Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қысқы Жетісу: Алматы облысында жайлы тынығуға болатын ең көрікті жерлер туралы не білесіз?

Опубликовано:

Көлсай
Фото: Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы

Алматы облысы Қазақстандағы ең көрікті, табиғаты көз тартар аймақ ретінде көпке мәлім. Басын мұнар шалған асқар таулар, әдемі өзен иірімдерімен көмкерілген Жетісу жазықтары көрген жанның жүрегін жауламай қоймайды. NUR.KZ порталы жер жәннәты саналатын аймақтағы аты аңызға айналған көрікті әрі жайлы, қыста тынығуға арналған орындарды назарға ұсынады.

Көлсай көлдері

Елімізде көрікті Көлсайды білмейтіндер жоқтың қасы. Алайда оның қыстағы көрінісіне куә болған адам кемде-кем. Көлде пайда болған көк мұз, айналаны қалың қар басқандағы орман сұлулығы, жұмсақ таза ауасы бәрі-бәрі тым әсерлі. Мұнда табиғат-анадан бойыңызға қуат жинап қайтуға болады.

Есік көлі

Іле Алатауының Есік шатқалының биігінде орналасқан көлдің сұлулығы көздің жауын алады. Есік көлі шамамен 8 мың жыл бұрын үлкен тастардың опырылып құлауының нәтижесінде, табиғи түрде түзілген ерекше көл. Ол су деңгейінен 1780 метр биікте орналасқан, көлді қайыңды орман қоршап жатыр. Көлдің қысқы көрінісі туристер үшін таптырмас әсер сыйлайды.

Түрген шатқалы

Талайды тамсандырған Түрген шатқалының да сұлулығы ерекше. Нулы орманы, биік шоқылары көз сүйсіндіреді. Шатқал аумағында 7 сарқырама бар. Адамдардың көп баратыны - «Аюлы» және «Тескенсу». Алғашқы сарқыраманың биіктігі 30 метр. Тап осы жерде «Сұлулық көзі» атты мұзды бұлақ орналасқан.

Алматы облысы
Фото: Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы

Шарын шатқалы

Шарын - барша туристерді құшақ жая қарсы алатын қонақжай мекен. Қатпар-қатпар тастар өздігінен салынған ертегілер қаласын еске салады. Шатқалдың ерекше пішіні сызылып-пішілген алып ғимаратқа қатты ұқсайды. Шатқал ішін аралап ағып жатқан Шарын өзені ең үлкен өзен аңғары болып есептеледі. Бұл жер - экстрим іздеп жүрген қонақтарға таптырмас демалыс орны.

Мұзтау

Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Шырғанақ ауылындағы Мұзтауға қыс мезгілі бастала салысымен жұрт біткеннің бәрі ағылады. Ол - жер астынан арнайы шығарылған құбыр арқылы атқылап тұрған судың қатуынан пайда болатын шағын мұзтау. Зеңгір көкке атқылаған судың ұзындығы 14 метрге жетеді. Көпшілік ұшар басы шағын шыңдай Мұзтауға балаларын апарып, демалдырып қайтады.

Алматы облысы
Фото: Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы

Сарқандағы Шымбұлақ

Тау шаңғы базасы Сарқан ауданының Черкас ауылында орналасқан. Кешендегі шаңғы жолағының ұзындығы 735 метр. Сондай-ақ, мұнда мұз айдындағы сырғанақты ұнататындар үшін арнайы орындар қарастырылған. Ал ересектер мен балалар үшін тюбинг, сноубордпен биіктіктен сырғанауға мүмкіндік бар.

"Черкасай" туристік базасы

Туристік база - Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Текелі қаласының маңындағы Черкас шатқалында орын тепкен табиғаты әсем жер. Айналаны ғасыр жасаған жасыл желек қоршаған. База өз қонақтарын түрлі экскурсиялар, көңіл көтеретін іс-шаралармен баурап алады. Жайлы коттедждер бір мезетте 20 қонақты қабылдауға мүмкіндігі бар. Қаланың күйбең тірлігінен шаршаған турист Черкасайдан жай табары сөзсіз.

"Тау-Жетісу" тау-шаңғы базасы

Демалыс орны Текелі қаласының жанында, Талдықорғаннан 20 шақырым жерде орналасқан. Мұндағы қонақүй инфрақұрылымы, тамаша тау жоталары қыстық спортсүйер жандардың назарын бірден өзіне аудартады. Базада тау-шаңғы жолдарынан бөлек, шанаға және тюбингтерге арналған жолдар қарастырылған. Жергілікті тұрғындар қонақтарға атпен серуендеу, биік шатқалдан парапланмен секіру сияқты қызмет түрін көрсетеді.

Алматы облысы
Фото: Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы

Қора шатқалы

Шатқал - қазіргі таңда Жетісу (Жоңғар) Алатауындағы ең танымал шатқал болып саналады. Ол ендік бағытта 70 шақырымға созылып жатыр. Қора шатқалы бірқалыпты тереңдікте орналасқан. Төменгі ағыста оның тереңдігі 700-800 метрге жетеді. Асқар шыңмен астасқан сұлулықты қыста осы жерден таба аласыз.

Шонжыдағы ыстық су

Алматы облысындағы ыстық бұлақтар қазақстандықтар арасында ерекше танымал. Оны әлеуметтік желілердегі керемет пікірлерден байқаймыз. Шонжы ыстық су көздерінің артықшылығы көп. Судың құрамы азот, кремний, натрий, кальций тұздарына бай, сондықтан емдік қасиеттерге ие. Мұндай су теріні тазартады, жұмсартады, тіндер мен буындардың серпімділігіне оң әсер етеді, орталық жүйке жүйесінің жұмысын да жақсартады. Судың емдік қасиеттері жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесін, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарын емдеуге көмектеседі.

Алматы облысы
Фото: Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы

"Oi-Qaragai" таулы курорты

"Oi-Qaragai" - Талғар ауданында орналасқан, жылдың барлық мезгілінде қонақтарына есігін айқара ашатын отбасылық таулы курорт. Мұнда келген туристер адам аяғы баспаған табиғат аясында тынығып, белсенді түрде демала алады. Мұнда киіз үйде тұрып, тарихымызға үңілуге мүмкіндік бар. Демалыс аймағында Гиннестің Рекордтар кітабына тіркелген әлемдегі ең үлкен киіз үй тігілген. Сондай-ақ, троллейлі саябақ, табиғи таулы жер бедерінде орналасқан скалодром бар.

«Жаркент-Арасан»

"Жаркент-Арасан" - таулы жерде, кіші Жоңғар Алатауының сілемінде (теңіз деңгейінен 1100 м), шатқалда, Бурақожыр өзенінің жағасында орналасқан. Мұнда радон ванналары, балшықпен емдеу, парафинді емдеу, физиотерапия, магнитотерапия, электрофорез, жеңіл ванна, термокөрпе сияқты емдік шаралар жүргізіледі.

Алматы облысы
Фото: Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы

«Қаратал» шипажайы

Алматы облысында туристер арасында "Қаратал" емдік-сауықтыру кешені ерекше танымал. Шипажай Текелі қаласына жақын жерде орналасқан. Бұл жердің айрықша климаты, тауының таза ауасы түрлі дертке ем, сондай-ақ жақсылап тынығуға да әсер етеді. Кешен 1980 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Жоғарыда атап өтілгендердің қай-қайсысы да қыс мезгілінде барып, тынығуға тұрарлық орындар. Көздің жауын алатын табиғаттың әсем жерлері мен жайлы демалыс орындарына Zhetysu Travel-мен бірге саяхаттаңыз. Өзіңіз бен жақындарыңызға арнаған демалысыңызды тек қана сенімді туркомпанияға табыстауға кеңес береміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1948362-qysqy-zetisu-almaty-oblysynda-zaily-tynyguga-bolatyn-en-korikti-zerler-turaly-ne-bilesiz/

pixel