Австралиялық әйел итінің гардеробына 37 миллион теңге жұмсаған
Жарияланған күні:
Австралияның Сидней қаласында тұратын Алина Майклс Коко есімді итіне жалпы сомасы 75 мың долларға (шамамен 37 млн теңге) киім сатып алған. Бүгінде үй жануарларының гардеробында "Louis Vuitton", "Gucci" сынды сән үйлерінің аксесуарлары бар, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі 120.su сайтына сілтеме жасап.
Сәнді киімдерінен бөлек Коконың ұйықтауға арналған 14 төсегі бар екен. Сондай-ақ фотосессияға арналған "Lamborghini" шағын автокөлігі бар.
Үй жануарының гардеробында жалпы саны 500-ге жуық зат бар. Яғни, оның киімдерінің арасынан "Tiffany and Co" брендінен 412 долларға сатып алынған қарғыбау, "Versace" дүкенінен 184 долларлық халат, "Gucci" сән үйінен 147 долларға сатып алынған көбелек галстукты табуға болады.
"Ол (Коко - ред.) Instagram әлеуметтік желісінде "Қораптағы сейсенбі" жазбасымен танымал. Бір жағынан әлеуметтік желі жұлдызы болғандықтан, оның әр түрлі түстегі киіммен 100 жазбасы бар", — дейді Алина Mirror басылымына берген сұхбатында.
Алинаның айтуынша, оның үй жануарына барлық түстер жарасатын көрінеді. Бірақ Коконы қызғылт түсті киімдер ерекшелеп тұрады екен.
Коконың туған күндері бүге-шүгесіне дейін жоспарланып, ұйымдастырылатын көрінеді. Жыл сайын үй жануарының туған күнін салтанатты түрде атап өту үшін Алина мыңдаған доллар қаражат жұмсайды.
Алинаның айтуынша, оның жетінші туған күніне кәсіби балерина шақырылып, суретке түсуге арналған фотоорын жалға алынған. Сондай-ақ безендіруге арналған шарлар, әшекейлер де назардан тыс қалмады. Дастарханға туған күн иесі және оның төрт аяқты қонақтарына арналған тағамның түр-түрі қойылды.
"Барлық қонақ пен олардың үй жануарлары туған күн тақырыбына сәйкес киініп келді. Келушілердің барлығы құны 170 фунт стерлинг болатын түрлі тәттілер мен ойыншыққа толы пакетпен қайтты. Пакет ішінде Кокоға демеушілік жасайтын компанияның өнімдері болды", — дейді Алина.
Алинаның сөзінше, достары мен жақындары оның Кокоға қомақты қаржы жұмсайтынына таңданысын жасырмайды. Қалай десе де Коко — Алина мен оның 39 жастағы жары Сарменнің ерке жалғыз баласы. Себебі Алина өзін баласына бар жақсыны әперуге тырысатын ата-ана сияқты ұстайтынын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1962760-avstraliyalyq-aiel-itinin-garderobyna-37-million-tenge-zumsagan/