15 жыл тіс дәрігері болған арт-мүсінші кір жуғыш машинадан ұшақ құрастырды (видео)

Опубликовано:

Қуаныш Мұхамеджанов құрастырған ұшақ
Қуаныш Мұхамеджанов құрастырған ұшақ. Видеодан кадр: Хабар24

Кезінде тіс дәрігері болған Қуаныш Мұхамеджанов алты жылдан бері тұрмыстық техникалардан робот құрастырып жүр. АҚШ пен Кореядан түскен ұсыныстан бас тартқан ол жақында кір жуғыш машинадан ұшақ құрастырған, деп хабарлайды Хабар24.

15 жыл тіс дәрігері болған Қуаныш Мұхамеджанов бір кездері қызметін тастап, мейрамхана бизнесімен айналыса бастаған. Ал оған келушілерді тарту мақсатымен алғаш рет робот мүсін жасап көрген.

Соңғы алты жылдан бері шебер осы іске тұрақты ден қойған.

Тұрмыстық техникаларды кәдеге жарата білген шебер бүгінге дейін 30-дан аса дүниені құрастырған. Солардың ішіндегі ең көлемдісі – 8 кір жуғыш машина, 4 теледидар, 3 газ пеші мен тоңазытқыштан құрастырылған ұшақ.

Аталған арт-мүсін үшін шебер жарты жыл еңбектенген.

"Мен соңғы жылы ірі арт-мүсіндер жасауға бет бұрдым. Осылайша әуе кемесін құрастыруды ұйғардым. Ұшақтың жобасы әу баста шағын болған. Кейіннен дизайнын жетілдіріп, көлемін үлкейттім. Тек қана құрастыру жұмыстарына үш айдан аса уақыт кетті", – дейді Қуаныш Мұхамеджанов.

Арт-мүсіндердің ерекшелігі – олар ескі заттардан, тұрмыстық техникалардан құрастырылады.

Бұл өнер Шығыс Азия мен батыс елдерінде кеңінен дамып, табыс көзіне айналып кеткен. Шебердің айтуынша, шетелдерде жыл сайын арт-мүсіндер көрмесі өтіп тұрады.

"Мысалы, осы ұшақтың бояуларын 150 мың теңгеге сатып алдым. Бұл өте шығынды жұмыс. Болашақта арт-мүсіндерге қызығушылық танытатын демеушілер болса, осы жобаларға қолдау көрсетсе жақсы болар еді", дейді ол.

Қуаныш Мұхамеджановқа АҚШ пен Кореядан ұсыныс түскен. Бірақ шебер шетелде еңбек етуден бас тартыпты. Ол арт-музей ашуды жоспарлап қойғанын және тағы бірнеше жобаны жүзеге асыруды көздеп отырғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1980574-15-zyl-tis-darigeri-bolgan-art-musinsi-kir-zugys-masinadan-usaq-qurastyrdy-video/