RU

«Бастысы – ықылас»: Көп балалы отбасылар мемлекет қолдауымен қалай бизнестерін ашқанын айтып берді

Дүкен
Фото: Алия Мужикованың жеке мұрағатынан

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жас мамандарға кәсіби жолын бастап, жұмыссыз қалғандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жеке ісін ашқысы келетіндерге де көмегін тигізді. Мемлекеттің қолдауы көп балалы отбасыларға жеке бизнесін ашуға қалай көмектескенін NUR.KZ. материалынан оқыңыздар.

Бастысы – бастау

Алия Мужикова Рудный қаласында тұрады. Күйеуі екеуінің ет павильоны бар. Сауда нүктесі биыл тамызда ашылса да, жемісін беріп үлгерді.

«Жеке ісімізді ашуды бұрыннан жоспарлағанбыз. Бірдеңеден бастау керек болды. Ақылдаса келе, ет павильонына тоқталдық. Қазір ет өнімдерінен бөлек, бізде көкөніс те бар. Ассортиментті тағы да көбейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді Алия.
Алия Мужикованың жеке мұрағатынан
Фото: Алия Мужикованың жеке мұрағатынан

Бұл Алияның кәсіпкерліктегі алғашқы тәжірибесі. Оның айтуынша, жеке бизнесті дамыту оңай емес, сондықтан да мемлекет тарапынан қолдау мұнда зор рөл атқарады. Биыл ол «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты.

«Бағдарламаға қатысып, күшімді сынап көргім келді. Мұным текке кетпеді. Егжей-тегжейлі бизнес-жоспар құрып, оны комиссияның алдында қорғап, жеке бизнесімді дамытуға мемлекеттік грант алдым. Біз оны суытатын және мұздататын жабдықтар сатып алуға жұмсадық», – дейді Алия.
Дүкен
Фото: Алия Мужикованың жеке мұрағатынан

Алияның бес баласы бар. Оны болашақ жоспарларға ынталандыратын сол балалары.

«Қазір өзіміз жұмыс істеп жатырмыз, болашақта сатушы жалдап, сауданы кеңейтуді ойлап отырмыз. Білесіз бе, бизнесті ашқаныма еш өкінбеймін. Бұл өте дұрыс шешім болды. Болашақтан үмітіміз зор. Мемлекеттен қолдау көрсетілетіні қуантады, әсіресе, көп балалы отбасыларға. Бұдан кейін де дәл осындай бағдарламалар қолға алынатын болса, соларға да қатысу ойымызда бар», – деп атап өтті Алия Мужикова.

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Мейрамгуль Апсалямова «Бастау бизнес» жобасына 2019 жылы қатысқан, бұл жоба оған алғашқы шағын ісін дамытуға мүмкіндік берді.

«2019 жылы өзіміздің Семейден балаларға арналған дамытушы лего-клуб ашпақ болдым. Соған несие алдым, алайда ол ақша барлық шығынды толық жабуға жетпеді. Бейнебақылау құралын орнату, ортопедиялық кілемшелер мен ойыншық алу мәселесі шешілмей қалды. Сол кезде «Атамекен»,Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып, барлық қажетті құжатты тапсырып, 1,5 айлық курс оқыдым», – дейді Мейрамгуль.
Мейрамгуль Апсалямова
Фото: Мейрамгуль Апсалямованың жеке мұрағатынан

Жобаға қатысқанының жемісі 505 мың теңге көлеміндегі грант болды. Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл күтпеген жағдай болғанымен, үміті ақталған.

«Білесіз бе, мен сол грантты қатты ұтып алғым келді. Сол кезде отбасымда да қаржылай қиындықтар болды, балалар кішкентай еді, ең кішісі 7 айлық болатын. Қорқыныш болды, грантты ұтып алатыныма сенбедім. Дегенмен, ықылас пен жігер болса, бәрі де мүмкін екен», – дейді кейіпкер.
Мейрамгуль Апсалямованың жеке мұрағатынан
Фото: Мейрамгуль Апсалямованың жеке мұрағатынан

Жаның қалайтын іспен айналысуға деген құлшыныс бизнесті қарыштап дамытуға мүмкіндік берді. Кейінірек лего-клубтың екінші бөлімшесі ашылды. Бизнесті сату туралы ұсыныс та сол кезде келген.

«Лего-клубымыз Семейде алғаш болып ашылды әрі халық арасында өте танымал болды. Бұл бизнес отбасымызға аяққа тұруға көмектесті. Қазір бизнесті сатып, жарнама агенттігін аштық. Жоспар көп. Бизнесті ары қарай кеңейтуді ойлап жүрміз», – деп ағынан жарылды Мейрамгуль.
Мейрамгуль Апсалямованың жеке мұрағатынан
Фото: Мейрамгуль Апсалямованың жеке мұрағатынан

Айта кетерлігі, 5 жылда «Еңбек» бағдарламасына 3 миллионнан астам адам қатысқан, соның ішінде «Бастау бизнес» жобасына қатысқандар саны 180 мыңнан асады. Бағдарлама азаматтардың жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін қолдауға бағытталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1942197-bastysy-yqylas-kop-balaly-otbasylar-memleket-qoldauymen-qalai-biznesterin-asqanyn-aityp-berdi/