Сарышаян: белгінің мерзімі, сипаттамасы, үйлесімділігі
Жарияланған күні:
Құпияға толы және еліктіргіш Сарышаян кез келген жанды өзіне баурайды, бірақ оны көбісі түсіне бермейді. Белгінің күшті және әлсіз тұсы қандай, оған кіммен қарым-қатынас жасау жеңіл әрі кімдерден аулақ болғаны жөн? Астрология сегізінші зодиак белгісінің қыр-сырын ашады.
Сарышаянның негізгі ерекшеліктері
Олар көңіл-күйіне қарай әрекет етеді, өйткені Сарышаяндар апатиядан соң демде көңілді бола салады немесе керісінше тез ашулануы да мүмкін. Бойынан осындай қарама-қайшы ерекшеліктер табылатын мистикалық Сарышаян өзінің шынайы болмысын жасырып, мінезін тізгіндеп ұстауға қабілетті.
Белгінің мерзімі және дүлей күші
Астрологиялық аспектілер адам дүниеге келген сәттен бастап оның тағдырына әсер ететін белгілі мінез-құлықтан құралады. Сондықтан туған күн мен зодиак белгісін білу маңызды. Сарышаян белгісі қай аралықты қамтиды? 24 қазан және 22 қараша аралығында туған барлық адам зодиактың сегізінші белгісіне жатады. Олардың сарышаяннан басқа белгісі ретінде бүркіт пен фениксті атауға болады, бұлар белгінің өзгеру, қайта туу және жандану бейімділігін көрсетеді.
Күзде туған адамдар көрегендігімен, турашылдығымен, өткір ойымен, тілімен ерекшеленеді. Сарышаянда осындай артықшылықтар басым. Сарышаянның жан дүниесіндегі құмарлықты қамқоршы ғаламшарлар Марс және Плутон өршітеді.
Сарышаянның табиғатына оның дүлей күші де әсер етеді. Сарышаян зодиак белгісінің дүлей күші (стихия) қандай? Шаян және Балықтармен бірге Сарышаян Су күшіне жатады. Бұл күш белгінің барлық өкіліне ақыл-ой, сезімталдық береді. Су табиғаты оның арманына, ұшқыр қиялына қуат береді. Сарышаянның табиғаты су күшінің мәнін толыққанды қабылдай алатынын көрсетеді.
Сарышаян ер мен Сарышаян әйел
Сарышаянның мінезі қандай? Оның мінезін қиын деп айтуға болады. Белгі өкілінің негізгі жағымды мінез-құлқы мынадай:
- Өмір сүруге деген ерік-жігер, табандылық, алға ұмтылу.
- Оқыс жағдайларда салқынқанды болу.
- Эмоционалдық адалдық, басқалардың жетістігіне қуана білу.
- Риясыздық.
- Атаққұмарлық және менмендік.
- Сезімталдық, сексуалдылық.
Негативтік болмысы мынадай:
- Агрессия және қатыгездікпен шектесетін шектен тыс эмоционалдылық.
- Тұрақсыздық пен қарама-қайшылық.
- Гедонизм және өзімшілдік, шектен шығуға бейімділік.
- Билеп-төстеушілік, қызғаншақтық, өкпешілдік, қызбалық және кекшілдік.
Сарышаян ер адам - нағыз жауынгер, шыншыл және әділ деп бағаланады. Ол өзін және айналасындағы әлемді тануға ұмтылады. Еркін, табанды және өктемшіл, құмарлыққа жақын және тәуекелге жиі барады. Мұндай адамдар экстремалдық спортты жақсы көреді, осы сәтпен өмір сүреді. Олар өзін-өзі құрбан етуді және жекпе-жекті жақсы көреді әрі жек көреді. Сондықтан Сарышаяндармен қас болғаннан гөрі дос болған абзал.
Сарышаян әйел өз қадірін біледі. Қара қабылан сияқты сымбатты, сүйкімді, жұмбақ және сексуалды әйелді достары харизмасы мен сүйкімділігі үшін, ал жұмыс берушілер оның өткір ақыл-ойы мен табандылығы үшін бағалайды. Махаббат үшін ол бәріне дайын және мықты ер адамның сүйікті әйелі болуды армандайды.
"Вечный гороскоп" кітабының авторлары Гэри Голдшнайдер мен Джуст Элфферстің айтуынша, ерлер мен әйелдер арасында да белгілі Сарышаяндар бар. Билл Гейтс, Роман Абрамович, Леонардо Ди Каприо, Вивьен Лей, Хиллари Клинтон және Индира Ганди, Лолита Милявская мен Михаил Галустян, Ксения Собчак, Тина Канделаки, Пабло Пикассо және Кальвин Клейн, Федор Достоевский мен Эльдар Рязанов осы белгі өкілдері болып саналады.
Сарышаянның күнделікті өмірі, мансап жолы және денсаулығы
Күнделікті өмірде Сарышаяндар жаңалық пен күтпеген жағдайды жақсы көреді, сондықтан олар үйге арналған заттарды жиі сатып алады. Белгі өкілдері үй шаруасымен басқа біреудің айналысқанын қалайды, бірақ олар өз үйін құтты мекен деп санайды, үйде тынығып, қайта қалыпқа келгенді құп көреді.
Мансап пен қаржы саласында зодиактың сегізінші белгісі керемет табысты боп келеді. Оларды сәнді өмір үшін дүниеге келген жандар десе болады және мына мамандықтар бойынша ең үлкен жетістіктерге жетеді:
- Кәсіпкер және банкир.
- Хирург.
- Каскадер және құтқарушы.
- Психолог және криминалист.
Сарышаяндардың денсаулығы дүниеге келген сәттен бастап мықты болады. Ал дұрыс күтінбеген жағдайда тамақ пен мұрын, несеп-жыныс жолдары және тоқ ішек, тері, арқа, аяқ, сонымен қатар жүрек пен қан айналымы жүйесіне зақым келуі мүмкін.
Сарышаянның махаббаттағы жолы және өзгелермен жарасым табуы
Ол жүз пайыз отбасы адамы және бұзылуға жақын ғашық адам болуы да ғажап емес, оған қоса жұмсақ және қамқор ата-ана да, гипербелсенді бала да бола алады. Сарышаянның махаббаты тәтті у секілді. Оның жүрегін жаулап алған адам ешқашан жадынан өшпейді, тіпті өмірлік серігіне айналуы мүмкін.
Сарышаянның махаббаты қандай белгі өкілдерімен үйлесім табады? Сарышаяндардың керемет серігі ретінде Шаян мен Балықтарды айтуға болады. Жер күшінің өкілдерімен қарым-қатынасы жақсы дамиды. Әрбір белгімен үйлесімділігі жайлы тарқатып айтып көрелік.
Сарышаян және Тоқты
Олар ұрыс-керіс, қызғаныш пен реніш негізінде біріккен жұп. Қарым-қатынасты нығайту және өзара сүйіспеншілік жұптың бірлігін сақтайды. Көшбасшылыққа ұмтылуда екеуінің біреуі бір саты төмек тұруға тиіс. Бұл қадамға көбінесе Тоқты барады. Балаларға қамқорлық жасау және қарым-қатынасқа шырғаланбау арақатынасты жақсартуға көмектеседі.
Сарышаян және Торпақ
"Гороскоп совместимости и китайский гороскоп" кітабының авторы Антонина Соколова қарым-қатынас берік достық пен сексуалдық үйлесімділікке негізделген деп жазады. Екі белгі де тәртіп пен тазалықты жақсы көреді, сондықтан олар бір аумақта оңай тіл табысады. Олар кикілжіңге келмеуі керек, өйткені Торпақ дау-дамайда жеңіледі. Қарым-қатынастың үндестігін жақсарту үшін бір-бірінің әлсіз нүктелеріне құрметпен қарау керек.
Сарышаян және Егіздер
Қысқа мерзімді қарым-қатынас қызықты, мәнді болады. Олар көбірек сөйлеседі, бірақ ешқайсысы бір-біріне жан-дүниесін ашпайды. Сарышаянды Егіздердің екіжақтылығы есінен тандырады және оның тұйықтығынан зардап шегеді. Ажырасудың ең көп тараған себебі жұптың бірінің көзге шөп салуы болуы мүмкін.
Сарышаян және Шаян
Олардың арасы мінсіз интимдік қарым-қатынастан, терең эмоционалдық байланыстан, шынайылық және өзара сүйіспеншіліктен тұрады. Шаян Сарышаян үшін білім көзіне айналады, ол одан сезім, арман және түйсік әлемін түсінуді үйренеді. Олар - романтиктер, сондықтан бір-біріне жомарттық танытады.
Сарышаян және Арыстан
"Гороскопы" кітабының авторы Виктор Барановский жұп арасында жанжал көп болатынын, әсіресе Сарышаян Өгіз жылы туған болса қиындау екенін айтады. Оларды отбасына деген адалдық қана бірге ұстап тұрады. Мұндай жұп ептілік, ақыл, дипломатияны пайдалана отырып, бір-бірінің ерекшеліктеріне төтеп беруі керек. Түйреп сөйлеп, дөңгелектің астына таяқ қойғаннан гөрі Арыстанды шексіз құрметтеп, Сарышаянды үнемі мақтап отырған абзал.
Сарышаян және Бикеш
Дана Бикешке сүйкімді, долы және сезімтал Сарышаян бұйырады. Олардың түсініксіз әрі түйсік арқылы байланысуы эмоционалдық қарқынды басады. Егер бұл жұп кемелденген шақта кездессе, ортақ балалары бар жарасымды отбасына айналады.
Сарышаян және Таразы
Бұл белгілердің мінсіз жұп болатын мүмкіндігі жоқ. Жауапкершіліктің көп бөлігі Сарышаянға жүктеледі, ал ол екеуінің бірге болатынын немесе болмайтынын, арақатынастың қанша уақытқа дейін созылатынын шешеді. Таразыға бағынудан басқа амал жоқ. Бұлардың арасындағы күшті тартымдылық жұптың бірге болуына сеп болады, тек екеуінің бірі басқа адамға көз тікпесе болғаны.
Сарышаян мен Сарышаян
Екі көшбасшының жұп болуы қиындау. Олар бір-бірін алыстан сезеді және серігінің кемшіліктерін жақсы біледі. Қарым-қатынас сезімнен құрылған, сондықтан келіспеушіліктің басым тұсы жыныстық қатынас арқылы шешімін табады. Жұп үйленіп, ажырасқан жағдайда қайта қосыла алады.
Сарышаян және Мерген
Ерекше екі тұлғадан жарқын және күтпеген қарым-қатынасты күтуге болады. Олардың арасында сенім мен өзара түсіністікке негізделген іргесі берік неке және табысты іскерлік байланыс болуы мүмкін. Бұл жұптың шынайы сүйіспеншілікпен некелесуіне, балалы болып, әдемі қарттыққа бірге қадам басуына мүмкіндік мол.
Сарышаян және Тауешкі
Сарышаян қарым-қатынаста эмоционалдық жағынан көрінсе, Тауешкі сенімділік пен жайлылық орнатады. Жұпқа романтика жетіспеуі мүмкін, бірақ жыныстық қатынас қызықты болады, ал балаларға және үйге жасалатын қамқорлық қарым-қатынастың ұзаққа созылуына ықпал етеді.
Сарышаян және Суқұйғыш
Арманшыл және мейірімді Суқұйғыш Сарышаянды қызғанышқа батырады. Жақсы үйлесімділік күнделікті өмірде қайшылықтарға тап болады. Олардың бірге өткізетін өмірі жалықтырмайды, бірақ үнемі бір-біріне көнуге мәжбүр болады. Қарым-қатынасты сақтау үшін сынақтардан өтуге тура келеді.
Сарышаян және Балықтар
Олардың қарым-қатынасын мінсіз сәйкестік деуге болады. Сарышаян белсенді позицияда болса, Балықтар керісінге оған бағынады. Жұп бір-бірін сөзсіз түсініп, көп уақытын бірге өткізеді. Ерлі-зайыпты арасында нәзік және жарқын қатынас, адалдық пен құрмет болады. Ажырасу өте сирек кездеседі.
Сарышаянның жұлдыз-жорамалын зерттей келе оның құпиясы мен жұмбақ әлемі айқын әрі жақынырақ болады. Үйлесімділікті салыстыру арқылы су күшінің мықты және тартымды белгісімен қарым-қатынасты қалай бастауға, дамытуға және сақтауға болатынынын біліп алыңыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2011153-sarysayan-belginin-merzimi-sipattamasy-uilesimdiligi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.