Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұялы телефонның қоңырау үніне құранды қоюға бола ма

Жарияланған күні:

ұялы телефон
Ұялы телефон ұстаған адам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Көп жағдайда адамдар ұялы телефонның қоңырау үніне құранды қойып жатады. Аталған әдіс қаншалықты дұрыс? Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Fatua.kz аталған сауалға былай деп жауап береді:

"Қазіргі таңда көпшіліктің қоңырау үніне Құран аяттарын немесе оятқышқа азан дауысын қойып жүргені белгілі. Осы тұста, Алланың кәламын ойыншыққа айналдырмау үшін және Оның рәміздерін құрметтеу мақсатында бұл істен алшақ болуды ескертеміз. Өйткені Алла Тағала Құранды бекершілікке, ұялы телефондарға қоңырау үні етіп қоюға емес, аяттарына пікір жүгірту және ондағы үкімдерге амал етуіміз үшін түсірді. Алла Тағала Құранда: "Бұл – мүбәрак Кітап [Құран], оны саған (уа, Мұхаммед) аяттарын (адамдар) зерделеуі үшін һәм ақыл иелері үгіт алулары үшін түсірдік", - дейді.

Ислам зерттеулерінде Құран аяттарын қоңырау үніне қою харам деп көрсетілген.

"Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі доктор Әли Жұма, Ислам зерттеулер академиясының бұрынғы мүшесі Махмуд Ашур және одан да басқа ғалымдар Құран аяттарын қоңырау үніне қолдану харам деген пәтуа берген",- деп жазылған мақалада.

Басылым оның себебін былай деп түсіндірген:

1) Құран аяттарын қоңырау үніне қою оны аяқ-асты етуге алып барады. Өйткені дәретханада немесе басқа да лас жерлерде қоңырау шалып қалуы ықтималы болғандықтан ол іске жол берілмейді.

2) Бұл іс Құранды құрметтеуге, ұлықтауға жатпайды. Алла Тағала Құранда:  "Міне, солай! Ал кім Алланың (бекіткен) рәміздерін ұлықтаса, күдіксіз, ол жүректердің тақуалығынан", - дейді.

Кейбір адамдар қоңырау үніне музыка қойғаннан Құранды қойған абзалырақ деген уәж айтуы мүмкін. Алайда музыканың орнына Құран қойғаннан жай ғана әуен қойса жетерлік. Бастысы оған қоңырау шалып жатқанын білсе болды емес пе?

Сондай-ақ мақалада қоңырау үніне құранды таңертең оятқыш ретінде қоюға рұқсат етілгендігі жазылған. Ресми дерекке сүйенсек, оған мынадай шарттар қажет екен:

  1. Оятқыштағы азанды сөйлемнің соңына дейін тыңдау. Өйткені сөздің соңына дейін жеткізбей, ортасынан өшірсе мағынасы толық болмай қалады. Мысалы: "Әшһәду әлла иләһә илләллоһ, Әшһәду әннә Мухаммадан" деп "Расулаллаһ" сөзі айтылмай сөндіруге немесе "Әшһәду әллә иләһә" деген уақытта өшіруге болмайды. Өйткені ол "Алла жоқ" деп куәлік берген болады.
  2. Дәретханада қосылып кетпеуін қадағалауға тиіс. Себебі ол Алланы еске алатын орын емес. Дегенмен, аталмыш шарттарды орындағанның өзінде оятқышқа азан дауысын қолданбауға кеңес береміз. Сондықтан Құран дауысын қоңырау үніне, азан дауысын оятқышқа қоюға болмайды. Бұл шариғат рәміздеріне деген құрметсіздік және тақуалыққа жат әрекет болып табылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2000504-uyaly-telefonnyn-qonyrau-unine-qurandy-qoyuga-bola-ma/