RU

“Балаға қызыл түсті йогурт бермеген абзал”: білікті маман кеңес берді

Талшын Артыққызы
Талшын Артыққызы. Фото: baq.kz

Нутрициология ғылымы дұрыс тамақтану арқылы салауатты өмір салтын ұстануды үйретеді. Адам денсаулығы пайдалы, бойға сіңімді тағам жеуіне тікелей байланысты. Қазір көпшілік дұрыс тамақтануға бет бұрып жатыр. Талшын Артыққызы әлеуметтік желіде тек ересек адамдардың ғана емес, баланың дені сау болуы үшін оны қалай тамақтандыру керек екенін талдап, жазып отырады деп хабарлайды baq.kz.

Маманның сөзінше, баланың жалпы тәбетінің болмауы, тамақтанбауы, ет жемеуі тікелей анасының тамақтандыру әдетінде, баланың тамаққа деген қызығушылығын оятпауында жатыр.

"Ет жемейтін балада көбінесе қаназдық (анемия) болады. Етті ұнатпайтын балалар болады. Тамақты таңдап жейтін балалар болады. Бірін жесе, екіншісін жемейді. Ол көбіне аналары қатты уайымшыл болатын балаларда кездеседі. Өйткені балалар ең керемет – психологтар. Анасының назарын аударту үшін әдейі жемеуі де мүмкін. Көбіне балада темір жетіспесе, анемия болса ол бала ет жемейді",- дейді ол.

Жалпы, балаға алты айынан бастап қосымша тамақ беру керек дейді маман. Өйткені, ас қорыту ферменттері тек алты айда ғана іске қосылады екен.

"Оған дейін беруге мүлдем болмайды. Сүтке тойып жүрсе де, қосымша тамақ беру керек. 6 ай толғанда қосымша тамақ бермей, бір жасқа дейін емізіп жүрген аналардың балалары не шайнай алмайды, не тамақты білмейді, тамақтың не екенін түсінбей жатады. Сөйтіп баланың дамуы да кешеуілдейді. Бұл организмді үйрету емес, бұл анаға да балаға да қажет нәрсе.

2 жасқа дейін ана сүті негізгі тамақ болып қалады да, қосымша тамақты бір жасқа дейін баланы тойдыру үшін бермейміз, біз қосымша тамаққа баланы үйрету үшін береміз. Әр айда әр тағамды қосамыз. 6 айында жеміс, көкөніс езбелер болса, 7 айында ботқалар, 8 айында сүт қышқылды өнімдер йогурттар мен ет кетеді, 9 айында крахмалды бұршақ өнімдері, қамыр, ұн тағамдарын берсек болады.

Бала бір жасқа толғанға дейін тамақ түрлене береді. Бір жастан асқан бала барлық тамақпен таныс болуы керек.Баланың салмағы аз не көп болуы генге де байланысты болады. Арық бала ауру болады, толық бала сау болады деген өте кереғар пікір",- деді Талшын Артыққызы.

Маман тағамның құрамын оқу өте маңызды екенін еске салды. Себебі, тағамның құрамында ағзаға улы заттар болуы мүмкін.

"Сонымен, трансмайлар. Олар маргарин, өсімдік майлары, пальма майы, соя майы дегендей. Жалпы өсімдік майлары дегенді алмаймыз. Эмульгаторлар, ароматизаторлар, бояғыштар, лицитин, табиғи емес бояулар болса алмаймыз, әсіресе  - йогурттар. Қызыл түсті йогурттардың құрамындар кармин бар. Кармин халал емес. ГМӨ болмауы керек. Глютенсіз, арахиссіз, арахистің әртүрлі қалдықтарынсыз тағамдарды алу керекпіз. Байқасыңыз біздегі көптеген йогуртта олар бар",- дейді ол.

Талшын Артыққызы балаларға дәрумендерді жетіспеушілік болса ғана беру керек дейді. Жалпы олар 24 сағаттың ішінде тағамнан қажетті дәруменді алады. Балаларға анализсіз, профилактика үшін міндетті түрде берілетін дәрумен - Д3 пен С дәрумені. Сонымен бірге цинк беруге болады. Олар - иммундық жүйені қорғайтын дәрумендер.

Дәрумендер суда және майда еритін болып бөлінеді. Майда еритін дәрумендер тамақпен, суда еритіндерді тамақтан соң екі сағаттан кейін ішу керек. Ал Д3 дәруменін таңғы сағат 9-11 аралығында таңғы аспен бірге қабылдаған дұрыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1937957-maman-balaga-qyzyl-tusti-iogurt-bermegen-abzal/