Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қолдан жасалған киіз үй: Қолөнер бұйымын қағаздан қалай дайындауға болады

Опубликовано:

Киіз үй
Видеодан кадр: Youtube/Мастерская на радуге

Келе жатқан Наурыз мейрамының құрметіне кәдесый дайындаңыз. Қолдан жасалған киіз үй макеті – қазақ халқының бай мәдениеті мен тұрмысынан сыр шертетін қолөнер бұйымы. Бұл ата-бабаларымызға пана болған тұрғынжайдың ерекшелігін көрсететін кәдесый болмақ.

Киіз үй жасау бойынша кеңестер мен оған қажетті құралдар

Киіз үй – көшпелі халықтардың символы. В.М.Дианова "Ресей – Моңғолия: мәдени бірегейлік және мәдениетаралық ықпалдастық" кітабында оны көшпелі өмір салтына арналған жылжымалы тұрғын үйлердің ең көне түрлерінің бірі деп жазады. Қазақстан жеріндегі киіз үйлер басқа құрылыс нысандарынан жарты шар тәрізді пішінімен және шар тәрізді күмбезімен ерекшеленеді.

"Қазақстан тарихы" кітабының авторлары Аманжол Күзембайұлы мен Еркін Әбіл көшпелілердің киізден жасалған үйлерде өмір сүргенін жазады. Қазір қазақ халқы үшін баспананың бұл түрі ата-бабалардың өмір жолын еске түсіретін ұлттық нышан. Киіз үйді жинау және керекті жерге тасымалдап, орналастыру оңай, өйткені ол төмендегідей құрастырмалы элементтерден тұрады.

  • кереге;
  • уықтар;
  • киіз үйді жел мен суықтан қорғайтын киіз жабындар;
  • ошақтың түтіні сыртқа шығатын шаңырақ (кейде киіз үйдің іші жылуы үшін жабылған).

Бұл - көшпелілердің баспанасын қолөнер бұйымы ретінде жасау кезінде ескеруге тиіс маңызды бөліктер. Кәдесый ретінде ұсынылатын киіз үйді қағаздан, картоннан, киізден, фетрден жасауға болады. Оны түрлі-түсті қағаздан жасалған ұлттық өрнектермен, сондай-ақ ленталармен, өрімдермен, моншақтармен және басқа да элементтермен безендіреді.

Е.Каминская "Қағаздан жасалған қолөнер, сувенирлер және сыйлықтар" атты еңбегінде қолөнер бұйымын жасау үшін түрлі қағаздар қолданылатынын атап өтеді. Киіз үй макетін жасау үшін түрлі-түсті жабыны бар немесе жабыны жоқ қағазды пайдалануды ұсынамыз. Біріншісін пайдаланып жасаған бұйым ерекше әдемі болып шығады.

Егер сіз бір түсті қағазды қолдансаңыз, одан қарапайым кәдесый жасауға болады. Оны тәттілерге арналған қалташа ретінде пайдалануға болады. Білікті шеберлер киіз үйдің күрделі макетін, оның ішкі жағын безендіріп жасай алады.

Киіз үй
Көрнекі фото: pixabay.com

Біз жасалу қиындығы орташа нұсқаны ұсынамыз. Мұндай киіз үйдің ішіне тәттілер салып, балаларға сыйға беруге болады. Кәдесый жасау үшін сізге қарапайым материалдар мен құралдар жиынтығы қажет, атап айтқанда:

  • желім;
  • қарындаш;
  • сызғыш;
  • қайшы;
  • кез келген түрлі-түсті қағаз.

Оны жасау үшін:

  • Қазақтың киіз үйінің сызбаларын қағаз бетіне түсіріңіз
  • Қағаздан киіз үйдің макетін - оның кереге-жақтауын жасаңыз
  • Шаңырақ жасаңыз.
  • Керегесін сәндік материалмен жабыңыз.
  • Киіз үйді безендіріңіз.

Материалдар мен құралдарды дайындап алып, жұмысқа кірісіңіз.

Киіз үй макетін кезең-кезеңімен жасау жолы

Кәдесый жасау дәлдікті талап етеді, барлық элементтерді мұқият кесіп, біріктіріп, безендіру керек. Ол үшін:

  • 15x30 см өлшемдегі қағазды алыңыз, екі жағынан жоғарыдан 5 см өлшеңіз (парақтың ені бойынша өлшеңіз). Сызық сызыңыз. Жолаққа тағы арақашықтығы 1,5-2 см сызық сызыңыз.Үстінен де солай жасаңыз. Нүктелерді қосыңыз.
  • Сызық бойымен бүктеңіз, белгі бойымен кесіңіз.
Киіз үй
Видеодан кадр: Youtube/Мастерская на радуге
  • Парақтың төменгі жартысын екіге бүктеп, желімдеңіз.
  • Бір жағына бүкіл ені бойынша желім жағып, шеңбер жасап екінші жағына жабыстырыңыз.
  • Жоғарғы кесілген бөліктерді желімдеңіз: бір бөліктің шетіне аздап желім жағып, екіншісіне қосыңыз және осылай барлық сегменттерін жасап шығыңыз.
  • Енді шаңырақ жасаңыз. Ол үшін басқа қағазды алып, оның үстіне әртүрлі өлшемдегі екі шеңберді (шеңбердің ішіндегі шеңбер) сызыңыз. Мұны әртүрлі өлшемдегі қақпақтардың көмегімен жасауға болады - оларды қарындашпен айналдыра сызыңыз. Сақина жасау үшін шеңберді ішінен және сыртынан кесіңіз.
  • Ені шамамен 3-4 мм (6 дана) жұқа жолақтарды кесіңіз. Оларды 3 бөлікке көлденеңінен жапсырыңыз. Шығыңқы бөліктерді кесіңіз.
  • Шаңырақты киіз үйдің үстіне ойық пайда болған жерге жапсырыңыз.
Шаңырақ
Видеодан кадр: Youtube/Мастерская на радуге
  • Киіз үйдің есігін жасаңыз. Қайшымен екі түзу сызық кесіңіз, содан кейін алынған жолақты қарындашқа орап, желімдеңіз. Қарындашты шығарып алыңыз.
  • Киіз үйді ұлттық ою-өрнекпен әсемдеңіз. Қағазға шаблон сызыңыз және оны кесіңіз.
  • 2x20 см қағаз жолағын екіге, содан кейін тағы екіге бүктеңіз. Жолақты ашып, оны қалыптасқан сызық бойымен гармошка етіп бүгіңіз.
  • Үлгіні қойып, оны айналдыра контурын сызып алыңыз. Үлгіні мұқият кесіңіз. Қағазды аударған кезде жолақ бұзылмай қалуы үшін бүйірлерін толығымен кеспеңіз. Тағы бір осындай әшекей жасаңыз.
  • Алынған ою-өрнектерді киіз үйдің төменгі бөлігіне жапсырыңыз.
Ою-өрнек
Видеодан кадр: Youtube/Мастерская на радуге
  • Киіз үйдің төбесі үшін тағы бір ою-өрнек ойып алыңыз. Дәл сондай екі ою-өрнек керек. Оларды киіз үйдің жоғарғы жағына жабыстырыңыз.

Осындай мейлінше аз материалдар мен құралдардың көмегімен сіз ұлттық колоритті кәдесый жасай аласыз. Бұл жақындарыңыз бен достарыңызға тамаша сыйлық. Сонымен қатар бөлмені, мерекелік залды безендіруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1961607-qoldan-zasalgan-kiiz-ui-qoloner-buiymyn-qagazdan-qalai-daiyndauga-bolady/

pixel