Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сағаттағы бірдей сандар және олардың мағынасы

Опубликовано:

Сағаттағы бірдей сандар және олардың мағынасы
Бірдей сандар көрсетілген сағат. Көрнекі сурет: pexels.com

Сағат бетінде бірдей сандардың көрінуі періштелік нумерология деп аталады және бұл өмірдегі маңызды оқиғалардың белгісі болып саналады. Жайсыздыққа жол бермеу үшін олардың мағынасын қалай түсінуге және түсіндіруге болады? Эзотерика және нумерология бұл құбылысты зерттеді.

Сағаттағы бірдей сандардың сиқыры

Кез келген адам өмірінде ең болмағанда бір рет сағаттағы қайталанатын сандарды көргені анық. Арғы жақтағы әлемге, жоғары интеллект пен нәзік материяның бар екеніне сенетін жандар интуитивтік тұрғыда бұл нені білдіреді деген сұрақ қояды.

Сағаттағы бірдей сандар дегеніміз не?

Бұл – екі түрлі түсіндірмесі бар ерекше құбылыс. Ресми ғылым мұны репдиджит, яғни барлық саны бірдей натурал сандар деп атайды. Әйгілі "аңның саны" репдиджит мысалы болып саналады. Эзотерикалық ілімдердің ізбасарлары бірдей сандар адамның өміріне әсер ете алатын қорғаушы періштелерден жеткен шифрланған хабар деп санайды.

Сағаттағы бірдей сандар және олардың мағынасы
Сағаттағы сандар сиқыры. Көрнекі сурет: pixabay.com

Репдиджит математикада ұзақ уақыт бойы зерттелді. Бұл құбылыстың мынадай басқа атаулары бар:

  • Репдиджит – ағылшын тілінен аударғанда "repeat digit" – "қайталанған цифр" дегенді білдіреді.
  • Біркелкі сандар.
  • Шнапс сандары.

Наталья Карпушкинаның "Занимательная математика: гимнастика для ума или искусство удивлять?" кітабында автор бұл құбылыстың рухани әлемге және эзотерикаға ешқандай байланысы жоқ екенін айтып, математика заңдары бойынша түсіндіреді. Эзотерикада қайталанатын сандар құбылысымен философия ғылымдарының докторы, рухани кеңесші және психолог Дорин Верче жұмыс істеді. "Как слышать своих ангелов. Получайте послания с небес" кітабында ол періштелерді адамдарға Жаратушының хабарламасын жеткізетін Құдайдың сыйы деп атайды. Оның көзқарасы бойынша сағаттағы бірдей сандар періштелік нумерологияның белгілері болып есептеледі, өйткені періштелер бізбен адамдар сияқты еркін сөйлесе алмайды.

Қазіргі күні Дорин Верче жаңа ғасыр дінінен шығып, христиан дінін қабылдады. Алайда автордың елуден астам кітабының оқырмандары оған тылсым дүниеге көз тігуге мүмкіндік бергені үшін ризашылығын білдіреді.

Екі тәсіл де назар аударарлық, өйткені әрқайсысының өзіндік дәлелдеме базасы бар.

Сағаттағы сандардың сәйкес келуі нені білдіреді?

Нумерологияда сағаттағы сандардың сәйкес келуі ескерту, болашақ өмірге қауіп немесе мүмкіндіктер туралы жоғары күштердің кодталған хабарламасы болып саналады. Оның мағынасы қайталау кезінде 1-ден 0-ге дейінгі сандардың мағынасын ескере отырып шешіледі. Ғылыми тұрғыдан алғанда сандар көп мағынаға ие болмайды әрі адам өміріне әсер етпейді. Бірақ ежелгі Мысырдың діни қызметкерлері, Қытай ғалымдары, Пифагор мен оның ізбасарларының арқасында нумерология ерекше мән-мағынаға ие болды және толыққанды эзотерика іліміне айналды.

Виктор Калюжный "Нумерология" кітабында қытайлықтардың сандық белгілерге дәстүрлі көзқарасы ерекше болды деп жазады. Автор бұл туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Артем Кобзев және басқа да ғалымдар зерттегенін айтады. Нумерологияда әрбір жай санның белгілі бір мәні бар:

  • Нөл – материяның абсолютті ғайыптығы, көрінбеуі.
  • Бірлік – күш, қуат, құдірет, билік, өміршеңдік, батылдық және ерлік.
  • Екілік – сабырлылық, тепе-теңдік, ұстамдылық, жұмсақтық, нәзіктік. Икемділік пен серіктестік белгісі.
  • Үштік - шығармашылық, қиял, өзін-өзі қамшылау, медитация және өзін-өзі тану қажеттілігі.
  • Төрттік – еңбек, шыдамдылық және ұйымшылдық, белсенділік, ептілік және мақсатқа ұмтылу қажеттілігі.
  • Бестік – білуге құмарлық, ұтқырлық, жаңалық ашу, қолда бар нәрсені қорғау және жаңа дүниеге қызығушылық.
  • Алтылық – отбасы ошағы, гармония, тыныштық, романтика, мейірімділік, адалдық және басқа да маңызды тұлғалық қасиеттер.
  • Жетілік – өзін-өзі талдау, өмірге философиялық көзқараспен қарау, зерттеуші жолы, сонымен қатар табысты, бақытты адамды көрсетеді.
  • Сегіздік - ымыраға келу, даналық, сенімділік, материалдық әлемнің және тағдыршешті өзгерістердің нышаны.
  • Тоғыздық – кең ауқым, әртүрлілік, даму және өзін-өзі жетілдіру.

Сағаттағы қандай сан жиі кездесетініне қарап не нәрсеге дайындалу керек, неден сақ болу керек және неге ұмтылу керек деген қорытынды жасауға болады. Сағаттағы нақты уақыт қалай түсіндіріледі?

Сағаттағы бірдей сандар және олардың мағынасы
Әйгілі математик Пифагор ескерткіші. Көрнекі сурет: pixabay.com

Нақты бірдей сандарды түсіндіру

Егер адам сағат бойынша 00:00, 11:11 және соған ұқсас уақытты қайта-қайта көретін болса, бұлай қайталанудың себебі туралы ойлануға тура келеді. Қайталаланған сандарды қалай түсіндіруге болады?

Тәуліктің бірінші жартысындағы сағат 12-ге дейінгі бірдей сандар

Қазіргі адамдар сағатпен өмір сүреді және уақытқа жиі қарайды. Егер сағатқа қараған сәтте қайталанатын сандарды жиі байқасаңыз, мұны нумерологияда қабылданған түсіндірмелермен салыстырыңыз:

  • 00:00 - бәрін жаңа парақтан бастайтын уақыт келді. Күнделікті қайталанатын күйбең тірлік кезеңін аяқтап, тілек тілейтін, мақсат қою арқылы жаңа кезеңге өтетін уақыт келді. Ғалам сізге көмектеседі, мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз.
  • 01:01 – сүйікті адамнан жақсы жаңалық есту. Позитивті ойлау қажеттілігін білдіреді.
  • 02:02 – кенеттен сүйікті адамыңызбен кездесу, сенімді іскер серіктес, достың жолығуы. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіңіз.
  • 03:03 – ішкі түйсігіңізге сеніңіз, жүрегіңіз шақырған жерге қарай барыңыз. Махаббатыңыз жақын жерде жүр, айналаңызға мұқият қараңыз.
  • 04:04 – бейтаныс адамдардың сөздерінде маңызды мағына жасырылған, оларды тыңдаңыз. Сіз дұрыс жолдасыз, ештеңеге алаңдамаңыз.
  • 05:05 – өміріңіздегі жаһандық өзгерістердің орнайтын уақыты келді. Абайлаңыз, мақсатыңызға жету жолында әлдебіреу кедергі келтіруі мүмкін.
  • 06:06 – тағдырыңызды шешетін танысу күні. Рухани құндылықтарға көңіл бөліңіз, ар-ожданыңызға сай әрекет етіңіз.
  • 07:07 – сізді сәттілік күтеді, тілектің орындалуы, жақын адаммен кездесу болады. Бейтаныс адамнан көмек күтіңіз.
  • 08:08 – қаржылық ахуал көтеріледі, басшылық жақын арада сіздің күш-жігеріңізді бағалайды. Бай қолдаушы пайда болуы ықтимал. Күйзеліске түспеңіз, қиыншылыққа шыдаңыз, жақында бәрі жақсы болады.
  • 09:09 – ақша жоғалту қаупі бар, сақ болыңыз. Басымдықтарыңызды қайта қараңыз, артық нәрселерден арылыңыз.
  • 10:10 – өміріңізді өзіңіз өзгертіңіз, ыңғайлы жолдарды таңдаңыз. Тәуекелге бармаңыз, болмашы қиындықтарды сабырмен қарсы алыңыз.
  • 11:11 – жақын адамның сатқындық жасау қаупін білдіреді. Мұндайды бастан өткергеннен кейін сізді табыс пен атақ күтіп тұр.
Сағаттағы бірдей сандар және олардың мағынасы
Цифрлық сағат. Көрнекі сурет: pixabay.com

Түскі 12-ден кейінгі тәуліктің екінші жартысындағы бірдей сандар

Қайталанатын сандардың құпия күшін ашуда британиялық алхимик Джон Ди де үлкен рөл атқарды. Ол сандар жүйесінің киелі табиғаты туралы бірдей сандар құбылысын сипаттаған "Иеролиграфическая монада" атты еңбегінде жазған. Тәуліктің екінші жартысындағы бірдей сандар нені білдіреді:

  • 12:12 – сәтті бес күндіктің басталуы. Жаңа адаммен жемісті одақ құру, қаржылық жағдайды жақсарту.
  • 13:13 – дұшпандардың кек алуынан сақ болыңыз. Ынтымақта болыңыз, ашу мен негатив табысқа жету жолына кедергі келтіреді. Есіңізде болсын, 13 саны кармалық болып саналады, сондықтан алдағы күндерде барлық жағдайға мұқият қараңыз.
  • 14:14 – махаббатты іздеп әуре болмаңыз, ол өзі-ақ келеді. Жағдайды өзгерту қиындықтардан арылуға көмектеседі. Бұл да кармалық сан: талдау жасау үшін сол күнгі оқиғаларды есте сақтаңыз.
  • 15:15 – сізден басқаның бәрі дұрыс болатын күн. Ешкіммен кикілжіңге бармаңыз, жақын араласатын ортаңызға назар аударыңыз.
  • 16:16 – достық ортада саяхаттауға тамаша күн. Өзіңіздің дарашылдығыңызға тосқауыл қоя тұрыңыз, беруді үйреніңіз. 16 саны кармалық болса да, бұл жағдайда ол оң карманы көрсетеді.
  • 17:17 – зергерлік бұйымдарды жоғалту қаупі жоғары. Жаңа әрі пайдалы танысуларды күтіңіз.
  • 18:18 – Көлік жүргізуден және көлікте жүруден аулақ болыңыз, күні бойы жаяу жүріңіз. Ешкімді бөгемеңіз, адамдарды жібере біліңіз.
  • 19:19 – жақсы жаққа өзгеріңіз. Тиімді дүниелерді ойлаңыз, эмоцияға ерік бермеңіз. Әрекеттегі позитивті карма – өміріңізде молшылық пен сүйіспеншілікті қабылдау.
  • 20:20 – ең жақсы досыңыздан үш жылға жырақтау. Адамдардың жақсы жақтарын көре біліңіз, көрсетілген көмекті қабылдаңыз.
  • 21:21 – күтпеген шытырман махаббат оқиғасы күтіп тұр. Түйсікке сеніңіз, маңызды шешім қабылдаңыз, ештеңеден қорықпаңыз.
  • 22:22 – жалғыздықтан қорықпаңыз, қажетсіз қарым-қатынасты аяқтаңыз. Мүмкіндіктерді байыппен бағалаңыз, асықпаңыз.
  • 23:23 – аяғыңыздың астына қараңыз, ақша табу мүмкіндігі бар. Демалыңыз, адамдардан кешірім сұраңыз, өткен күннің тәжірибелері туралы ойланыңыз.
Сағаттағы бірдей сандар және олардың мағынасы
Оятқышы бар сағат. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ғаламның және періштелік нумерологияның белгілеріне мұқият болыңыз, сағаттағы бірдей сандарға назар аударыңыз. Оларды талдай отырып, адам пешенеге жазылған қателіктерге тосқауыл болып қана қоймайды, сонымен қатар бақыт пен сәттілікке қарай нәтижелі қадамдар жасай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2007495-sagattagy-birdei-sandar-zane-olardyn-magynasy/

pixel