Нәзік жандыға қандай сұрақтар қоюға болады: әр түрлі жағдайға арналған 100 идея
Жарияланған күні:
Танысу, хат жазысу, кездесу барысында әйел затын жақынырақ тануға сенімділік ұялататын әңгімелер мен қызықты сауалдар көмектеседі. Әңгіме барысында бойжеткенге қандай сұрақ қою керегін алдын ала іріктелген сұрақтар тізімінен біле аласыз. Марина Кузнецова және Фрэнк Сесно қызға қоюға болатын сұрақтар, сондай-ақ не туралы сұрамау керектігі жөнінде кеңес берді.
Танысу кезінде қызға қойылатын сұрақтар
Алғашқы кездесудегі әсер екінші кездесуде қайталанбайды. Сондықтан әңгіме барысында қызды мұқият тыңдаңыз, айтатын әр сөзіңізді сүзгіден өткізіп алыңыз, бірақ қысылып-қымтырылмай, еркін әңгімелесіңіз.
Кездесу кезінде қызға қандай сұрақтар қоюға болады? Ең алдымен ол туралы жалпы ақпарат беретін сұрақтар қойыңыз:
- Жұмыс істейсің бе, оқисың ба?
- Жұмысың ұнай ма?
- Бос уақытыңда немен айналысасың?
- Қалай демалғанды ұнатасың?
- Жиі саяхаттайсың ба?
- Қай жерде өткен демалысың ерекше ұнады?
- Теңізге немесе тауға барғанды ұнатасың ба?
- Хоббиің қандай?
- Әпке, бауырларың бар ма?
- Сені қандай танымал адамдар шабыттандырады?
- Ақпаратты қайдан аласың – теледидар, газет, журналдар немесе интернет?
- Спортқа қалай қарайсың?
- Театрға/киноға барасың ба? Қандай қойылым/фильм есте қалды?
- Киноны қаншалықты жиі көресің? Кинолардан не ұнайды?
Егер сіз бойжеткенді әңгіме арқылы баурап алсаңыз, оның сізге деген сенімі артады және өзі, отбасы туралы көбірек айтуға дайын болады. Мына сұрақтарды қойып көріңіз:
- Сенде үй жануары бар ма?
- Қандай жануар асырағың келеді, ал қандай жануарға мүлдем қарсысың?
- Сен экстравертсің бе, әлде интровертсің бе?
- Кімге ұқсайсың – анаңа ма, әлде әкеңе ме?
- Туыстарыңнан кімге жақынсың? Неліктен?
- Ата-анаңмен қандай тақырыптарда сөйлесе аласың?
- Өкпешілсің бе?
- Балаларды жақсы көресің бе?
- Арманыңдағы үй бар ма?
- Отбасыңмен қандай мерекелерді атап өтесіңдер?
- Балаларыңды өзіңді тәрбиелегендей етіп өсіресің бе, әлде басқа әдіс қолданасың ба?
- Ақшаны не нәрсеге аямай жұмсаған дұрыс деп есептейсің?
- Қандай таңды ерекше керемет деп санар едің?
- Қандай тағамды айрықша жақсы көресің? Сүйікті асың қандай?
- Неден қатты қорқасың?
- Миллион ақшаң болса, неге жұмсар едің?
- Қай елде тұрғың келеді?
Оған сұрақ жаудырмаңыз. Бірнеше маңызды сұрақтарды ғана қойып, әңгімені әрі қарай өрбітіңіз. Қызды тыңдаңыз, сөзін бөлмеңіз және мейлінше көзіне тура қарап отырыңыз. Maxim журналы Массачусетс штатындағы Брандей университетінің ғалымдары әңгімелесудің бұл түрі жігітті өзіне сенімді, ақылды және білімді адам ретінде көрсетеді деп жазады.
Хат жазысу кезінде қыздан не сұрау керек?
"Успешное знакомство в интернете. Супертренинг для женщин" кітабының авторы Марина Кузнецова интернет - кездесудің ең ықтимал орны деп есептейді. Хат алмасқан кезде қыздан не сұрауға болады? Таныстық басталғанда мынадай сұрақтарды қою орынды боп саналады:
- Хат жазу арқылы сөйлескен ұнай ма, әлде кездескен дұрыс па?
- Адамдармен оңай танысып кете аласың ба?
- Көрмей-білмей кездесуге барар ма едің?
- Әлеуметтік желілерде барлығын достар қатарына қосасың ба, әлде таңдап қабылдайсың ба?
- Саған жігіттің несі маңыздырақ - сыртқы келбеті немесе ақылы, сезімі ме, әлде болашағы ма?
- Сен үшін жеке қарым-қатынас пен мансаптың қайсысы бірінші орында тұрады?
- Қандай жағдайда неден бас тарта алмайсың?
- Ұйқың келмесе не істейсің?
- Саған тыныш өтетін демалыс ыңғайлы ма, әлде достармен кездесу немесе клубтардағы кештер ұнай ма?
- Әлеуметтік желіде қанша уақытыңды өткізесің?
- Өмірдегі қандай жағдайлар сенің күлімдеуіңе себеп бола алады?
- Тағдырға сенесің бе, әлде бәрі өзіңнің қолыңда ма?
- Шешім қабылдауыңа не әсер етеді – жүрек, интуиция немесе ақыл?
- Сен қозғалыс ырғағында өмір сүресің бе, әлде тыныштық пен болжамдылықты дұрыс санайсың ба?
- Стресс жағдайларында қалай тынышталасың?
- Жігіт пен қыздың арасында тек достық болады деп ойлайсың ба?
- Атақты адамдардан кіммен кездескің келеді?
- Сүйікті адамыңмен қайда барғың келеді?
Сізге ұнайтын қызбен кездескеннен кейін оған мынадай сұрақтар қойыңыз:
- Жұлдызнама деректері қарым-қатынасқа әсер ете ме?
- Ер адамның бойындағы қандай қасиеттерді адам төзгісіз деп санайсың?
- Сен романтиксің бе?
- Қарым-қатынастағы ең маңызды нәрсе не?
- Сен ғашық болғышсың ба, әлде жоқ па?
- Қандай мақтау сөзді ұмыта алмайсың?
- Адамды сол қалпында қабылдауға және ымыраға келуге дайынсың ба?
- Қызғаныш махаббат па, әлде сенімсіздік пе?
- Сенің ойыңша керемет кездесу қандай болуы керек?
- Сен үшін ер адамның қандай әрекеті ең бағалы?
- Ер адамға 100% сенім арта аласың ба?
- Қандай өмір салты көбірек ұнайды?
Егер сіз өмірлік серігіңізді табуды мақсат етсеңіз, хат жазысу ұнатып жүрген қызыңызды жақсырақ тануға және кездесуге дейін оның өзіңізге лайықты немесе лайықсыз екенін түсінуге көмектеседі.
Кездесу кезінде қызға қандай сұрақтар қою керек?
Фрэнк Сесно "Как узнать все что нужно, задавая правильные вопросы" кітабында дұрыс қойылған сұрақтар мәселелерді реттейді, өмірді өзгертеді, тіпті мемлекеттің тағдырын шешеді деп жазады. Жақсы сұрақтар бақытты және жемісті өмірдің кілті болуы мүмкін. Сауалдар басқа адамды түсінуге, үйренуге, дамуға жол көрсетеді және сұрақ қойған адамды ақылды етіп көрсетеді. Кездесуде қызға қандай сұрақтар қою керек? Одан жеке өмірі туралы сұраңыз. Бірақ сенім деңгейі орташа дәрежеден жоғарылаған жағдайда ғана мұндай сауалдар қоюға болады:
- Жігітің бар ма?
- Саған қандай адамдар ұнайды?
- Мен саған сүйкімді боп көрінемін бе?
- Ер адамдардың бойынан қандай қасиет ұнамайды?
- Бір көргеннен махаббат пайда болады дегенге сенесің бе?
- Сен үшін не маңызды – ақша, әлде сезім бе?
- Ер адамның қандай қатесін кешіре алмайсың?
- Сүйіктің үшін не істеуге дайынсың?
- Сеніңше нағыз махаббат деген қандай болу керек?
- Мәңгілік сезім дегенге сенесің бе?
Дұрыс қойылған сұрақтар әңгімелесуші туралы ақпарат алуға, интимдік атмосфера орнатуға, жан дүниеңізді ашуға, тіпті екі адамды бір-біріне ғашық етуге мүмкіндік береді деп жазады Psychologies порталы. Мұның айқын мысалы ретінде америкалық психолог Артур Аронның жүректерде жалын тұтандыратын сұрақтарын айтуға болады.
Парасатты адам қыз туралы мына дүниелерді білуге қызығады:
- Өмірдегі жоспарың қандай? Өз салаңда дами түскің келе ме, әлде жаңа дүниені үйрену ойыңда бар ма?
- Сені қандай кітап таң қалдырды?
- Классикаға немесе модернге қызығасың ба?
- Қай елдерге барғың келеді?
- Қандай фильмді он рет қарауға дайынсың?
- Өзгелердің немесе өзіңнің қателіктеріңнен сабақ аласың ба?
- Өмірлік ұраның қандай?
- Сенің мамандығың өзің үшін ғана қажет пе, әлде бүкіл адамзат үшін маңызды ма?
- Сен теорияға жақынсың ба, әлде тәжірибе адамысың ба?
- Сенің өміріңдегі үш маңызды зат қандай?
- Атақты болғың келе ме? Қандай бағытта танымал болғың келеді?
- Өмірде қандай жетістік ең маңызды деп санайсың?
- Не үшін ерекше ризашылық білдіре аласың?
- Қандай ептілік сені тәнті етеді?
- Қандай адамды батыр деп санайсың?
- Сен үшін еркіндік қаншалықты маңызды?
- Егер бір тәулікке тағы 2-3 сағат қосылса, оны неге арнар едің?
Кездесу тек көңіл көтеру үшін ғана қажет емес. Бұл - сенімділік орнаған әңгіме барысында бір-біріңізді тануға берілген үлкен мүмкіндік.
Сұрақтарды қалай құрастыру керек және қыздан не туралы сұрамаған жөн?
Уақытында қойылмаған сұрақтар болжам мен жорамалдарға жол ашады, бұл әркез дұрыс бола бермейді деп жазады "Конструктор успеха" басылымы.
Дұрыс қойылған сұрақтар мына жағдайларда көмектеседі:
- ақпарат алу;
- қыздың жеке тұлғалық қасиеттеріне қызығушылық таныту;
- сенімділік таныту;
- өз құндылықтарыңыздың жүйесін оған түсінікті ету;
- монологты диалогқа ауыстыру;
Сұрақтарды құрастыру ережесі:
- сұрақты қысқа әрі нақты қойыңыз;
- сұраққа өзіңізге қажетті жауапты, жасырын айыптауды немесе басқа эмоцияларды қоспаңыз;
- жауапты тыңдаңыз;
- мазасыз болмаңыз;
- жеке сұрақтарды теріс пайдаланбаңыз.
Сүйіктіңізге қандай сұрақтар қоймау керек? Психологтар әңгіме арасында саясат, денсаулық, ақша және дін тақырыбын қозғамауға кеңес береді. Мына сұрақтар қарым-қатынасты тоқтатуға дейін апарады:
- Неге тұрмыс құрмағансың?
- Арықтауға тырысып көрмедің бе?
- Салмағың қанша?
- Сүйкімді құрбыңмен таныстырасың ба?
- Неге бұлай киінесің?
- Қанша жігітің болды?
- Бұрынғы жігіттеріңнен мен жақсырақпын ба?
- Мұртыңды қырасың ба?
- Табысың қанша?
- Менімен ішің пыспай ма?
- Шығарып салайын ба?
- Қарызға ақша бере тұрасың ба?
Бір ғана әдепсіз сұрақ қыздың жүрегін жаулауға ұмтылған күш-жігеріңізді зая етуі мүмкін. Сыпайы, құрметті әрі әрбір сөзге мұқият болыңыз.
Адамды танудың ең жақсы жолы - әңгімелесу. Қызға оның жеке шекарасын бұзбай және көңіл-күйіне қарайлап сұрақтар қойғаныңыз абзал. Ұсынылған идеяларды пайдалана отырып, кейбір тақырыптарды алдын ала дайындаңыз, ал қалғаны әңгіменің өрбуіне байланысты болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2005134-nazik-zandyga-qandai-suraqtar-qoyuga-bolady-ar-turli-zagdaiga-arnalgan-100-ideya/