Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі

Опубликовано:

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Суқұйғыш белгісі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Суқұйғыш жаны жаралы болса да, онысын байқатпай көтеріңкі көңіл-күймен жүретін көпшіл мінезді жан ба, әлде сөзге құлақ аспайтын арандатушылардың бірі ме? Ауа белгісінің шынайы болмысы қандай? Он бірінші белгінің құпиясын астрологтар Антонина Соколова, Гари Голдшнайдер және Джуст Элфферспен бірге ашамыз.

Суқұйғыш белгісінің негізгі сипаттамасы

Ауа белгілерінің ең мықтысы саналатын Суқұйғыш жақсы дос болады және дұшпанға қарсы тұра алады. Суқұйғыштың нақты мәселесі қандай? Белгінің ерекшеліктерін қарастырып көрелік.

Белгінің уақыты және дүлей күші

Суқұйғыш белгісі қай аралықты қамтиды? 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында туған адамдар зодиактың он бірінші белгісі саналатын Суқұйғышқа жатады. Олар қатал әрі беделді Сатурн мен тағдыршешті Уран сынды кармалық ғаламшарлардың бақылауында болады. Суқұйғыш белгісіне тән болмыстың екіжақты боп құбылуы да осыған байланысты болса керек.

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Суқұйғыш бейнесі. Көрнекі сурет: pixabay.com

Зодиактағы Суқұйғыш белгісі нені білдіреді? Суқұйғыш (грекше "аquarius") үлкен амфора құмырасына су құйып жатқан адам кейпінде бейнеленген. Белгінің сызбалық көрінісі бірінің астында орналасқан екі көлденең толқынды сызықты көрсетеді.

Суқұйғыштың түпбейнесі жас шарап тасушы Ганимед болды. Ол Грекиядағы ең сымбатты ер адам әрі Троя билеушісі Трос патшаның ұлы еді. Оны Зевс мерекелерде құдайлардың шыныаяқтарына шарап, су және сиқырлы балшырындар әкеліп құйып тұру үшін ұрлап әкетті. Ал Трос ұлын қатты сағынғаны сонша, Зевс оның бейнесін жұлдызды аспанға шоқжұлдыз кейпінде орналастырды.

Қыс мезгілінде дүниеге келген Суқұйғыш жан-жақты әрі әуесқой боп келеді. Суық кезеңде дүниеге келген кез келген адам сияқты бұл белгі өкілдері де мақсатқа жету жолында ешқандай кедергіге сынбайды, ақылды, айлакер және төзімді келеді. Табанды және еркін Суқұйғыш өзгелерді оп-оңай елітеді, бірақ оның бұл қырын ешкім толық білмейді.

Суқұйғыш белгісінің дүлей күші қандай? Ол Егіздер және Таразымен бірге Ауа үштігіне жатады. Бұл үштіктің басты күші - еркін сана, мықты интеллект және үйреншікті шеңберден шығу шеберлігі.

Суқұйғыш белгісінің табиғаты және оның ең жарқын өкілдері

Суқұйғыштың мінезі қандай? Ол өзін болашақта өмір сүретіндей сезінеді, өйткені Суқұйғыш ақыл-парасатымен уақыттан озады. Адамдар оны түсінбейді, кейбіреулер оны қызғанады немесе ашулануы мүмкін, бірақ ешкім Суқұйғыштың мықты мінезіне бей-жай қарамайды.

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Теңіз жағасындағы суретші. Көрнекі сурет: pixabay.com

Белгі өкілдерінің жағымды қасиеттері:

  • шығармашылық қуат пен оптимистік көзқарас;
  • интеллект және дамыған интуиция;
  • абстрактылы ойлау;
  • сыртқы тартымдылық;
  • тектілік және қиындыққа төзе білу, отбасы мен достары үшін құрбандыққа бару;
  • өмір сүру қабілетінің жоғары болуы, ортаға бейімделгіштігі;
  • пайдалы байланыс орнату мүмкіндігі;
  • дүниеге өзіндік көзқараспен қарау, уақытынан бұрын қызықты идеяларды түрлендіреді;
  • кез келген зодиак белгілерімен дос болып кетеді, жұмыс істей алады.

Ауа белгісі тәуекелге бара алады, көзге ерекше түсе біледі және тәжірибе жасағанды жақсы көреді, дегенмен бұл жағынан бәрі мінсіз емес:

  • суқұйғыш қызба, құбылмалы және қыңыр келеді;
  • үстіртін ойлайды әрі шалағай адам;
  • мінез-құлқы мен сөйлеу мәнері оғаштау;
  • ерік-жігерінің жоқтығын көрсетіп, өзінің әлсіз тұстарына ерік береді;
  • ол өзіне айтылған сынды ұнатпайды, бірақ басқаларды сынайды.

Суқұйғыштар арасындағы ең танымал тұлғалар адамзат тарихында есімдерін мәңгілікке қалдырды:

  • Вольфганг Амадей Моцарт, Анна Павлова;
  • Чарльз Диккенс, Вирджиния Вулф;
  • Авраам Линкольн, Анджела Дэвис;
  • Кристиан Диор, Энцо Феррари;
  • Майкл Джордан, Татьяна Тарасова;
  • Эштон Кутчер, Опра Уинфри.

Суқұйғыштың тұрмыс-тіршілігі, мансабы және денсаулығы

Суқұйғыш біреуден қарыз алғанды және өзгеге ақша бергенді ұнатпайды, ол өз бетінше өмір сүруге тырысады. Суқұйғыштың көбісі мансапта табысты болғанымен, адамдарды басқаруға ұмтылмайды және бақылау жасағанды ұнатпайды. Олардың біразы фриланс, кәсіпкерлік салаларында еңбек етеді. Белгі өкілдері өздерін мына мамандықтарда жақсы дамыта алады:

  • спортшы;
  • дизайнер, өнертапқыш, бағдарламашы;
  • психолог, аудармашы, журналист;
  • кино, театр және теледидар әртісі;
  • саясаткер және кәсіпкер;
  • ғалым және ұстаз.

Суқұйғыш әйелдер күнделікті өмірден жұмысқа қарай қашады, олар табиғатынан үй шаруасынан алшақ. Суқұйғыштардың ата-аналары балаларын жақсы көреді, бірақ оларды үнемі бақылау жасап қыспаққа алмайды, керісінше еркіндік беріп, қолдау білдіреді.

Суқұйғыштардың денсаулығы табиғатынан мықты, бірақ буын мен қан тамырларына күтім жасау керек. Себебі сіңірдің түйілуі жиі болып тұрады. Көздің көруіне байланысты мәселелер туындауы мүмкін, ал шамадан тыс эмоционалдық қысым орталық жүйке жүйесі жұмысының бұзылуына әкелуі де ғажап емес.

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Ғалым әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Махаббат әлеміндегі Суқұйғыш, оның басқа белгілермен үйлесімділігі

Суқұйғыштардың жас Ганимед сияқты сымбатты болатынына таң қалудың қажеті жоқ. Мұндай сұлулық көптеген белгі өкілін қалаулы жұп етсе, кейбіріне кармалық жаза болуы да мүмкін. Суқұйғыш кіммен жарасымды жұп бола алады? Жеңіл және өзара үндескен қарым-қатынас Ауа күші саналатын Егіздер және Таразы белгілерінің өкілдерімен, ал ең жарқын және жасампаз байланыс От белгілерімен (Тоқты, Арыстан, Мерген) болуы ықтимал. Зодиак шеңберінің басқа белгілерімен қарым-қатынас қаншалықты үйлесімді болады?

Суқұйғыш және Тоқты

Серіктер өзін-өзі дербес және белсенді ұстайды, "Вечный гороскоп" кітабының авторлары Гари Голдшнайдер мен Джуст Эльфферстің айтуынша, Тоқты - бірінші әрі ең күшті белгі. Оларға тұрақты өмір, жақсы материалдық база керек. Сонда бұл жұптың тағдыры ұзақ жылдарға созылады.

Суқұйғыш және Торпақ

Олар мінсіз қарым-қатынастан алыс, өйткені екеуі де реалист әрі өте қыңыр. Сонымен қатар Торпақ Суқұйғыштың айтып білгісіз қасиетіне төтеп бере алмауы мүмкін. Ол өзгерістер мен қоныс аударудан гөрі жайлы өмірдің тұрақтылығын қалайды. Бірге болу үшін бір-бірін өзгертудің қажеті жоқ.

Суқұйғыш және Егіздер

"Гороскоп совместимости и Китайский гороскоп" кітабының авторы Антонина Соколова олардың өзара тартылыс пен сыйластықтан құрылған тамаша жұп екенін жазады. Еркіндікті сүйетін, бейқам ерлі-зайыпты құтты орындарына қоныстанып, балалы болып, оларды өсіріп, мықты әрі бақытты отбасына айналады.

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Таза ауада тынығып отырған жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Суқұйғыш және Шаян

Сирек кездесетін жұптың арасындағы қарым-қатынас қиын жағдайдағы ажырасумен аяқталуы да мүмкін. Шаян тым қызғаншақ, ал Суқұйғышты барлығы жақсы көреді. Отбасы мен қарым-қатынасқа деген көзқарастың әр түрлі болуы оларға жайсыздық әкеледі. Тек шынайы және алды-артын орап алатын махаббат қана бұл жандардың бірлігін сақтай алады.

Суқұйғыш және Арыстан

Екі кемел адамның қарым-қатынасы керемет болады. Олар мансап жолында және қоғамда өзін толық қалыптастырғаннан кейін некелесуі керек. Алдағы уақытта жақсы дос боп кету үшін олар алдымен авантюраға, көңіл көтеруге ұмтылады. Бұл жұп құштарлықтан емес, достықтың ықпалымен құрылған отбасының үлгісі.

Суқұйғыш және Бикеш

Бұл екеуінің арасындағы байланыс қиындықсыз болмайды, өйткені Суқұйғыш ешқашан Бикештің зор үмітін ақтамайды. Егер Бикеш серігін жайына қалдырмаса, тұрмыс пен ақша мәселесін өз қолына алмаса, түсініспеушілік пен шағымдар мұндай жұптың арасына сызат түсіреді. Құштарлықтың алауы басылған кезде ерлі-зайыптының өмірін рухани байланыс, балалар мен ошақ басы сақтап қалады.

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Бір-біріне өкпелеген жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Суқұйғыш және Таразы

Бұл екі белгі сексуалдық тұрғыда керемет үйлесімділік табады. Кикілжіңге бара бермейтін, еркін әрі тәжірибе жасауға бейім жұп. Олар күнделікті тұрмыстың ұсақ-түйектеріне бола ұрысып қалмаса, бірге тау қопара алады. Болашаққа жауапкершілікпен қарау тұрғысынан ымыраға келген ерлі-зайыпты бақытты болады.

Суқұйғыш және Сарышаян

Бұл белгі өкілдерінің екеуі де көшбасшы болғандықтан екі тарапқа оңай болмайды. Салқын көзқарастағы Суқұйғыш Сарышаянның бойындағы сезім жанартауын оятады және мұның соңы қатты дүмпумен, тіпті ажырасумен аяқталуы мүмкін. Оларды сенім мен құрмет біріктіреді, ал қызғаныш пен үстемдіктен ада болған абзал.

Суқұйғыш және Мерген

Күтпеген жайттарды ұнататын еркін жандар әлемді бірге шарлайды. Ешбір міндетсіз ұзақ уақыт жалғасатын бұл махаббатты қарым-қатынастың тамаша үлгісі деуге болады. Отбасы үшін ортақ кәсіп пен терезесінен көл көрініп тұратын жер үй керек. Ерлі-зайыптының арасын балалар нығайтпайды, бірақ сыйластық пен қаржы байланыстырады.

Суқұйғыш: мерзімі, сипаттамасы және басқа белгілермен үйлесімділігі
Әріптес жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Суқұйғыш және Тауешкі

Бұл екеуінің байланысы күрделі болады, алайда Тауешкі Суқұйғышты өзін-өзі дамытуға және жақсартуға итермелейді, оған сенімді тірек бола отырып, бір үзім нанмен, маймен қамтамасыз етеді. Суқұйғышқа романтика жетіспейді, сондықтан Тауешкі жанындағы серігін қызғанбай, сөкпей, анда-санда табиғат аясында серуендеуге жіберуі керек.

Суқұйғыш пен Суқұйғыш

Бір белгінің екі өкілінен көңілді және қамсыз жұп шығады, дегенмен бұл екеуі қайда және қалай өмір сүреді? Күнделікті өмірде әркім тиесілі міндетін бөліп алу керек, өйткені олар өздерінен артық ғашық жанды және сенімді досты таба алмайды. Мұндай ерлі-зайыпты көбінесе ашық некеде өмір сүреді, ортақ балалары болады және махаббат байланысымен қатар тұрмыс-тіршілігін кеше береді.

Суқұйғыш және Балықтар

Қызықты, бірақ бір-біріне қарама-қайшы жұп. Егер ғашықтар құштарлықты шығармашылыққа бағыттамаса, қарым-қатынаста жазғырулар болады. Мұндай жұптан балалар емес, картиналар, әндер мен өлеңдер дүниеге келеді. "Гороскоп" кітабының авторы Виктор Барановский Балықтармен бірге болу үшін көп күтуіңіз мүмкін екенін айтады, себебі олар кеш үйленеді.

Адамдардың дені Суқұйғыштың ешкімге тиесілі емес екенін айтады, себебі олар эмоционалдық жағынан суық, бұл белгі өкілдерімен отбасын құру қиын әрі көпшілікті өзіне тез баурайды. Жарқын ауа белгісіне лайық табыстарға жету үшін өзіңіз туралы және басқа Суқұйғыштар туралы көбірек мәлімет біліңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2009957-suquigys-merzimi-sipattamasy-zane-basqa-belgilermen-uilesimdiligi/

pixel