Үкаша ата сиқырлы құдығы қайда орналасқан
Жарияланған күні:
Түркістан обласы әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келетін көптеген көрікті жерлерімен танымал. Солардың бірі – қаладан 47 шақырым жерде орналасқан Үкаша ата құдығы. Бұл құдықтың таңғажайып тарихы мен сиқырға толы ерекшеліктері бар.
Құдыққа есімі берілген Үкаша ата туралы көптеген аңыздар тараған. Солардың біріне сенсек, Үкаша ата – Мұхаммед Пайғамбардың ең жақсы шәкірттерінің бірі – Үкаша ибн Михсан болған екен. Ал тағы бір аңыз бойынша, Үкаша ата өте ержүрек батыр болған, ол өзінің тақуалығының арқасында жарақат алмайтын әрі бірде-бір шайқаста жеңілмейтін болған деседі. Алайда кейін оның жаулары әйеліне пара беріп, Үкаша атаны намаз оқып отырған сәтінде өлтіруге болатынын біліп қояды. Осылайша жауыз жаулары батыр таң намазын оқыған сәтте, оның басын шауып алған.
Кесілген бас тау жарығына құлап, жер асты өзені оны Меккеге, Мұхаммед пайғамбарға апарған. Біраз уақыттан кейін осы ойықтың үстіне құдық орнатылып, оның тереңдігі шамамен 35 метрге дейін жеткен. Аңыз бойынша бұл жерде су батыр қайтыс болған кезде ғана пайда болған екен.
Үкаша атаның қаны төгілген жерде екі бөлмеден тұратын биіктігі 4 метр және ені 4,6 метр болатын кесене салынған. Біріншісі – кішігірім вестибюль болса, екіншісінде ұзындығы шамамен 22 метр болатын саркофаг бар – аңыз бойынша Үкаша атаның басы кесілген денесінен дәл осындай қашықтықта қан аққан екен. Діни қудалаудың салдарынан кесене 1986 жылы бұзылған, десе де 90-жылдардың басында қайта салынған.
Бүгінде әулие батырдың кесенесі мен құдығы зиярат ету орнына айналды. Алдымен адамдар кесенеге дұға ету және бата алу үшін барып, содан кейін арқаны бар шелекпен құдыққа барады.
Бұл жердің танымал болуы ғажап емес: батырға қатысты аңыз-әңгімелерден бөлек, құдықтағы суға қатысты да түрлі аңыздар тараған. Құдыққа су Меккенің өзінен келеді деген сенім бар. Бірақ құдықтан су алу оңай емес: бірі құдықтағы суға еш қиындықсыз қол жеткізіп жатса, енді біріне судың тамшысы да бұйырмай жатады. Құдықтан су алу мүмкіндігі адамның жандүниесіне байланысты деушілер де табылуда: күнәсі бар адам құдықтан бос шелек алса, ары мен жаны таза, сенуші адам – құдықтан суға толы шелек ала алады.
Мұнда шелектің төрттен біріне, жартысына дейін жететін суды немесе суға толы шелекті алып шығып жататындар баршылық. Кейде адамның құдыққа түсірген бүтін шелегі, оны шығарған сәтте сынған, бүлінген күйде екендігі байқалып жатады. Үкаша ата құдығының жанында осындай бүлінген шелектер тау болып үйіліп қалған.
Сонымен қатар, шелекті құдыққа түсіргенде, тілек тілеу керек деп жатады. Егер шелек суға толы болса, онда тілек орындалады деген сенім бар. Ал егер шелектегі сумен бірге құдықтың түбінен тастар, тұмарлар немесе гүлдер алынса, онда ол үлкен сәттіліктің белгісі деп саналады. Сондай-ақ, мұндай шелекті алған адам Алланың ерекше ықыласына ие болады әрі Алла оның барлық арман-тілектерін орындайды деген де сенім бар. Десе де мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі екен.
Оның үстіне Үкаша ата құдығындағы су өте дәмді, тіпті емдік қасиеті бар деп есептелінеді. Сол себепті, туристер мен онда дұға етіп барғандар құдықтан көптеп су алады, кейін олар судан жақындарына дәм татқызады. Дегенмен құдыққа бару үшін ұзын-сонар кезекте тұру керектігін ұмытпаған абзал: мұндай кезек бірнеше сағатқа созылуы мүмкін, сондықтан киелі орынға келушілер өздерімен бірге көп жағдайда шатыр алып жүреді. Десе де, көрнекі жердің маңында тыныштық орнаған: келушілердің ешқайсысы ұрыс шығармайды әрі ешкім құдыққа кезексіз өтпейді. Туристер бұл жерде ерекше тыныш аура барын алға тартуда.
Құдықтан су ала алмаған көптеген адам бұл жерден жабырқау көңіл-күймен кетеді, олардың кейбірі тіпті көз жасына ерік береді екен. Бірақ мұндай жағдай орын алса, оған ренжімеу керек, себебі адамдар күнәларынан арылып, құдыққа қайта орала алады. Үкаша ата құдығына бірнеше жолмен жетуге болады: облыстың қасиетті орындары мен тарихи ескерткіштері арналған экскурсиялық топтың құрамымен немесе такси, жеке көлікпен жетуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1939238-ukasa-ata-siqyrly-qudygy-qaida-ornalasqan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.