Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бөрік туралы не білеміз

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: Satu.kz

Халық киімдерінің ең мәнерлісі, ең өзгешесі – әйелдер баскиімі. Қазақ адамның баскиіміне қарай қай таптың, қай тектің өкілі екенін таныған. Сондықтан тұрмыс құрмаған қыздар мен келіншектің баскиімі, жаулығына ерекше мән берілген деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақ халқының бас киімі екі топқа бөлінеді: ерлер және әйелдер баскиімі.

Тұрмысқа шықпаған қыздар ерлер баскиіміне ұқсас баскиім киген. Оның ішінде тақия бар, ол бағалы тастармен көмкеріліп, төбесіне үкі тағылған. Тұрмыс құрмаған қыздар киген тағы бір баскиім – бөрік.

Бөркім, бөркім, бөркім-ай!

Бұл сөзімізге "Бөркім, бөркім, бөркім-ай! Басыма киген көркім-ай! Ерте жатып, кеш тұрған, Үйдегі менің еркім-ай!, деген өлең жолдары дәлел бола алады.

Кей пікірге сай, бөрік – "бөрі" қасқыр деген сөзден шыққан. Ал қасқыр түрік тайпасының байырғы тотемі саналған. Бөрік қозы, қой немесе түрлі аң терілерінен әртүрлі үлгіде тігіледі. Төбесі көбінде төрт сай немесе алты сай болады.

Қыздар киетін бөріктің төбесіне үкі немесе әртүрлі шашақ тағып, жіппен кестелеп, меруерт, маржан тізбелер мен алтын немесе күміс түймелер таққан. Аталуы жиегінің белгілі бір аң терісімен көмкерілуіне байланысты құндыз, сусар, пұшпақ бөрік деп аталады. Кәмшаттың үлбірімен көмкерілген бөрік – "кәмшат бөрік" деп аталады.

Алайда "бөрік" сөзінің түптөркініне қатысты жарыспалы пікірлер бар.

Мәселен, түркітанушы Николай Дмитриев бөріктің аң терісінен жасалуына байланысты бұл атауды "бөрі" сөзімен байланыстырады.

Василий Радлов "кәмшат – камчатский боберь" сөзінен шыққан деп, "кәмшат бөрік – шапка из бобрового меха" дейді.

Түркітанушы Эрванд Севортян "борик – бо+рук – бурук – борк – бурк" деген тізбекті ұсынып, "бөрік" сөзі "бүркену" мағынасына туған деген пікір айтады. Бұл пікірді кейінгі ғалымдар да қолдап, көне түркі тілінде "burk" сөзі баскиім деген мағына бергенін алға тартады.

Бөріктің қандай түрі бар?

Бөрік – қалқаны үлбірмен көмкерілген бас киім. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Екеуі киетін бөрік пішініне қарай бір-біріне ұқсас.

Ерлер қыстыгүні сеңсең бөрік, сеңсең тымақ, түлкі тымақ, құлақты бөрік киеді. Ал жазда елтірі бөрік, пұшпақ бөрік, жекей тымақ киеді. Тымақ пен бөрікті қозы, қой, лақ немесе аң терісінен тігеді, арасына жүн салып, тыстайды. Қыстыгүні киетін тымақты барқыт, пүліш, атлас секілді қымбат матамен тыстаған.

Әйелдер тақия, бөрік, орамал, жаулық, кимешек, күндік, сәукеле, желек, шәлі таққан. Қазақ ғұрпында ердің де, әйелдің де жалаңбас жүруі ерсі саналған.

ХІХ ғасырда бөріктің сыртқы түрі ұшы үшкір биік конустық пішіннен басқа жайлы киілетін, биіктігі аласа бас киім түріне өзгерген. ХХ ғасырдан бастап төбесі дөңес төрт бұрыштан тұратын түрі пайда болған. Үлбірі қалқанды толық жаппаған, оның тұтас жабылған түрі сирек кездеседі.

Әл-ауқатты отбасының қыздары ғана үлбірлі тымақ киген. Ал ондай тымақтар сусар, бұлғын үлбірінен, ал тымақтың сайы ашық түсті барқыттан тігілген. Тымақтың төбесін жібек шашақтармен, майда моншақты жіптермен немесе үкімен әшекейлеген.

Бөріктің құс бөрік, лақ бөрік, ноғай бөрік, орыс бөрік, сәлде бөрік, жеңіл бөрік, киіз бөрік, күзен бөрік, қайырма бөрік, қарсақ бөрік, құндыз бөрік, суыр бөрік, тақия бөрік, түлкі бөрік, тиін бөрік сияқты түрі бар.    

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1935777-borik-turaly-ne-bilemiz/

pixel