Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына барудың бес себебі

Опубликовано:

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

Егер сіз Ақсу-Жабағылы қорығы жайында тек мектеп оқулықтарының беттерінен ғана білетін болсаңыз, бұл олқылықтың орнын толтырып, дәл осы ғажайып жерге ат басын бұратын кез келді. NUR.KZ редакциясы дайындаған материалдан соң, сіз қорықты өз көзіңізбен көргіңіз келетіні сөзсіз.

Ақсу-Жабағылы – Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы және ең көне қорық. Ол 1926 жылы 30 мың га аумақта құрылған. Ал 1948 жылы аумағы 73 мың гектарға дейін үлкейген. Бүгінде қорық Талас Алатауының солтүстік-батыс шетінің басым бөлігі мен Өгем жотасының іргелес бөлігін қамтып жатыр.

Әкімшілік тұрғыдан аталмыш қорық Қырғызстан мен Өзбекстанға шекаралас орналасқан, сондай-ақ, Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандары мен Жамбыл облысының Жуалы ауданының жерлерін алып жатыр.

Ақсу-Жабағылы қорығына осы уақытқа дейін барып көрмеген болсаңыз, онда ат басын бұру шешімін қабылдауға әсер етуі мүмкін қандай себептерді атауға болады?

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

1) Қорыққа келген бойдан бірден бірнеше биік полюстерді бағындыра аласыз

Жартылай шөлдер, шөлейт далалар, құрғақ шалғындар – бұлардың бәрі де Ақсу-Жабағылы қонақтарының назарына ұсынылатын полюстердің бір бөлігі ғана. Әсіресе, тау шыңдарының етегіндегі шашырай өскен түрлі-түсті альпілік гүлдер сізге әсер етпей қоймайды. Мұндай контрасттар, тіпті, ең талғампаз саяхатшының өзін бей-жай қалдырмасы анық. Қорықтың ең биік нүктесі – теңіз деңгейінен 4238 метр биіктікте орналасқан Сайрам шыңы. Ел ауызнда бұл шыңның пішіні шөгіп жатқан түйеге ұқсайды деген сөз бар.

2) «Ақсу Жабағылыда» жануарлардың жойылып бара жатқан түрлерімен танысудың сирек кездесетін мүмкіндігі бар

Мұнда арқар мен тау ешкілері, елік пен марал, сілеусін мен барысты да кездестіруге болады. Соңғысын көру оңайға түсе қоймас. Олар адам көзінен жырақ тау жоталарын пана етеді. Дегенмен, Халықаралық Қызыл кітапқа енген бұл жануардың мекендейтін ортасын көруге зор мүмкіндігіңіз бар.

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

Ақсу-Жабағылыда, сонымен қатар, қасқырлар мен түлкілер, аюлар мен кірпілер, тас сусарлар мен қарақұйрықтар да табылады. Қорық көгінде құстардан: гриф, бүркіт, сақалды құстарды байқауға болады. Мәңгілік қарларға жақын жерден тек биік таулы жерлерде жүретін ұларды кездестіруге болады. Дәл сол жерде түрлі-түсті көбелектерге де куә боласыз. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қорықта құстардың 267 түрі, сүтқоректілердің 52 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 11 түрі, қосмекенділердің 3 түрі кездеседі.

3) Қорықтың бірегей өсімдік әлемі

Ақсу-Жабағылы көптеген көркем пейзажымен қатар, бірегей табиғи нысандарымен де ерекшеленеді. Қорықтың флорасы 1737 өсімдік түрінен тұрады. Қорықтың эмблемасы - ең әдемі ботаникалық түрлердің бірі саналатын Грейг қызғалдақтары. Бұл сұрып қызғалдақтардың «патшасы» атанған. Гүлдің үлкен пішіні бір кездері голланд әйелдері киген ескі бас киімін еріксіз еске түсіреді.

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

4) Альпі су айдындарының таңғажайып сұлулығы

Көкүйірім және Жасыл көлдері, Жабағылы, Шөнгөлдүк және Бұғұлытордың жарқыраған қатқан мұзы, Балдарбек өзенінің аңғарындағы дарбаздың тар жартасты қақпасы, Майдантал өзенінің ғажап алқабы. Ақсу-Жабағылы қорығының су айдындары таң қалдырып қана қоймай, назар аударуға тұрарлық Орта Азияның ең көрікті жерлерінің тізіміне кіреді.

5) Тарихи орындар

Ақсу-Жабағылы қорығында ел тарихының ерте кезеңдеріне қатысты бірегей нысандарды жолықтыруға болады. Маржан шатқалындағы сұр тау жыныстарының жұмбақ массивтері толығымен дерлік маржандардың, губкалардың және құмдардың тасқа айналған қалдықтарынан тұрады. Бұл дегеніміз осыдан 250 миллионнан астам жыл бұрын палеозой дәуірінде осы аумақты қамтыған алып теңіздің тұрғындары.

Turkistan Tourism Center
Фото: Turkistan Tourism Center

Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктіктегі қара жылтыр тастарға ойылған «картиналар галереясы» деп аталатын суреттер топтамасын да көруге болады. Онда сіз жабайы және үй жануарларының суреттеріне қоса, ежелгі адамдардың аң аулау секілді тұрмыс көріністеріне куә бола аласыз.

Ақсу-Жабағылы қорығы өзінің жарты ғасырлық тарихында табиғатты қорғау саласына зор үлес қосқанын айта кету керек. Сонымен қатар, ол ЮНЕСКО белгілеген халықаралық маңызы бар қорықтардың қатарына кіреді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1939045-aqsu-zabagyly-memlekettik-tabigi-qorygyna-barudyn-bes-sebebi/

pixel