Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ежелгі Отырардың құпиялары: көпғасырлық тарихы бар қалашыққа не себепті бару керек

Опубликовано:

Отрар
Фото: Turkistan Tourism Center

Кейде өткенге көз жүгірту үшін ежелгі өркениеттің іздері сақталған тарихи орындарға бару жеткілікті. Осындай орындардың бірі – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Отырар қалашығы. Мұнда не көруге болатынын және ортағасырлық қаланың қандай құпиялары барын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Отырар тарихы

Отырар қалашығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлерінің тізіміне кіреді. Ол Түркістан қаласынан 57 шақырым жерде орналасқан. Әлемге әйгілі Әмір Темірдің есімі қаламен тығыз байланысты, өйткені дәл соның бұйрығымен қалада Қожа Ахмет Яссауидің ұлы ұстазы Арыстан-бабтың құрметіне кесене салынды.

Ертеректе Отырар Ұлы Жібек жолының ірі орталықтарының біріне айналған. Қала VIII ғасырда пайда болып, XIX ғасырдың басына дейін өз дәуірін жалғастырды.

Отырар – Сырдария бойындағы Арыстың еңісінде орналасқан ірі егіншілік өңір. Ол Қаратау тауының етегінде орналасқандықтан, көшпенділердің нағыз тірегі болған.

Отрар
Фото: Turkistan Tourism Center

Ежелгі заманнан бері Арыс өзенінің оң жағалауында 200 гектар аумақты алып жатқан қала ғылым мен мәдениеттің, сауда өндірісінің, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының ірі орталығына айналды. VІ-VІІІ ғасырлар аралығында Отырар қаласы ірі феодалдық иеліктердің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ - ХV ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қалалардың бірі, ал ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы атанды.

Отырар ақша сарайымен, ерекше жылу жүйесі бар сәнді шығыс моншаларымен, ежелгі дәуірдегі ең танымал кітапханалардан кем түспейтін үлкен кітапханасымен әйгілі еді. Мұнда ғалымдар, данагөйлер, шебер музыканттар, сәуегейлер мен зергерлер қоныстанды. Қалада үлкен медресе, базар, шеберхана, гурт - хана (шарап ішетін орын), мешіттер мен дүкендер жұмыс істеді.

Басқа ортағасырлық қала сияқты Отырар да цитадель, шахристан және рабад сынды үш бөліктен тұрды.

Отрар
Фото: Turkistan Tourism Center

1219 жылы Отырарға Шыңғысханның моңғол әскері шабуылдады. Қала тұрғындары алты ай бойы ерлікпен қоршау жасап, шаһар қорғанысын бекітті. Алайда сатқындықтың нәтижесінде жау Отырарды басып алып, өртеп жіберді. XV ғасырда қала қайтадан салынды, бірақ кейін ол жоңғарлар шабуылына ұшырады. Ақыры XIX ғасырдың басында біржола тарих бетінен жойылды.

Отырарды зерттеу жұмыстары

Ғалымдар Отырарды алғаш рет XIX ғасырдың соңында зерттеді. Қаланың алғашқы сипаттамасын археолог Николай Веселовский жасаған. Алайда, бұл зерттеулердің нәтижелері екі ғасырдан кейін ғана жарияланды. Сондықтан, Отырардың алғашқы қазбашылары 1904 жылы қазба жұмыстарын жүргізген түркістандық археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері Кларе мен Черкасовтар деп есептелді.

1947 жылдан бастап Александр Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Отырар ескерткіштерін зерттеумен айналысты, ал 1969 жылы Кемал Ақышев Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастырып, Отырар ескерткіштерін зерттеу бойынша жүйелі жұмысты бастады.

Көпжылдық зерттеулер нәтижесінде қаланың ХІ-ХІІ ғасырдағы тұрғын үй орамдары, ХІІ-ХІV ғасырдағы таңғажайып құрылыс, XIV ғасырдың аяғы – XV ғасырдың басында салынған шығыс моншасы, мешіт пен сарай құрылыстарының қалдықтары және XVI-XVIII ғасырларға тән мешіттердің қыш шеберханалары сияқты құнды мәдени мұралар табылды.

Отрар
Фото: Turkistan Tourism Center

Сонымен қатар, қалашықта көптеген археологиялық экспонат – ас үй ыдыстары, әшекейлер, жиһаздар, ақшалар және тағы басқалар табылды. Мұның барлығы Шәуілдір ауылының Жібек-Жолы даңғылында орналасқан Отырар мемлекеттік қорық-музейінде сақтаулы.

Туристер нені білуі керек?

Ежелгі Отырар қаласына өз бетіңізше де, экскурсиялық топтың құрамымен де бара аласыз. Демалыс күндегі турларды көптеген туристік агенттіктен сатып алуға болады.

Айта кеткен жөн, Отырар мемлекеттік мұражай-қорығының жанындағы қалашық аумағына кіру бағасы мектеп оқушыларына 50, ересектерге 200 теңге. Халықтың әлеуметтік осал санаттарының өкілдері үшін кіру тегін. Одан бөлек, қаланы аралау үшін экскурсияшы қызметіне тапсырыс беруге болады. Оның бағасы шамамен 800 - 2000 теңге тұрады.

Экскурсиялар қазақ, орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі.

Отрар
Фото: Turkistan Tourism Center

2019 жылы туристік саланың заманауи талаптарына жауап беретін туристік орталық құру мақсатында Отырар қаласының маңында визит-орталық салынды.

Туристерге кешенді қызмет көрсету орталығының бірінші қабаты келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Онда демалыс аймақтары, балалар алаңы, коворкинг алаңы және т.б. бар.

Ал екінші қабатта ежелгі Отырар қаласының бес кезеңі бойынша экспонаттар орналасқан: II-VI Отырардың құрылуы, IX-XII Отырардың гүлденуі, XIII Отырардың ойрандалуы, XIV Отырардың қайта қалыптасу кезеңі және Қазақ хандығындағы Отырар кезеңі. Сонымен қатар, кешенде Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, әл-Фараби залы ашылды. Онда тұлға туралы ғылыми және заттай деректер ұсынылған.

Отырар оазисінің мәдени мұрасы елімізде және шет елдерде кеңінен насихатталуда. Қазіргі уақытта Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығына келетін туристер саны артып келеді.

Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы мұражай-қорыққа 365 мыңнан астам турист келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 485 мыңнан асқан. Егер 2020 жылы әлемдік пандемияға байланысты келушілер саны азайып, нысанға 144 мың адам келсе, 2021 жылдың 9 айында 362 мың турист ат басын бұрған. Жыл соңына дейін 450 мың көрсеткішке қол жеткізу жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1939544-ezelgi-otyrardyn-qupiyalary-kopgasyrlyq-tarixy-bar-qalasyqqa-ne-sebepti-baru-kerek/

pixel