-osirip-tastady/