Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылға дейін не істеп үлгеру керек: психолог кеңесі

Жарияланған күні:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Жаңа жыл қарсаңында әркім жылды өзінше қорытындылап, болашаққа жоспар құрады. Әдетте жаңа жылға дейін істелінуі тиіс шаруа көбейіп кетеді. Олардың ішінде қарыздан құтылу, ескі әдеттен арылу, жөндеу жұмысын аяқтау, сұлулық салонына бару сияқты көптеген жұмыстар бар. Психолог Ермек Нұрымов адамдардың осы әдетін маман ретінде саралап, мерекеге дейін атқарылуы тиіс басты нәрселерді атады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Психологтың пікірінше, адамдардың жаңа жылға дейін бәріне үлгеріп қалуға тырысуы - қалыпты жағдай.

"Мысалы, байқасаңыз, азық-түлік дүкендерінің, ірі супермаркеттердің мерекеге орай саудасы қызады. Тіпті сөрелер босап қалып жатады. Бұл адамның психологиясына әсер ететін жағдай. Адамның психологиясымен ойнау арқылы дүкендер түрлі жеңілдік жасайды. "Жаңа жылдан кейін қымбаттайды" деп жарнама жасау арқылы адамдардың сауда жасауына ықпал етеді.

Бұл тұтынушыларды мереке қарсаңында әбігерге түсіріп, олардың ақша жұмсауына, дем арада сауда жасауына итермелейді. Бұл топтық сана, сен қаласаң да, қаламасаң да ел алып жатқаннан соң алуға мәжбүр боласың", - дейді Ермек Нұрымов.

Оның айтуынша, жаңа жыл жаңа жақсы әдеттерді қалыптастыруға, жаман әдеттерден арылуға таптырмас уақыт. Психолог жаңа жылдан бастап өз өмірін жаңа арнаға бұруды қалайтындар үшін шығынданудың, үлкен өзгеріс жасаудың қажеті жоқ екенін айтады. Тек келесі тізімді ұстанып, әрекет етсеңіз болғаны.

Үй тазалау

Әр отбасында жаңа жыл қарсаңында үйдің бұрыш-бұрышына дейін тазалап, реттеу әдетке айналған. Бұл дәстүр жаңа жылға ескіден арылып, жаңаға орын босату мақсатында пайда болғанға ұқсайды.

Пәтердің әр бұрышын, әр сөрені, шкафты мұқият қарап, тазалап шығыңыз. Үйдегі керексіз заттарды екі топқа бөліңіз: сынған немесе жыртылған заттар, керексіз қағаз, ашық хаттар, жарнама брошюраларын қоқысқа тастаңыз. Екінші топқа сізге пайдалы емес, бірақ басқаларға пайдалы болуы мүмкін бүтін, бүлінбеген нәрселер жатады. Оларды кімге беретініңізді алдын ала ойластырыңыз немесе сатып жіберіңіз.

Жұмыс орнын тазалауды ұмытпау

Жаңа жылдық мереке алдында жұмыс орнын, жұмыс үстелін өткен жылғы қағаз, қоқыс, шаң-тозаң, компьютердегі ретсіз құжаттардан тазалап кетіңіз. Қажет емес дүниелерден арылып, сақталуы керек нәрсені мұрағатқа салыңыз немесе тиісті орындарына орналастырыңыз. Жазбайтын қалам, ұшы жоқ қарындаштарды лақтырып, барлық кеңсе заттарын өз орнына қойыңыз.

Ренжіскен адамнан кешірім сұрау, кешіру

Биыл біреулермен ренжіскен болсаңыз, бұл жүктен арылудың уақыты келді. Жаңа жылға мүмкіндігінше, таза болып қадам басуға тырысу маңызды. Бұл ретте сізді ренжіткен адаммен сөйлесуге қадам жасап, тым болмаса оған хат-хабарлама жазуды ұмытпаңыз. Мұнда өзіңізді кінәлі деп санайсыз ба, жоқ па бұл маңызды емес, ең бастысы реніш, өкпеден құтылу қажет. Егер сізді кешірсе - бұл қуанарлық жағдай, ал егер бәрібір кешірім бермесе, сіз қолдан келгеннің бәрін істедіңіз деген сөз. Оған көңіл-күйіңіз түспесін.

Телефонды және әлеуметтік желіні тазарту, байланыс нөмірлерін реттеп жазу

Цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, әр адамның виртуалды өміріндегі тазалық та маңызды. Әсіресе әлеуметтік желіде жазылып алған қажетсіз парақшалар, таныс емес адамдарды қайта қарап, артығын өшіру де маңызды жұмыс. Байланыс тізіміндегі барлық артық тізімді алып тастап, жаңа байланыс орнатуға орын босатыңыз.

Жаңа жылға жоспар құру

Бұл - жаңа жылға дейін істелуі тиіс ең басты әрі маңызды нәрсе. Ең бастысы жаңа жылдық жоспар жазуда - өзіңізге не керек екенін түсіну. Алдымен өміріңіздің барлық саласын белгілеп, оларға қатысты арман-тілектеріңізді теріп жазып шығыңыз. Жоспарға енгізген әр пунктті орындай алатыныңызды шамамен болжап, баға беріңіз. Егер ол тым үлкен жоспар болса, уақытқа бөліңіз. Жоспардың нақты, орындалу мүмкіндігі көп, ресурсы бар, іске асыруға уақыт жеткілікті болуы шарт. Жоспарды осы шақта құрып, жазыңыз. Яғни сол арманыңыз орындалып жатқандай әсерде болыңыз. Болымсыз етістіктерді мүлде қолданбаңыз. Жоспар міндетті түрде қағазға түскен болуы керек. Келер жылға қойған мақсатыңыз қаншалықты нақты болса, соншалықты оның орындалу мүмкіндігі де жоғары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2002450-zana-zylga-deiin-ne-istep-ulgeru-kerek-psixolog-kenesi/