Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әскери дайындыққа қолайлы: Наурызда ұйымдастырылатын ерекше ұлттық ойындар қандай

Опубликовано:

Теңге ілу ойыны
Теңге ілу ойынынан көрініс. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақ халқында 150-ге жуық ұлттық ойын түрі бар. Олар ойын-сауық, тұрмыс-салт, аңшылық өнер, және дене шынықтыруға қатысты ойындар болып бөлінеді. Ел жадынан ұмыт бола бастаған көне ойындар Наурыз мерекесінде қайта жаңғырады. Мақаламызда Ұлыстың ұлы күнінде ұйымдастырылатын ұлттық ойындар туралы тарқатып айтамыз.

Қазақ халқы ойынды тәрбие құралы деп санаған. Ойын баланың қиялына қанат бітіріп, ой-өрісінің жетілуіне, физикалық тұрғыда дамуына ықпал етеді. Ұлттық ойындарға тән топ болып, бірігу, дене қабілетін арттыру секілді ережелердің өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыруға әсері бар. Ал кез келген ойынның алдында үлкендерден бата алудың астарында мол тәлім жатқаны сөзсіз. Батагөй қариялар ойынға қатысатын жастарға ізгі тілектерін жаудырады. "Айлаңды асыр, бірақ адал ойна" деген тілектерден баланы жүйрік болумен қатар, адалдыққа баулу керек екенін көреміз.

Ұлттық ойындар туралы зерттеулер не дейді?

Зерттеуші-ғалым Бауыржан Досқараев "Историко-педагогические основы становление и развития системы физической культуры в Казахстане" деп аталатын докторлық диссертациясында "Халықтық ойындар мен спорт түрлері өзінің жан-жақты әсерімен ерекшеленеді, онымен әр түрлі жастағы адамдар айналыса алады. Түркі халықтарының ойындары әскери дайындыққа қолайлы болып келеді", - деп ұлттық ойындар түрлерін кеңінен насихаттауды қолға алу керегін жеткізді.

Көрнекті ғалым, географ, тарихшы А.И. Левшиннің қазақтар туралы "Описание киргиз-казачьи или киргиз-кайсацких орд и степей" деп аталатын еңбегінде қазақ балаларының жастайынан қимыл-әрекет дағдысына қарай қалыптасып еңбек ететінін, қазақтардың шыдамды, мықты болып өсетінін баяндайды. Мысалы мына ұлттық ойындардың денсаулыққа пайдасы өте зор:

  • ат жарыс;
  • теңге ілу;
  • қыз қуу;
  • балуан күресі.

"Халықтың үнемі мал бағумен, табиғатта, таза ауада тіршілік етуі олардың дене бітімінің зор, күшті болып өсуіне септігін тигізген. Сондықтан да олар ыстық пен суыққа төзімді, ұзақ жасап, бас ауруын білмейтін болған. Олардың көзі қырағы болып келеді. Алыстан көрінген малдың түсін айнытпай дәл ажыратады. Атқа мінуді қазақ балалары жастайынан үйренген. Олар үшін атқа шабу гимнастикалық жаттығудың бір түрі сияқты болып кеткен", - деп жазады географ.

Тарихшы Беймбет Ирмуханов ұлттық ойындардың дамуы қазақ халқының жүріп өткен тарихи жолымен тығыз байланысты екенін айтады. "Біздің тарихымыз қазіргі зерттеулер бойынша кемінде бес мың жылды қамтиды" - дейді ғалым.

Қазақтың бас ақыны хакім Абай халық ойындарының балаларға беретін тәрбиелік мәнін жоғары бағалаған.

Халықаралық спорт пен ұлттық ойындардың байланысы қандай?

Қазіргі спорт түрлерінің шығу төркіні ұлттық ойындардан бастау алады. Себебі көптеген халықтың ұлттық ойындары бірін-бірі толықтыру арқылы қазіргі спорт саласының бір бөлігіне айналды. Мысалы қазақ күресі, ат спорты, тоғызқұмалақ, саятшылық өнер халықаралық деңгейде өтетін спорт түрлеріне айналып үлгерді. Олимпиада жазғы және қысқы ойындардан тұрады. Оның бағдарламасына енген ойындардың дені қандай да бір халықтың көнеден келе жатқан ұлттық ойындарынан алынғанын аңдауға болады.

Қазақ жерінің Жібек жолы бойында орналасуы өзге ұлттармен мәдениет жағынан ғана емес, спорттық ойындар арқылы да байланыс орнатуға ықпал етті. Бұл біздің ұлттық ойындарымызға ұқсас ойындардың басқа халықтарда да пайда болуына жол ашты. Мысалы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, бурят, ауған секілді көптеген халық арасында мына ойындар бар:

  • көкпар тарту;
  • қыз қуу;
  • аударыспақ;
  • бәйге;
  • күрес;
  • садақ ату.
Шабандоздар сайысынан көрініс
Аттың құлағында ойнаған шабандоздар. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Наурыз мерекесінде қандай ұлттық ойындар ойналады?

Көкпар

Көкпар – қазақтың ғана  емес, күллі түркі жұртына ортақ ат спорты. Дәстүрлі көкпар ойынының пайда болуы көшпелі халықтардың өзін-өзі жаудан қорғау қажеттігінен туған.  Осы ойын арқылы бейбіт күндерде жігіттерді әскери машыққа баулып отырған. Көкпар ойнап дағдыланған ер адам соғыста жау шебінде жараланған жауынгерді көз ілеспес жылдамдықпен жерден көтеріп, алдына өңгеріп алып, құтқарып қалуға дайын болады.  Оған қоса көкпаршы жаумен жекпе-жекке шыққан жағдайда оны аттан жұлып түсіруге, ал жерге түскен қылыш, найза секілді қаруды шауып келіп іліп алуға бейім болады. Қазақтың ат үстіндегі ойындарының шығу тарихы жауынгерді батырлық пен ептілікке, шапшаңдыққа үйрету мақсатында пайда болған.

Тартысты көкпар ойыны
Тартысты көкпар ойынының өту барысы. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Алтыбақан

Алтыбақан күн жылынған сәтте даладағы кең алаңдарда құрылады. Алтыбақан тебетін адамдардың санына шек қойылмайды. Ол ауқымды мерекелерде, көңілді жиындарда жастарға арнап жасалады. Алтыбақанды құру үшін алты бақан, бір арқалық және үш мықты арқан қажет. Алтыбақанды бір шетінен үш-үштен түйістіріп байлайды, ал екінші жуан ұштарын жерге тірейді. Түйіскен төбелеріне көлденең бөрене тастайды. Ал түйіскен жерлерін арқанмен мықтап байлайды. Үш арқанның ұштарын біріктіріп көлденең арқалыққа екі жерден байлап тұзақ жасайды. Арқанның үстіне аяқ тірейтін тақтай салынады. Осылайша тақтай үш жерден арқанмен ілінеді. Биікте тербелген қыз-жігіттер ән шырқайды, ал басқалары кезектерін күтіп, алтыбақандағы жастармен бірге әнге қосылады.

Бастаңғы

Ауыл үлкендері жиын-тойға кеткен кезде ұйымдастырылатын қыз-келіншектердің бас қосуы бастаңғы деп аталады. Олар өздерімен-өздері қалған кезде емін-еркін сырласады, ойнап-күледі. Оған қоса ауылдың жас келіншектерін де шақырып алады. Бастаңғыға келген қыздар тәттілер мен құрт-майын үйінен ала келеді. Ал тағамды өздері әзірлейді. Бастаңғыда үлкен тәрбиелік мән жатыр. Себебі қыз балалар онда қонақты қалай күту керегін, табақты мүшелеп тартудың реттілігін көзбен көріп, жасап көреді. Бастаңғыда артық шу болмауы керек, өйткені ондай жағымсыз қылықтарды үлкен кісілердің біліп қоюы ұят болып саналған.

Асық ату

Асық ойнау үшін тегіс жер қажет және ортадан төрт бұрышты сызық сызылады. Бұл сызық ортасынан теңдей екіге бөлінеді. Әр бұрышының қашықтығы бір жарым метрге дейін жетеді. Мұны "көн" деп атайды. Асық ойнаушылар өзара келісіп, көннен 4-5 метр немесе одан да алыс жерде асық атуға арналған орынды сызып белгілейді. Осы жерден көндегі асықты дәлдеп ату керек. Ойынды кімнің бірінші бастайтыны сақа иіру арқылы анықталады. Сақасы алшысынан түскен ойыншы бірінші болып ату кезегіне ие болады.

Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көн сызығынан шығарса, сақасы түскен жерден қайта атуға кіріседі. Осылайша көннен шығарған асықтарын ала береді. Ал сақасы көндегі асыққа тимесе, асықты келесі ойыншы атады. Тігілген асықтарды бұза тұра көннен шығара алмаса, басқа ойыншылар сол күйінде атып, шығарып алуға тиіс. Бұл ойын көндегі асықтар біткенше ойналады. Ал асық біткен кезде қайтадан асық тігіліп, жаңа ойын басталады.

Асықтың қандай түрлері ба?

  • Кеней-кентай – асық ойнында ұпайға тігілетін асық;
  • Сақа – асықтың үлкені, ірісі, сақасы;
  • Ешкімер – ешкінің асығы;
  • Қойлық – қойдың асығы;
  • Құлжаз – құлжаның асығы;
  • Топай (сомпай) – сиырдың асығы;
  • Шүкейіт – киіктің асығы;
  • Пұш – тәйке түспесін деп, алшы жағы жонылған асық.

Асықтың қалай түскеніне байланысты да өз атаулары бар:

  • Алшы – асық тәйкесіне қарама-қарсы іші шұңқыр жағы;
  • Тәйке (тәйкі) – асықтың алшысына қарама-қарсы жағы;
  • Бүге (бүк) – асықтың шігесіне қарама-қарсы бүкірейген жағы;
  • Шіге (шік) – асықтың бүгесіне қарама-қарсы іші шұңқыр жағы;
  • Оңқа – асықтың аша жағының төмен қарап тік тұру қалпы;
  • Шоңқа – асықтың аша жағының жоғары қарап тік тұру қалпы;
  • Қынжы (жантай) – бүге де, шіге де емес, бір бүйіріне жантайған, қырымен тұрған қалпы.

Аударыспақ деген не?

Ерте заманнан бері келе жатқан қазақ салт аттыларының ер үстінен алып күшпен аударып түсіретін ұлттық ойындарының бірі аударыспақ деп аталады. Аударыспақтың жауынгерлерге көмегі зор болған. Осы ойын арқылы жаттыққан батырлар ел басына күн туғанда найзасы мен қылышын алып, дұшпанына тойтарыс бере білген. Қайратты, жылдам қимылдайтын, аттың құлағында ойнайтын жігіттердің білек күшін сынайтын мұндай жарыс әлі күнге дейін кең көлемде тойланатын мерекелерде ұйымдастырылып келеді.

Аударыспақта бақ сынаған жігіттер
Аударыспақта бақ сынаған нардай жігіттер. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақ күресі

Қазақ күресінің тамыры тереңде жатыр. Бұл – білек күші мен айланың сынға түсетін додасы. Боз кілемдегі жігіттер күш-қуаты мен жігеріне қоса шеберлігін көрсетіп, жауырынын жерге тигізбеуге тиіс. Қазақша күрес қазіргі күнге дейін сақталған әрі халықаралық деңгейдегі ең танымал ұлттық спорт түрі болып саналады.

Жамбы ату

Ертеде жамбы атудың бірнеше түрі болған. Оның ішінде ең көп тарағаны – көлемі тай тұяғындай болатын жамбыны ату. Жамбы ату сайысы көлемі 300 метрге дейінгі жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3-4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Мерген аттың үстінде шауып келе жатып жамбыны көздейді. Жамбы атудың айқабақ, мылтықпен ату немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату секілді басқа түрлері де болған. Ал бүгінгі күні ұйымдастырылатын жамбы ату додасы құзырлы мекемелер бекіткен ереже бойынша өтеді.

Қыз қуу

Жазық далада өтетін қызық ойындардың бірі – қыз қуу. Бұл ойынға қыздар мен жігіттер қатысады. Қатысушы қыз бен жігіттің арақашықтығы 15-20 метрдей болады. Белгі берілген кезде олар алға қарай шаба жөнеледі. Ойын шартына сәйкес жігіт қызды қуып жетуге тиіс. Қуып жеткен жігіттер қыздың бетінен сүюге мүмкіндік алады, ал жете алмай ұятқа қалған жігіттерді қыздың қамшысымен ұрады. Бұл ойында қыз да, жігіт те өздерінің бар өнерін, аттың үстінде жақсы шаба алатындарын көрсетуі қажет.

Ат үстіндегі қыз
Атпен шауып бара жатқан қыз. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ төрт бұрышты тақтада ойналады. Оның екі қатарында сопақша келген тоғыз ұясы және әрбір қатар үшін жасалған екі қазан болады. Олардың түсі екі бөлек. Әр ойыншыға сексен бір түйірден құмалақ беріледі. Олар ұяларға тоғыз түйірден орналастырылады. Ойын шарты бойынша тоғыз құмалақ ақ пен қараның кезектесіп отыратын жүрісінен тұрады. Ойынды бастайтын адам кез келген ұяшығында бір құмалақты қалдырып, оларды сағат тіліне қарсы бағыттан бастап ұяларға салып шығады. Соңғы құмалақ түскен қарсыластың тас саны жұп болса, онда ойыншы сол ұядағы құмалақты түгелдей өз қазанына аударып алады. Егер ойын үстінде ойыншылардың бірінің ұясында екі құмалақ қалса, ал қарсыласы оған соңғы тасын салып үлгерсе, ол үш тасты түгел алып, ұя ойын аяғына дейін "тұздыққа" айналады. Содан соң ол ұяға түскен тастар "тұздық" иесінің қазанына қарай ойысады. Қазанында сексен екі құмалақ жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.

Тоғызқұмалақ ойынының бейнесі мен ойнау ережесін қағаз бетіне түсірген этнограф Николай Пантусов өз еңбегінде мұның өте ескі ойынға жататынын және кім ойлап тапқаны белгісіз екенін жазған. Сонымен бірге тоғыз құмалақ қазақтың үш ордасының бәріне тегіс тараған деседі.

Тоғызқұмалақ ойыны бойынша өткен сайыс
Тоғызқұмалақ ойыны бойынша өткен сайыстан көрініс. Көрнекі сурет: ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Садақ ату

Жебені атуға арналған қол қаруын садақ деп атайды. Садақ ең көне қару түрі болып есептеледі. Ол ерте заманда аң аулау үшін, кейіннен соғыс қаруы ретінде қолданылды. Садақты тобылғы, үйеңкі секілді ағаш шыбықтарынан доға тәрізді иіп жасайды, екі ұшын қайыспен, жіппен тартып байлайды.

Бүгінгі күні садақ ату спорты бүкіл әлемде кеңінен тараған. Садақшы болу үшін физикалық мықты дайындық пен дәл көздеу әдістерін меңгеру талап етіледі. Садақ атумен кез келген жастағы адам айналыса алады. Садақ оғының ұшу бағытына байланысты үш жағынан қауіпсіздік алабы жасалуға тиіс. Садақ ату сайыстары әйелдер үшін 30, 50 және 70 метрлік, ерлер үшін 30, 50, 70 және 100 метрлік қашықтықта өтеді. Әрбір мерген нысанаға 72 дана жебе атады. Садақ атуды балалардың ойын түрі ретінде меңгергені жақсы, себебі есейе келе межені дәлдеп, алысқа атуды үйренеді.

Ұлттық ойындар тізімі мұнымен бітпейді. Мәселен Елемес Алимхановтың "Қазақтың ұлттық халық ойындары мен спортының теориялық және педагогикалық негіздері" атты монаграфиясында 326 ойын түрінің ережесі жазылған. Онда "Құсбегі", "Тоқым қағар", "Сақина салу", "Дүмпілдек", "Тең көтеру", "Асау мәстек" секілді бірнеше ойын туралы мәліметтер берілген.

Қазақтың ұлттық ойындары әдет-ғұрып, жас ерекшелігіне байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Ата-бабамыз ұлттық ойындар арқылы өскелең ұрпақты шымыр әрі төзімді болуға тәрбиелеген. Ұлттық ойындарымыздың тарихына үңіле келе бір ұлттың болмысы мен әдебін көруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2012622-nauryzda-uiymdastyrylatyn-erekse-ulttyq-oiyndar/

pixel