Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ересектер мен балаларға үй жағдайында гемоглобинді қалай көтеруге болады

Опубликовано:

Ересектер мен балаларға үй жағдайында гемоглобинді қалай көтеруге болады
Қызыл қан түйіршіктері. Көрнекі сурет: pixabay.com

Балалар мен ересектерде гемоглобиннің төмен болуы анемияның негізгі белгісі болып саналады. Бұл жасушалар мен тіндерге оттегінің жетпей жатқанын және олардың қызметінің бұзылғанын білдіреді. Гемоглобиннің қалыпты көрсеткіші қандай болу керек және оны үй жағдайында қалай көтеруге болатынын медицина докторлары Габриэла Пикардо мен Чарльз Патрик Дэвис айтып берді.

Балалар мен ересектердегі қалыпты гемоглобин көрсеткіші және оның төмендеп кетуінің себебі

Гемоглобин (Hb) - темір тасымалдайтын қызыл қан жасушаларындағы ақуыз. Гемоглобинді қанның маңызды құрамдас бөлігі ететін темір оттегіні ұстап тұрады. Қандағы гемоглобин жеткіліксіз болған кезде жасушалар қажетті мөлшердегі оттегіні ала алмайды. Сондықтан гемоглобиннің қалыпты болуы маңызды. Оның нормасы литрге граммен өлшенеді (g / L).

Балалардағы қалыпты гемоглобин қандай болу керек? Нәрестелерде гемоглобин көрсеткіші жоғары орташа деңгейде болады. Бұл ана құрсағындағы шаранаға оттегінің жеткілікті мөлшерде жетуімен және оттегі тасымалдау үшін көбірек қызыл қан түйіршіктерін (эритроцит) қажет етуімен байланысты. Алайда сәби дүниеге келгеннен кейін бірнеше апта өткен соң бұл көрсеткіш төмендей бастайды деп жазады Рэйчел Налл. Балалардағы гемоглобиннің нормасы мынадай болуға тиіс:

  • 1 жасқа дейін — 105–140 г/л;
  • 1–5 жас — 110 г/л;
  • 5–11 жас — 110–150 г/л;
  • 11–18 жас — 115–160 г/л.
Ересектер мен балаларға үй жағдайында гемоглобинді қалай көтеруге болады
Көбік шарлармен ойнап тұрған қыз бала. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ересектердегі гемоглобиннің нормасы қандай? Ер адамдардағы гемоглобиннің орташа деңгейі әйелдерге қарағанда біршама жоғары:

  • ер адамдарда — 130–170 г/л;
  • әйелдерде — 120–150 г/л.

Балалардың гемоглобині төмен екенін қалай білуге болады? Дәрігер Габриэла Пичардо жазғандай, төмен гемоглобинді анемия деп атайды. Анемияның белгілері:

  • қатты шаршау және ұйқышылдық;
  • тәбеттің болмауы, әлсіздік;
  • бас айналу, талып қалу;
  • демігу, ашушаңдық;
  • жиі ауырып қалу (респираторлы және басқа да инфекциялық аурулар).

Ғылыми жарияланымдар авторы Патрик Дж. Галлахер әлем халқының төрттен бір бөлігі анемиядан зардап шегеді, оның жартысына жуығы мектеп жасына балалар деп жазады. Балаларда гемоглобиннің төмен болуының себебі неде? Медицина ғылымдарының докторы Чарльз Патрик Дэвис анемияның ең жиі кездесетін себептерін тізіп берді:

  • қан жоғалту (жарақат, ота, қан кету, тоқ ішектің қатерлі ісігі немесе асқазанның ойық жарасы);
  • қоректік заттардың жетіспеушілігі (темір, В₁₂ дәрумені, фолий қышқылы);
  • сүйек кемігінің патологиясы;
  • химиотерапиялық дәрі-дәрмектермен эритроциттердің синтезін тежеу;
  • бүйрек жетіспеушілігі;
  • гемоглобиннің қалыптан тыс құрылымы.

Бұл себептердің ересектерге де қатысы бар. Ересек адамдағы анемияның бұдан басқа себебі ұзаққа созылған аурулар (инфекциялар, ревматоидты артрит, қант диабеті), бүйрек ауруы, гипотиреоз, қорғасынмен және басқа улы заттармен уланудан болуы мүмкін. Гемоглобиннің төмендеуі жүктілік кезінде, бала емізетін кезеңде және етеккір келгенде де болады.

Балалар мен ересектердегі темір тапшылығы көп жағдайда дұрыс тамақтанбаудан және физикалық белсенділіктің болмауынан туындайды. Дегенмен дене белсенділігінің артуы да анемияға себеп болуы ғажап емес.

Ересектер мен балаларға гемоглобинді қалай арттыруға болады?

Төмен гемоглобин неліктен қауіпті? Гемоглобиннің төмен болуы анемияның өршуіне әкеледі, бұл мынадай дерттердің туындауына себеп болуы ықтимал:

  • стенокардия, аритмия, жүрек жеткіліксіздігі, кардиомиопатия;
  • перифериялық жүйке зақымдануы, мазасыз аяқ синдромы;
  • депрессия, есте сақтау мәселелері, шатасу;
  • әлсіреген иммундық жүйе.

Асқыну қаупін болдырмау үшін қалыпты гемоглобин деңгейін сақтау маңызды. Педиатр Евгений Комаровский дұрыс тамақтану гемоглобинді қажетті деңгейде ұстауға мүмкіндік беретінін айтады, бірақ темір тапшылығы пайда болса, баланы емдеген дұрыс. Анемия жағдайында тек теңдестірілген диетаға сенім артуға болмайды.

Халықтық емдеу әдістерімен гемоглобинді қалай жоғарылатуға болады? Медицина ғылымдарының докторы Чарльз Патрик Дэвис темірге бай тағамдарды (жұмыртқа, асжапырақ (шпинат), бөрікгүл (артишок), бұршақ, майсыз ет және теңіз өнімдері) және В₆ дәрумені, фолий қышқылы, В₁₂ және С дәрумендері секілді қосымша факторларға бай тағамдарды тұтынуға кеңес береді. Мұндай құнарлы тағамдарға балық, көкөністер, жаңғақ түрлері, жарма, бұршақ, цитрус жемістері жатады.

Тамақтану рационына сәбізден, апельсиннен, анардан, қызылшадан дайындалған шырындар мен смузилерді қосуға болады. Сонымен қатар қызыл қан түйіршіктерінің өндірілуін ынталандыратын шөптік тұнбалар мен қайнатпаларды пайдалану ұсынылады. Шайқурай, шетен, итмұрын, мыңжапырақ, қалақай, бүрген (калина), жусан, мүкжидек осындай қасиеттерге ие. Бүлдірген мен қарақат жапырақтарынан шай қайнатуға да болады.

Анемияны емдеу туралы кітаптың авторы Юлия Попова балмен емдеу әдісін ұсынады. Суға, шырынға немесе сүтке салып араластырылған балды күніне үш рет қабылдау керек. Балды шөптен жасалған қайнатпаға қосуға немесе езілген жаңғақпен араластырып, тамақ ішердің алдында дәрі тәрізді қабылдауға болады.

Дәрігермен кеңеспей өз бетінше гемоглобинді көтеруге арналған темір препараттарын немесе басқа емдік дәрілерді қабылдамаңыз. Бұл әдістердің жанама әсері мен темірді шамадан тыс қабылдаудан туындайтын қосымша асқынуларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар құрамы темірден тұратын дәрілерді балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек, өйткені кішкентай балалардың темірмен улануы өлімге дейін апарып соғуы да ықтимал.

Ересектер мен балаларға үй жағдайында гемоглобинді қалай көтеруге болады
Лимон, зімбір және шырғанақ қосылған шай. Көрнекі сурет: pixabay.com

Төмен гемоглобин көбінесе ағзада темірдің жетіспеушілігінен туындайды, сондай-ақ ол созылмалы аурулардың салдары болуы мүмкін. Балалар мен ересектердегі гемоглобин көрсеткіші біршама ерекшеленеді, бірақ қандай жаста болса да, мұның шығу негізі дұрыс тамақтанумен байланысты екенін ұмытпаған жөн. Гемоглобинді құрамы темірге бай тағамдармен, сондай-ақ эритроциттердің түзілуін ынталандыратын шөптердің көмегімен арттыруға болады.

Назар аударыңыз! Материал ақпараттық сипатта жазылған. Ең алдымен дәрігермен кеңесіп, содан соң мұнда көрсетілген емдеу әдістеріне жүгінген жөн.

Дереккөз:

  1. Gabriela Pichardo. Anemia // WebMD. — 2022. — 02 November. — Режим доступа: https://www.webmd.com/a-to-z-guides/understanding-anemia-basics
  2. Patrick G. Gallagher. Anemia in the pediatric patient // PubMed. — 2022. — 11 August. — 140(6):571–593. — Режим доступа: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/35213686/

Рецензент – жоғары санатты дәрігер Людмила Анатольевна Михайленко.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2006431-eresekter-men-balalarga-ui-zagdaiynda-gemoglobindi-qalai-koteruge-bolady/

pixel